Menu
XX ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік экономикалық және саяси жағдайы.
Главная » Қазақстан тарихы » XX ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік экономикалық және саяси жағдайы.

1. XX ғ.басындағы өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Столыпиннің аграрлық реформасы.

Әлеуметтік-жағдай

XX ғасыр басында қазақ өлкесі 6 облыстан тұрды:

Түркістан генерал-губернаторлығы
(Орталығы – Ташкент)
Сырдария облысы
Жетісу облысы

Дала генерал-губернаторлығы
(Орталығы - Омбы)
Ақмола облысы
Семей облысы
Орал облысы
Төрғай облысы

1897 жылы өлкеде халықтың саны 4147,8 мың адам, оның ішінде қазақтар 3354 мың, 1915 жылы 4205,2 мың, ал 1917 жылы- 3615,1 мың адам болды. Сонымен, осы жылдар ішінде қазақтар саны небәрі 231 мың адамға, яғни 6,8 пайызға өскен. Қорытындысында өлке халқының құрамындағы қазақтардың үлес салмағы 1897 жылғы 81,7 пайыздан 1917 жылғы 59,8 пайызға дейін кеміп кетті. Қазақтар арасындағы демографиялық жағдайдың нашарлауы, бірінші кезекте оның табиғи өсуінің төмен болуымен түсіндіріледі.

Қазақ халқы табиғи өсімінің төмен деңгейіне көшпелі тұрмыс салтының ауыр жағдайы, эпидемиялық аурулардың кең таралуы және медициналық қызмет көрсетудің болмауы себепті оның қатарындағы, әсіресе балалар арасында өлім-жітімнің жоғары болуы себеп болды. Қазақтардың 1916 жылғы көтерілісінің зардаптары да ерекше келеңсіз роль атқарды. Көтерілісті патшаның жазалау отрядтары басып, жаныштап сол кезде осы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушылар ғана емес, сонымен қатар бейбіт тұрғындар да мыңдап қаза тапқан еді. Қазақтардың едәуір бөлігі империя шегінен Қытайға, Туркияға және басқа елдерге үдере көшіп кетті. 1916 жылы Жетісу облысынан ғана шетелге 150 мыңға жуық қазақ көшіп кетті.

Қазақстанның байырғы халқының үлес салмағының азаюына ғасырдың басында орыстардың, уркраиндардың және басқа да ұлт өкілдерінің империяның ішкі аймақтарынан қоныс аудару ағымының ерекше көп өскен көші-қон үрдісі де қатты әсер етті.

Халық өсімі Столыпиннің аграрлық реформасынан кейін қоныс аударушылардың жаппай келуінен арта тусті. XX ғ. басында Қазақ өлкесінде құрылған «Қоныстандыру қоры» қазақтардың жерін тартып алып, қоныстанушыларға берумен айналысты. Қаладағы ірі әлеуметтік топ-сауда буржуазиясы (20,3%), одан кейін жұмысшылар мен қызметкерлер (33,1%).

XIX ғ. соңы - XX ғ. басында өлкеде 19 жаңа қала болды. Ақмола облысындағы ұсақ қалалар саны – 20. 1897 жылғы тұңғыш халық санағы бойынша: Оралда -36446, Верныйда –22744, Семейде – 20216, Қостанайда – 14175 адам тұрған.

Қала халқының көбеюі жолдары:
1.Қоныстанушылардың көптеп келуі.
2.Жатақтар санының артуы.
3.Ішкі демографиялық өсім.
4.Сауда қатынасының дамуы.

Құрамына қарай қала халқы қанаушы әкімдерге, дворяндар, офицерлер, саудагерлер және оларға сыбайлас қазақтардың дәулетті бөлігі және жәй еңбекшілерге (мещандар, шаруалар, жұмысшылар) бөлінді.

Қоныс аудару. Столыпиннің аграрлық реформасы.

