Menu
Қазақстан монғол жаулаушылығы дәуірінде (XIII ғ.). Алтын Орда (1243 –XV ғ. ортасы).
Главная » Қазақстан тарихы » Қазақстан монғол жаулаушылығы дәуірінде (XIII ғ.). Алтын Орда (1243 –XV ғ. ортасы).

1. Моңғолдар мемлекетінің құрылуы. Шыңғыс-хан шапқыншылығы.

Мемлекеттің құрылуы. XIII ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан территориясы Шыңғыс-хан бастаған соғыс–құмар татар-монғол тайпаларының шапқыншылығына ұшырады. Бұл тайпалар Азияның ішкі шалғай аудандарының ұлан – байтақ жерін иеленген еді.

Моңғол тайпалары әлеуметтік–экономикалық дамудың түрлі сатысында болатын, «орман халқы» және көшпелі қыр халқы деп аталатындарға бөлініп өмір сүрді. «Орман» тайпалары негізінен аң аулаумен, қыр тайпалары көшпелі мал шаруашылығымен айналысты және бұлар сан жағынан басым болып, монғол қоғамының саяси өмірінде жетекші роль атқарды.

ХІІ–ХІІІ ғасырлардың межесінде монғол қоғамында феодалдық қатынастардың қалыптасу процессі жүріп жатты. Бұл қоғам екі топқа бөлінеді: нояндар және езгідегі араттарға бөлінді. ХІІІ ғасырдың басында татар - монғол тайпаларының басын біріктірген Монғол феодалдық мемлекеті құрылды. Бұл мемлекеттің негізін салушы Борджеген тайпасынан шыққан Темучин болды. Ол бір дерек бойынша 1162 жылы, екінші дерек бойынша 1155 жылы бай ноян Есугей – бағадұрдың отбасында дүниеге келген. Шешесі -Меркет қызы, руы қоңрат. Темучин ер жете келе көшпелілер үстінен билік жүргізуүшін, тайпалар арасындағы күрес жағдайынданегізгіқарсыластарыныңбарлығын женіп, 1203-1204 жылдары моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірді. Егер бұрын Моңғолиянымекендеген тайпалардың көпшілігі татар деген (ең қуатты тайпалардың бірі аты ) белгілі болса, енді мемлекеттің нығаюына байланысты моңғолия тайпалары өздерін моңғолдар деп атай бастады да, бұл термин жинақтаушы этникалық – саяси мәнге ие болды.

1206 жылдың көктемде Орхон өзенінің сағасында Темучинді жақтаушылардың–моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысыболып, онда ол Шыңғыс-хан деген атпен моңғолдардыңәміршісіболып салтанатты түрде жарияланды. Шыңғыс хан деген сөз моңғолша «көктен жаралған» деген ұғымды білдіреді. Сөйтіп, Орталық Азияда құдіретті күштіШыңғыс-хан империясы құрылды .

Шыңғыс-хан құрған мемлекеттіңнегізіне әскери тұрғыдан ұйымдастыру принципіалынды. Бүкіл территориясы мен халқы оңқанат (барунғар), сол қанат (зұңғар – жоңғар) және орталық (гол) атты үш әскери-әкімшілік округке бөлінді. Әрбір округ «түменге» (түмендер) бөлінді. Олардың әрқайсысы оң мың адамнан тұрды, «мыңдар» – он «жүзден», ал «жүздер», - «ондықтан» құралды. «Қасиетті аңызға» сәйкес, бүкіл Моңғолия Шыңғыс-ханның туыстарымен оны қолдаушылардың биілігіне таратылып берілген 95 «мыңға жіктелді». Бұдан басқа Шыңғыс-ханға 10 мың өзіне шын берілген таңдаулы жауынгерлерден тұратынкешігі (гвардиясы) қызмет етті. Оның көмегімен Шыңғыс-хан нояндар мен басқа феодалдарды өзіне тәуелді етіп ұстады.

Бар билікті өз қолына алған Шыңғыс-ханның алдынақойған басты мақсаты – ішкісаяси - әлеуметтік қайшылықтарды болдырмау. Ол үшін көрші жатқан халықтардың жерін басып алу, соғыс жолына түсу, үстем тап өкілдерінің мудделеріненшығу үшін, жаулап алған халықтардың байлығын тонау, оларды феодалдық кіріптарлыққа салу.

