Menu
Жумат Шанин
Главная » Қазақстанның ұлы адамдар. Великие люди Казахстана. » Жумат Шанин
ШАНИН ЖҰМАТ ТҰРҒЫНБАЙҰЛЫ - ШАНИН ЖУМАТ ТУРГЫНБАЙУЛЫ ШАНИН ЖҰМАТ ТҰРҒЫНБАЙҰЛЫ (1892, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы -26.2.1938) - тұңғыш қазақ режиссері, драматург, ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушы, Қазақ ССР-нің халық әртісі (1931). Қарқаралыда, Павлодарда (1921-22), Зайсанда (1922) және Семейде (1923) қоғамдық жауапты орындарда қызмет етті. Саяси-әлеуметтік және қоғамдық істерге белсене қатысу оның ой-өрісін кеңейтіп, кейінгі режиссерлік әрі жазушылық қызметіне игі ықпал жасайды. 20-жылдары Семейде «Ес аймақ» труппасын басқарып, халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын» (1922) қойды. Сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакпьдердеАрқалық батырдың және Еркебұланның ролін орындады. Бұдан кейін ол Қазақ драма театрының директоры (1926) болумен қатар оның көркемдік жағын басқарды. Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастыруда, сондай-ақ, профессионалдық тұрғыда қалыптастырып, творчестволық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірді. 1926-32 жылдарда Қазақ драма театрында ұлттық (І.Жансүгіровтің «Кегі» мен «Түрксібі», Б.Ж.Майлиннің «Майданы»), классикалық туындыларды (А.С.Пушкиннің «Тас мейманы» мен «Сараң серісі», У.Шекспирдің «Гамлеті») қойды. 1927 жылы бір топ өнер шеберлерін бастап, Мәскеуде өткен этнографиялық концертке қатысады, 1932-33 жылдары Қырғыз драма театрының бас режиссері болды. 1934 жылы ашылған музыкалық театрды (қазіргі Қазақтың опера және балет театры) ұйымдастыруға қатысып, Қ.Жандарбековпен бірге Е.Г.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғынын» қойды. Осы музыкалық спектакльдер Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде жоғары бағаланды. 1936-37 жылдары Орал музыкалық драма театрын ұйымдастырумен бірге оған басшылық жасады. Ол бірқатар пьесалар («Торсықбай», «Айдарбек», «Үш бажа», «Жанды сурет», «Қара құлып», «Қозы - Баян» т.б.) жазып, драмалық жанрды дамытуда жемісті еңбек етті. Оның творчествосын М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов т.б. жоғары бағалады. 1972 жылы Шымкент облыстық драма театрына Ж.Т.Шаниннің есімі берілді.