1905-1907 жылдардағы революция патша үкіметі жалпы алғанда аграрлық мәселедегі және соның ішінде қоныс аудару мәселесіндегі тактикасын өзгертуге мәжбур етті. Патша үкіметі ауыл шаруашылығын елдің капиталистік жолмен дамуына бейімдеу бағытын ұстап, қала мен село буржуазиясынан тірек іздей бастады. Муның өзі 1906 жылғы 9 қарашадағы указбен және 1910 жылғы 14 маусымдағы заңмен бекітілген Столыпиннің аграрлық саясатынан айқын көрініс тапты. Шаруалардың селолық қауымнан шығуына, өзінің үлесті жерінің қожасы болуына және хутор немесе отруб құруына құқық берілді. Бұл заң әсіресе жағдайы нашар шаруалардан арзан бағамен жер сатып алушы ауқатты шаруалар, кулактар үшін өте пайдалы болды.

1907 жылғы 1 қантардан бастап үлесті жер үшін сатып алу төлемдерінінің күші жойылды, оларды шаруалар қауымнан шыққан кезде төлеуге тиіс еді. Осы арқылы шаруалардың бұрынғы қоныстанған жерлерінен еркін кетуі үшін ең басты шектеу алып тасталды. Жарлық «ортақ үлестегі учаскелерде жеке иелікке көшетін жекелеген үй иелерінің меншігін нығайтып, қауымнан еркін шығу құқығын» жариялады. Сөйтіп, Столыпиндік аграрлық реформа қауым мүшелері – шаруаларды азат етті және олардың көшіп-қонуына еркіндік берді: жерді пайдалану құқығын беріп, қоныс аударушылардың жаңа орында сәтсіздікке ұшыраған жағдайда туған жерінде қайтып оралу мүмкіндігін шектеді.

Столыпиннің аграрлық саясатының нәтижелерінің бірі шаруалардың шет аймақтарға, атап айтқанда Қазақстанға жаппай көшуі болды. Егер 1893 жылы мен 1905 жыл аралығында, яғни 12 жылда Россиядан қоныс аударғандар үшін қазақтардан 4,074170 десятина жер алынса, одан кейінгі жеті жылда (1906-1912 жж.) 17 миллионнан астам десятина жер тартып алынды. Қоныс аударудың басыбайлылық әдісі шаруаларды қатты күйзеліске ұшыратты. 1917 жылға дейін Қазақстанның 45 миллион десятина жеріне ие болған көшіп келгендердің саны 1,5 миллионға жетті. Өлке халқынаң үштен бірі Россияның орталық аудандарынан, Еділ бойынан, Украинадан келгендердің басым көпшілігі орыстар мен украиндар болды.

Сөйтіп, патша өкіметінің қоныс аудару саясаты Қазақстанда жер мәселесінде қайшылақтердың шиеленісуіне, еңбекші қазақ бұқарасының жерсіз қалып күйзелуіне әкеп соқты. Қоныс аудару нәтижесінде жергілікті қазақ халқының Қазақстандағы үлесі айтарлықтай кемеді.

Облыстардағы қазақстардың улесі:
Ақмола облысы – 36,6%
Семей облысы - 73%
Жетісу облысы – 60,5%
Сырдария облысы – 63,3%
Төрғай облысы – 58,7%
Орал облысы – 56,9%



Бұл көрсеткіштер облыстардағы қазақ халқының кеміп бастағанын дәлелдейді.

Өнеркәсіптің дамуы. Темір жол.

XX ғасырдың басында патшалық Россия Қазақстанның тау-кен байлықтарын пайдалануға айрықша назар аударды. Олар мұнда тау-кен өнеркәсібін және ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу жөніндегі кәсіпорындарды дамытуға күш салды. Алтын, күміс, түсті металл, көмір өндіретін кәсіпорындар көбейді. Осы тұста мұнай өнеркәсібі де пайда болды. (Орал – Жем мұнай ауданы).

Тау-кен өнеркәсібі негізінен Орталық және Шығыс Қазақстанда дамыды.

Темір жол.