Шыңғыс - хан шапқыншылығы. Моңғолдардыңалғашқыжаулап алудың құрбаны болған Сібір жерлері. 1207 – 1208 жылдардың қысында Шыңғыс- ханның үлкен баласы ЖошыЕнисей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігінең басқа да «орман»халықтарын бағындырды. 1207 – 1209 жылдары Шыңғыс-хан бастаған моңғолдар танғұттық Си – Ся мемлекетін жойып, шапқыншылықпен басып алса, одан кейін ұйғырларды өздеріне тәуелді етті, ұйғырлардың басқарушысы идиқұт Баршық өзін Шыңғыс-ханның вассалы деп таныды. 1215 жылы олар сол кезде Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) басып алды. 1227 жылдың қарсыңында Қытай империясы Хуанхэ өзенінің солтүстік жағындағы бүкілиелігіненіс жүзінде айырылды.

2. Моңғолдардың Қазақстан территориясын жаулап алуы . Ұлыстардың құрылуы.

Шынғыс-хан қолының негізгі жорықтарының бірі Қазақстан мен Орта Азия жеріне жасаған жорығы болды, бұл жорық оларға Шығыс Европа мен алдыңғы Азияға жол ашты. Шыңғыс-хан Қазақстан мен Орта Азияға жасаған жорығына зор мән беріп, оған ұзақ әрі мұқият әзірленді.

1211 жылы Жетісуда Шыңғыс-ханның қолбасшыларының бірі Құбылай бастаған отрядтары пайда болды. Қарлұқ әміршісі Арслан-хан, орталығы Алмалықта болған тәуелсіз иелік құрған Бұзар-хан да өзін Шыңғыс-ханның вассалдарымыз деп таныды.

Моңғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта басталды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлікті талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.

Жетісуді Шыңғыс-хан аса көп қарсылықсыз – ақ басып алды. Моңғолдарға қарсы тұруға жарамай қашып кеткен Күшлік-ханның жігерсіздігіне, оның діни құдалауларына, салықпен зар илеткен зорлық – зомбылығына ыза болған найманның феодалдары Шыңғыс-ханға мойынұсынатынын білдіріп, өз әскерлерімен оның қызметіне кірді, ал Күшілікті моңғолдар Бадахшанда Шығыс түркістандағы Сарыкөлде қуып жетіп, басы алынды.

Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Қазақстанға басып кіруге «Отырар опаты» деп аталатын жағдай себеп болды.

1218 жылы Шыңғыс-хан Орта Азияға Омар -Қожа Отрари, Жамал Марағи және басқа саудагерлер басқарған сауда көруенін жіберді, 450 адамы бар 500 түйелік сауда керуені 1218 жылы жаз айында Отырар қаласына келіп жетеді. Отырар әміршісі Ғайыр-хан Иналшық саудагерлерді жансыз тыңшылар деп күдіктеніп, оларды қырып тастауға бұйырып, керуенді тонап алды. Шыңғыс-хан Ғайыр-ханды қолыма бер деп талап етті, бірақ Хорезмшах II Мухаммед бұл талапты орындамағаны былай тұрсын, сонымен бірге Шыңғыс-хан жіберген жазықсыз елшілерді өлтіруге әмір етеді. Осының өзі Шыңғыс-ханның Хорезмге қарсы соғыс ашуына себеп болды, алайда бұл соғыстың себептері оның бүкіл жаулап алу соғыстарының негізіне алған себептер болатын.

1219 жылы қыркүйекте 150 мыңға жуық Шыңғыс-ханның қалың қолы Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды. Шағатай мен Үгідей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскерлер Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады. Үшінші бөлік Сырдарияныңжоғарғы ағысындағы қалалар мен қыстақ – кенттерді алуға, ал Шыңғыс-хан өзі кіші баласы Төлей мен Бұхараға қарай бет ады.

Отырар қаласы алты ай бойы берілмей қарсыласады. Тек Хорезмшах II Мұхаммед көмекке жіберген Қараджа – Хаджибтің Суфи хан қақпасын ашып шығып, өз отрядымен моңғолдарға берілгенде ғана моңғолдар осы қақпа арқылы қалаға лап қойды. Қараджа – Хаджиб өлтірілді. Алайда, моңғолдарға қаланы алу үшін тағы бір ай уақыт керек болды. Қамалды қорғаушылар тегіс қырылғаннан кейін барып, қала 1220 жылы ақпанда алынды. Ғайыр-хан қолға түсіп, Шыңғыс-ханның алдында әкелген жерде қатал жазаланып өлтірілді.

Сөйтіп, Отырар қамалын жермен – жексен етіп, Шағатай мен Үгідей бастаған моңғол отрядтары Шыңғыс-ханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғыс-хан Бұқара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын.

Сырдария бойындағы басқа қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Соның бірі Сығанақ қаласы еді. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіріесіп қарсыласты. Брақ көп ұзамай Сығанақ жеңілді. Моңғолдар қаланы талап, халқын аяусыз қырды. Сол сияқты қарсылық көрсеткен Үзкент, Баршынкент қалалары алынып, қарсылық көрсеткен Ашнас қаласының турғыңдары да қырғыңға үшырайды. 1219-1220 жылдар арасында бүкіл Сырдарияның бойындағы қалалар мен қыстақ кенттер моңғолдардың қол астына түседі.

Сыр бойындағы қалалардың қарсылығын жеңгеннен кейін Шыңғыс-ханның әскерлері Орта Азияның ішіне баса көктем еніп, 1219 жылдан 1221 жылға дейін моңғолдар бүкіл Орта Азияға ойран салып өтті. Хорезмшах II Мухаммед Иранға қашып, кейін Атырау теңізі аралдарының бірінде өлді. 1220-1221 жылдардағы қысқа жорықтардың нәтижесінде моңғолдар Хорезм жерін тегіс жаулап, Орта Азиядағы соғыс қимылдарын аяқтады. 1221 жылдың көктемінен бастап соғыс Хорасан, Ауғанистан және Солтүстік Индия мемлекеттерінің жеріне ауысты.

Моңғол қолбасшылары Жебе мен Субедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Иранды басып өтіп, 1220 жылы Кавказға кірді. Олар алаңдарды, половцыларды және Қалқа өзінінде орналасқан орыстарды (1223 жылы) тас-талқан етіп жеңді. Моңғолдар орыс жерінің оңтүстік аймағын ойрандап, қазақ даласы арқылы 1224 жылы Шыңғыс-ханның Ертістегі ордасына қайта оралды. 1225 жылы Шыңғыс-хан Моңғолияға қайтып келді.

Сонымен, 1219 – 1224 жылдардағы моңғолдар шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс-хан империясының құрамына кірді. Ұлыстардың құрылуы.

Ұлан – ғайыр көп жерлерді жаулап алған Шыңғыс-хан өз көзінің тірісінде осы жерлерді төрт ұлына енші етіп үлестірді. Шыңғыс-ханның үлкен Ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары батысқа қарай «моңғол атының» тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар, Оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейнгі жерлер берілді. Амударияның төменгі жағындағы аймақтар мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталады. Шыңғыс-ханның екінші ұлына Шағатай, Қашқария, Жетісу, Мауараннахр тиді. Үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы Төлей әкесінің қара шаңырағы Моңғолияны мұраға алды. Сонымен бірге моңғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын алды, ал қалғаны үш баласының әрқайсысына 4 мың адамнан бөлініп берілді. Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы (Монголиядағы) ұлы хан Шыңғыс-ханға бағынатын болды.

Жошының ордасы Ертіс алқабында, Шағатайдың ордасы Іле алқабында болды. Үгедейдің ордасы қазіргі Шәуешек қаласының маңында орналасты.

Сонымен, Қазақстанның барлық жері моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен ( далалық ) бөлігі – Жошы ұлысының, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан Шағатай ұлысының, Жетісудың Солтүстік Шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді.

3. Батыйдың (Бату) Европаға шабуылы . Алтын Орда.

Батыйдың жорығы. 1227 жылы 25 тамызда Тангуттарға қарсы 2-ші рет жасаған жорық кезінде ауырып Шыңғыс-хан қайтыс болды. Қайтыс болғаннан кейін балалары мен немерелері соғыс жорықтарын жүргізе берді.

1225 жылы Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еворпаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерлерін Шыңғыс-ханның мұрагер немересі Жошының баласы Батый (Бату) басқаратын болды. Батый атасы Шыңғыс-хан сияқты өте қатал және қанқұмар жаулап алушы еді.