1893-1895 жылдар аралығында Сібір теміржолы салынды. Бұл темір жолдың 178 шақырымы Қазақстан жерінде төселді.

1893-1897 жылдар аралығында Орал-Рязань темір жолы салынды. Оның 194 шақырымы Қазақстан жерінде төселді.

1906 жылы ұзындығы 1656 шақырым болатын Орынбор-Ташкент темір жолы іске қосылды. Бұл жолдардың Қазақстанды Россияның дамыған экономикалық аудардарымен байланыстыруда маңызы зор болды.

Өндіріс орындары және жұмысшылар.

1902 жылы Қазақстандағы өндіріс орындарының саны 8887-ге, ондағы жұмысшылар саны 25393-ге жетті.

XX ғасырдың басында Қазақстан жеріндегі ең ірі өнеркәсіп орындары: Қарағанды көмір шахтасы, Успен кеніші, Спасск мыс заводы, Риддер металлургия комбинаты. Осы өнеркәсіп орындарының әрқайсысында 300-400 жұмысшы болды. Ал Орынбор-Ташкент темір жол құрылысында 30000-ға жуық адам еңбек етті.

Жұмысшылардың, әсересе жергілікті қазақ жұмысшылардың жағдайы өте ауыр болды. Жұмыс күні 14-16 сағатқа созылды. Жұмысшылардың еңбек ету жағдайы да өте-мөте ауыр еді, еңбек құралдары сүймен, қайла және күрек болатын. Апатты өқиғалар жиі болып тұрды.

Қазақстанда жұмысшылардың бас көтерулері Россиядағы революциялық процестің құрамдас бөлігі ретінде 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың бірінші жартасында кеңінен өрістеді. Өлкеде жұмысшы қозғалысының дамуына Россияның орталық губерниялары мен Сібірден келген орыс жұмысшылары мен жер аударылған саяси қылмыскерлер елеулі ықпал жасады. Олар өндірістегі қазақтарға өздерінің күрес тәжірибелерін үйретіп, жұмыс қозғалысына сапалылық пен ұйымшылдық элементтерін енгізіді.

XX ғасыр басында ұлттық аймақтарда отаршылдық езгі күшейді, елдегі таптық және ұлттық қайшылықтар шиеленісе түсті. Патша өкіметі бір халықты екінші халыққа айдап салып, кескілестіріп отырды, ұлт мәдениетін тұншықтарды.

Осының бәрі Қазақстанда да әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістіріп, тап күресін өрістетуге әкілді.

2. XX ғасырдың басында Қазақстандағы саяси өмірдің жандануы.

XX ғасыр басындағы саяси ахуал.

Қазақстанда марксизмнің тарауы Орталық Россиядан көп кейін басталды. Оған өлкеде әлеуметтік-экономикалық қатынастың әліздігі және жұмысшы табының аздығы себеп болды. Қазақ өлкесінде Атбасарда, Көкшетау, Павлодарда алғашқы марксизм идеясын таратушы Петербург қаласындағы Благоевтар тобынан келген В.Г. Харитонов, Қарқаралы мен Семейде социал-демократ И.С. Домашевич, Верныйда А.С. Кочаровская т.б.болды.

Петропавл қаласында 1902 жылдың аяғында ұйымдастырылған тұнғыш маркстік үйірме негізінен жер аударылғандардан құрылды. 1903 жылы осындай үйірме Петропавл темір жолында, 1902 жылы Орынбор қаласында құрылды. 1903 жылы 1 мамырда Орал қаласындағы саяси үйірме мүшелері ереуіл ұйымдастырды.

Бірінші орыс революциясы кезінде (1905-1907 жж.) патшалық тәртіпке қарсы күреске ұлттық аймақтардың езілген халықтары да көтерілді. Отарлық ұлт аудандарының «ұйқыдан оянуына» негіз болған оқиға – 1905 жылғы «Қанды жексенбі» (9 қантардағы Петербургтегі оқиға).

1905 жылы ақпанда Түркістанда, Перовскіде, Жосалыда, Шалқарда, Петербургтегі қарусыз жұмысшыларды атқылауға наразылық білдерген алғашқы қарсылықтар болып өтті. 1905 жылы 1 мамырда Верныйда, Перовскіде, Қостанайда еңбекшілердің бірлігін қуаттайтын ереуілдер өткізілді. Қарқаралыдағы қарсылық жиынына М. Дулатұлы белсене қатысты.

Қазақ еңбекшілердің саяси қөзқарасының өсуіне Бүкілроссиялық қазан саяси ереуілі ерекше әсер етті. Бұл ереуілдің әсерімен Қазақстан қалаларында – Шалқарда, Қостанайда, Верныйда, Оралда т.б. жерлерде ұйымдасқан ереуілдер мен бой көрсетулер социал-демократия ұйымдардың басқарумен «Патша билігі жойысың?», «Бостандық жасасын» деген ұрандармен өтті. Осы жылдары Перовскіде, Қостанайда, Оралда, Успен кенішінде стачкалық комитетттер құрылды.

17 қазандағы 1905 жылғы патша манифесінің («Мемлекеттік тәртіпті дурыстау туралы») халықты алдау екенін «Алаш» қозғалысы өкілдері әшкерелеп, сынады. 1905 жылы 18-19 қазанда Орынборда өткен демонстрация « Демократиялық республика жасасын», «Самодержавие жойылсын» деген саяси ұрандармен өтті.

Интернационалдың бой көрсетудің ең бастысы - 1905 жылғы 11 желтоқсанда 12 күнге созылған, Успен кенішіндегі 360 жұмысшы қатысқан ереуіл болды.

Ереуілге шығу себептері:
Жалақының аздығы.
Ағылшын капиталистері Мессен, Гиббердің қатыгездіктері.
Жұмыс істеу жағдайының ауырлығы.

Ереуіл барысында орыс жұмыскері П.Топорнин мен қазақ жұмысшысы Ә.Байшағыров басқарған «Орыс – қырғыз одағы» құрылды. Олар кеншінің (рудник) бастығы Н.Велльге өздерінің талаптарын қойды:
-Азық – түлік бағысын төмендету.
-Жалақыны 15, 25% - ға көтеру.
-Үш сыныптық орыс – қазақ училищесін ашу.
-Жұмысшылардың тұрғын жайларын жақсарту.
-Фельдшер Е.Костенконы, қызметкер И.Ивченконы жұмыстан шығару.

Олардың бірден–бір талабы орындалмағандықтан «Орыс-қырғыз өдағының» шақыруымен ереуіл болды. Успен кеніші жұмысшыларының ереуілі 1905 жылғы революцияның Қазақстан тарихында көрнекті орын алды.

1906 жылы Қарқаралы уезінде, Жаркент уезінде, Әулиеата, Шымкент уездерінде, Орал, Торғай облыстарында шаруалар қарсылықтары болып өтті.

Саяси толқулардың жеңілеуінен шощынған патша өкіметі шаралар қолданып, ереуілдерді қарудың күшімен басып отырды.

Бүкіл елдегі сияқты Қазақстан большевиктері Бірінші Думаға сайлауынан бас тартты. Екінші Мемлекеттік Думаға Бұратана (туземдік) халық арасынан депутаттыққа Ақмола облысынан – молда Қосшығұлұлы, Жетісудан – федералист Тынышбайұлы, Оралдан – кадет Бірімжанұлы, Семейден – бай Нурекенұлы сайланды. Олар Думага қазақ кедейлерінің мүдделерін қорғап сөз сөйледі.

1905-1907 жылдардағы революцияның жеңілуінің себептері:
1) Қазақ жұмысшыларының аздығы.
2) Қазақ ауылдарының басты оқиға орталықтарынан алыста болуы.
3) Революциялық күресті ұйымдастыруда ұлттық демократиялық топтардың тәжиребесінің жеткіліксіздігі.
4) Жұмысшылар мен шаруалар одағының болмауы.

Революцияның тарихи маңызы:

-Отаршыл саясатқа қарсы тәжірибе жинақталды.