Батыйдың самсаған әскері 1236 жылы Кама өзені бойындағы Булгарияны, Мардваларды талқандап, 1237 – 1240 жылдары орыс жеріне келді. Орыс халқы моңғол басқыншыларына ерлікпен қарсылық көрсетті. Рязань, Москва, Владимир түбінде монгол әскерлерімен кескілескен ұрыстар болды. Орыстың шағын ғана қаласы Козельск тұрғындары жеті апта бойы монгодарға жан аямай қарсылық көрсетті. Бірақ сан жағынан әлдеқайда көп монгодар қаланы басып алып, оны жермен жексен етті.

1239 жылдың басында моңғол әскерлері Еділ өзенінің ту сыртынан Руське қарсы екінші жорыққа аттанды. Қызу ұрыстар жүргізе отырып моңғолдар Переяславль қаласын, одан кейін Чернигов жеріндегі Глух қаласын алды. 1239 жылғы қазан айында олар Чернигов қаласын қоршауға алып, оны өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Батый әскерлері Киевті қоршады. Киев халқы ұзақ уақыт қаланың сыртында, тіпті моңғолдар қала ішке басып кіргеннен кейін де қарсылығын тоқтатпады. Олар түгелімен дерлік қырғынға ұшырады. Аса бай мәдениет ескерткіштері бар ертеден келе жатқан орыс қаласы тағылықпен талқандалды.

Онан соң, моңғол армиясы батыс Европаға үздіксіз ілгерілеп, Польшаны, Германияны, Австрианы, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, т. б. ойрандап, Еділ бойына қайта оралды. Жеті жылдық жорық (1236 – 1242 жж.) нәтижесінде батыста Днестрге, шығыста Ертіске, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейінгі жерлер Батыйдың қоластына кірді. Батый иеліктерінің құрамында Оңтүстік шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төмен жағындағы жерлер енді. Орыс княздіктері де (Русь) Батыйға тәуелді бодан (вассал) болды. Орыс княздары Алтын ордаға кіріптар екенін мойындап, оның хандарының қолынан « кіняздік құруға жарлық» алады. Алым – салық төлейді, бірақ толық болмаса да дербестігін сақтап қалады.

Алтын Орда (1236 – 1242 жж.).
Жеті жылдық жорықтан орналған кейін Батый орталығы төменгі Еділде орналасқан 1242 жылы (1243 ж.) тарихи әдебиетте Алтын Орда деген атқа ие болған зор мемлекет құрды. Алтын Орданың астанасы Сарай – Бату (қазіргі Астрахань маңында) болды, кейінірек астанасы Сарай – Беркеге көшірілді.

«Алтын Орда» ұғымы біртекті емес бір жағдайда Алтын Орда деп Батый мен оның Мирасқоры Беркенің жеке иелігіндегі жерлерді, яғни Еділ бойы мен Солтүстік Кавказды айтқан, ал енді бір орайда түгелдей Жошы ұлысы айтылады.

Батый (1227 – 1255-56 жж.) зор беделге ие болды және моңғол империясын өзінің қолдауымен таққа отырған ұлы хан Мөңкемен (1251-1259 жж.) бірге биледі. Алайда Батый да, оның мирасқорлары да Алтын Орданың тағында біртұтас мемлекетті басқарушылар болмады. Жошы ұлысы үлестерге оның көптеген ұлдарына ыдырады.

Батый хан Шығыс Европаға жасаған жеті жылдық (1236-1242 жж.) жорығынан кейін Арал теңізінің Шығыс Солтүстігі жағындағы жерлерді ағасы Орда – Еженге берді. Бұл Ақ Орда деп аталды. Арал теңізінің солтүстігіндегі жерлерді інісі Шайбанға берді, ол Көк Орда деп аталды. Шайбанға қарасты төрт ру ел: қосшы, найман, бұйрат, қарлық тайпалары еді («Әл-Омари «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы», 1т., 235 бет.)

Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, т.б. тайпалар мекендеді. Дешті – Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойында қоңыс аударған моңғолдар аз болған жоқ. Олар жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кетті.