-Ереуілдерді ұйымдастырудағы кемшіліктер кейін түзетілді.

-Күрес барысында революционерлер тобы тәрбиеленді.

-Қазақ еңбекшілерін «Ғасырлық ұйқыдан» оятып, революциялық күреске шынықтырды.

Реакция және революциялық өрлеу кезеңі.

1905-1907 жылдардағы революция жеңілгеннен кейін Россияда реакция кезеңі басталды. 1907 жылы 3 маусымда Екінші Мемлекеттік Думаның таратылғаны, Үшінші Мемлекеттік Дума сайлауы туралы ережеге өзгерістер енгізілгені жөнінде патша жарлығы шықты. Социал-демократиялық фракцияның мүшелері тұтқынға алынып, сотқа тартылды және жер аударылды. Олардың қатарында Қазақстан еңбекшілерінің депутаттары А.К.Виноградов пен И.Ф.Голованов та болды.

Осы кезде революиялық ұйымдар мен революциялық қозғалысқа қатынасқандарды сотсыз және тергеусіз жазалайтын тәртіп енгізілді. Полиция әсіресе, социал-демократиялық ұйымдарды, олардың мүшелерін аяусыз жазалап отырды. Реакция жылдарында РСДЖП – ның Ташкент, Омбы комитеттері, Петропавл, Семей, Верный қаласындағы социал-демократ топтары талқандалды. Революциялық қозғалысқа қатусышылар жер аударылып, каторгаға айдалды, түрмеге қамалды. Олардың арасында Қазақстаннан шыққан революционерлер – қайраткерлер В.В.Куйбышев, М.В.Фрунзе, К.А.Попов, Ф.А.Березовский т.б. болды.

Реакция жылдары патша өкіметінің ұлттық саясаты халық мүддесіне қарсы сипатта болды. Барлық жерлерде революция кезеңінде пайда болған газеттер мен журналдар жабылып, мәдени ағарту қоғамдарына тиым салынды.

1912 жылы Россияның жұмысшы қозғалысында жаңа революциялық өрлеу басталды. Ол сәуір, мамыр айларында Лена өзені бойындағы алтын өндіру өндірісіндегі жұмыскерлерді атуға байланысты елде болған саяси толқулар бүкіл жерге жайылды. Лена қырғыны Қазақ өлкесінде ереуілдің қайтадан кең таралуына әсер етті.

1912 жылы мамырда Қазақстанда Спасск мыс қөрыту заводында басталған ереуіл 1913 жылғы маусымға дейін созылды. 1913 жылғы қыркүйекте Торғай уезінің Шоқпаркөл көмір кендерінде болған жұмысшылардың толқуы 1914 жылдың бірінші жартасында Ембі мұнай- шыларының ереуілдерімен ұласты. Жаңа революциялық өрлеу дәуірінде Қазақстанның жұмысшы табы жалақыны 20% -ға арттыруға, қожайындардың айыптарды көбейтуден бас тартуына қолы жетті.

Ұлттық зиялы қауым өкілдері қазақ ауылының саяси өмірге тартылуын тездетті.

1909 жылы шілдеде Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде патша өкіметінің қанау саясатына қарсылық білдіргені үшін Семей түрмесіне қамалды. 1910-1917 жылдары Орынборға жер аударылды. 1900 жылы Петербургте «Қырық мысал» деген кітабі, 1911 жылы Орынборда «Маса» атты жинағы шықты. 1913 жылы наурызда «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырып, редакторы болды. «Қазақ» газеті (1913-1918 жылдар) либералдық– демократиялық бағыттағы идеяларды білдірді.

Аграрлық мәселеде қойған талаптары:

1. Жерге мемлекеттік меншікті жою.
2. Жерді сатуға тыйым салу.

1911-1915 жылдары шығып тұрған (редакторы М.Сералин) «Айқап» журналы аграрлық- демократиялық бағытты білдірді. Журнал қызметкерлері – Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин отаршылдық саясатты әшкерелей отырып, негізгі мәселелерді қарастырды.