Алтын Орда өзін билеген хандары: Батый 1242 – 1256 (1259) жж., Берке 1257-1266 жж., Мөңке-Темір 1266-1280 жж., Туда Мөңке 1280-1287 жж., Төле Бұқа 1287-1291 жж., Тоқты 1291-1312 жж., Өзбек 1312-1342 жж., Жәнібек 1342-1357 жж. тұсында қуатты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. Егер Жошы мен Батый моңғолдарға ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастаған Алтын Орда хандары өздерін тәуелсіз деп есептеді.

Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды.

Алтын Орда хандығы феодалдық мемлекет болды, ол берік мемлекеттік бірлестік болмады. Оның халқы ала-құла, әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әркелкі, экономикалық негізі әлсіз еді. Феодалдық қатынастар дамыған сайын ішкі –сыртқы қатынастар асқына түсті. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан өлгеннен соң, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасында хан тағына таласқан феодалдық қырқыс өріс алып, бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін мүлдем әлсіретті. Оның үстіне Алтын Орда үстемдігі астында езілген қалың бұқара мен тәуелді халықтардың азаттық күресі етек алады.

1380 жылы Куликов даласындағы зор шайқаста Алтын Орданың Мамай бастаған қалың қолын орыс князьдерінің жеңуі Алтын Орданың құлауын тездетті.

XIV ғ. аяқ шенінде, яғни 1391 – 1395 жылдары Ақсақ Темір Алтын Ордаға бас көтертпестей етіп екі рет күйрете соққы берді. Осыдан соң ол бірте – бірте ыдырай бастады. XV ғасырдың басында Тоқтамыс хан мен Едіге бидің өзара таласы Алтын Орданы одан әрі қажытты. XV ғ бірінші жартысында онан бұлғарлар, казан (1445 жылы) мен Қырым (1449 жылы) бөлініп шықты. XV ғ ортасына қарай Астрахань, Сібір хандықтары, Ноғай Ордасы құрылды. 1480 жылы орыс князьдіктері моңғолдардан толық тәуелсіздік алды.

Қорытып айтқанда, езілген халықтардың моңғолдарға қарсы үздіксіз күресі, Алтын Ордаға қараған елдердің ішкі экономикалық байланысының болмауы, олардың арасындағы қайшылықтар мен феодалдық тартыстар, хан тағына таласқан күрестер, сыртқы соғыстар салдарынан, Алтын Орда мемлекеті бірте–бірте ыдырап, ақырында құлады.

4. Моңғолдар жаулап алуының зардаптары.

Шыңғыс-хан әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ең ауыр апат болды, ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси әлеуметтік, этникалық дамуын ұзақ уақыт тоқыратты. Орасан зор регионның экономикасы құлдырап кетті.

Моңғолдардың жаулап алуы салдарынан өндіргіш күштер талқандалып, адамдар жаппай қырылды, өркендеп тұрған қалалар жер бетінен ғайып болып, материалдық және мәдени қазыналар жойылып кетті, ондаған мың тамаша шеберлер мен қолөнершілер құлдыққа айналды. Жаулап алған елдерде індеттер таралып, жаппай жоқшылық басталды. Араб тарихшысы Ибн әл – Асыр моңғолдардың жаулап алуы туралы «бұл күн мен түн болып көрмеген, жаратылғанның бәрін жайлаған Орасан кесапат болды... жылнамаларда бұл секілді апаттың болғаны айтылмаған,» - деп жазды.

Қалалардың қирауы. Жергілікті халықтың қарсыласуын басу үшін Шыңғыс - хан жаппай қырып жою және күштеу, тұтас бір қалалардан түк қалдырмау тәсілдерін қолданды. Шыңғыс-ханның Орта Азияға баратын жолында жатқан Оңтүстік Қазақстанның Сырдария бойындағы қалалары мен қоңыстары бұл тәсілдің алғашқы құрбандары болды. Моңғол әскерлері отпен өртеп, қылышпен қырып өзіне жол ашып отырды. Араб және парсы деректемелері түрлі елдердің халқын моңғолдар түгелдей дерлік қырып тастаған 30-ға тарта қалаларының атын келтіреді. Мәселен, моңғолдарға дейінгі уақытта 200-ге тарта елді мекен қалалар болса, XIII-XIV ғғ., 20-ға жуық қана қала қалған. Тіпті жуас қала атанған Баласағұнның өзі түп орнымен жоқ болып кеткен. Оны Мұхаммед хандардың мына сөзінен де көруге болады: «Баласағұнның өзі тұрмақ, оның орны қайда екені белгісіз». Оның ішінде оңтүстік Қазақстаннан Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент, Ашнас сияқты ірі қалалар қиратылып құрып кетті.

Жетісуда шаруашылықтың құлдырауы. Моңғол феодалдарының үстемдігі орнағаннан кейін туған ауыр зардаптарының әсері ешбір ұрыссыз – ақ басып алынған Жетісу жерлеріне күшті тиді. Бірақ, жазба деректемелер мен археологиялық мәліметтер Жетісудағы қала мен отырықшы – егіншілік егісінің едәуір бүлінгенін, егістік үшін игерілген жерлердің өлкеде моңғол үстемдігі орнығаннан кейін алғашқы ондаған жылдарда – ақ жайылымға айналдырғанын дәлелдейді.

Француз королі IX Людовиктің моңғол ханы Мөңкеге жіберген елшісі Рубрук моңғол шапқыншылығынан кейін 30 жылдан астам уақыт өткен соң, 1253-1255 жылдары Қазақстан территориясы арқылы өтіп бара жатып, егіншілік егісінің бұзылғандығы туралы, Жетісу қалаларының, оның ішінде Іле аңғарындағы қалалардың ғайып болғандығы туралы алғашқылардың бірі болып дәлелдемелер қалдырып кеткен.

Ұлыстар құрылғаннан кейін Жетісуға моңғол көшпелілердің қалың топтарының келіп қоңыстануы салдарынан егіс танаптары, өңделетін жерлер күрт азайып, экономиканың көшпелі мал шаруашылығы секторы отырықшылық сектор есебінен күшейе түсті.

Елді мекендерді қирату, егістікті малға таптату, бау – бақшаны, ирригациялық жүйелерді жойып жіберу, отырықшы – егіншілікпен шұғылданатын халықтың қырылып, босып кетуі, оның көрші қалалармен және егіншілікпен шұғылданатын өлкелермен, соның ішінде, Оңтүстік Қазақстанмен экономикалық байланысының күрт азаюы – осының барлығы Жетісудағы шаруашылықтың құлдырауына және қалалардың өмір сүруінің экономикалық негізінің әлсеруіне әкеп соқты.

Тоқырау мен материалдық жағынан ғана әсерін тигізіп қоймай, Қазақстан жеріндегі халықтардың қоғамдық жағынан рухани мәдениетінің дамуына үлкен кесел келтірді. Өйткені моңғол қоғамының даму деңгейі Қазақстандағы дамудың деңгейінен әлдеқайда төмен еді. Әскер күшіне сүйенген, жаулаушылыққа сай құрылған көшпелі әскери феодолизмнің шапқыншылығы Қазақстан жеріндегі әлеуметтік – экономикалық формацияның дамуына тәжеу жасады. Әсіресе, жаңадан халық болып қалыптасып келе жатқан халықтың құрамының шырқын бұзып, қазақ мемлекеттігінің пайда болу процесін екі ғасырға кешеуілдетті. Бұл шапқыншылық Қазақстан жеріне алым – салықтың ауыр зардабын, қайғы – қасіреттің, золық – зомбылықтың күшін орнатты.

Қорытып айтқанда, Шыңғыс – хан бастаған моңғол басқынщылығы жаулап алынған елдер үшін өзінің кеселді зардабы жағынан ең ауыр апат болды. Ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік, этникалық дамуын ұзақ уақыт тоқыратты.

Тақырып бойынша сұрақтар:

1. Шыңғыс-хан мемлекеті қашан құрылды және оның негізін қалаушы кім?
2. Моңғолдардың Қазақстанды басып алуына қандай оқиға сылтау болды?
3. Алтын Орда қай жылы, қай жерде қалыптасты?
4. Алтын Орда хандары Европа елдерімен түрлі сауда байланыстарының ашылуына неге қолдау көрсетті?
5. Алтын Орда саясатын тек басқыншылық соғыстармен теңестіруге болама?
6. Шыңғыс хан империясы ұлыстарында қандай мемлекеттік құрылымы болды?
7. Алтын Орданың әлсіреуі заңды процесс болды ма?
8. Алтын Орда құлағаннан кейін Қазақстан тарихы үшін оның маңызы қандай болды?
9. «Көшпелі өзбектер мемлекеті» құлағаннан кейін Қазақстан аумағында қандай мемлекеттер пайда болды?