1. Аграрлық қатынастар.
2. Ағарту мен білім беру ісі.
3. Қазақ ауылдарында товар-ақша қатынастарын дамыту.

1905-1907 жылдардағы революциянық қозғалысқа қатысушы Міржақып Дулатұлының саяси бағытта жазылған шығармалары: «Бақытсыз Жамал» романы (1910 ж.), «Азамат» өлеңдер жинағы (1913 ж.), «Оян, қазақ», «Терме» әдеби-публицистикалық туындысы. М. Дулатұлы 1915 жылы патша үкіметінің аграрлық саясатын өткір сынағандықтан құғынға ұшырап, Семейде, Омбыда, Қарқаралыда болып, қазақ еңбекшілерінің саяси бағытын анықтауда ерекше роль арқарды.

Сөйтіп, осы кезеңдері әлеуметтік күрестің шиеленісуіне алғышарттар қалынтасты:
1. Революциялық жағдайдың тереңдеуі.
2. Шаруашылық дағдарыс.
3. Азық-тулік тапшылығы.
4. Партиялар мен құпия үйымдардың ашылуы.

3. Бірінші дүние жүзілік соғыс және Қазақстан. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс.

Бірінші дүние жүзілік соғыс.

Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды.Оған 38 мемлекет тартылды. Соғысқа қатысушы басты елдер (одақтар):

Үштік одақ (Германия, Австрия-Венгрия, Италия).

Антанта (Англия, Франция, Россия).

Соғыстың сипаты- басқыншылық, агрессиялық, империалистік соғыс болды.

Соғыстың себептері:

Империализмнің барлық қайшылықтарының күрт шиеленісуі.

Капиталистік өндіріс тәсілінің әркелкі және секірмелі болуы.

Империалистік державалардың бөлініп қойған дүние жүзінің шекараларын қайтадан бөлуге тырысуы.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа Россия дайындықсыз, әскери - өнеркәсіптік әлеуеті (потенциал) төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді.

Бұл соғыс (империалистік) барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Қазақстан майданды шикізатпен қамтамасыз ететін ірі өңірлердің біріне айналды. Соғыс қажетіне жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Россияның дүниежүзілік империалистік соғысқа кірісуі Қазақстанды тонауды күшейтті. Соғыс қажетіне деп өлке еңбекшілеріне 10-ға жуық салығы енгізілді:

1. 40899244 пут мақта
2. 38 мың шаршы аршын киіз
3. 3 млн. пут мақта майы
4. 229 мың пут сабын
5. 300 мың пут ет
6. 473928 пут балық
7. 70 мың жылқы
8. 12797 түйе алынды
9. 14 мың киіз үй салынды


Жетісудан 34 млн. сом мөлшерінде мал және мал өнімдері 1917 жылы шаңырақ салығы 100209 сом болды. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының азаюына әкеп соқты.

Осы жылдары (соғыс жылдары) жұмысшылардың жағдайы өте ауыр болды. Бір күндік орташа жалақы – 20 тиын. Жұмыс күнінің ұзақтығы – 12-14 сағат. Қымбатшылық артты: ұн-70%, қант-50%, сабын-200%-ға өсті. Кен өндіру, мұнай, көмір өндіру құлдырады. Өндірістегі мамандығы бар жұмысшылар үлесі күрт азайды. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының құлдырап күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты, өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.

Сонымен қатар Қазақстан жеріне Үштік Одақтың әскери тұтқындары орналастырылды. Олар, негізінен, Павлодар, Семей, Ақмола қаларына орналастырылды. Мысалы, Омбыда- 20000 әскери тұтқын, Ақмолада 8612 тұтқын, ал Түркістан өлкесінде 200 мың-ға жуық әскери тұтқын болған. Соғыс жылдары Австрия-Венгрия, Германия тұтқындарының қазақ жеріне әкелінуі өлкенің қоғамдық – саяси жағдайына әсер етті.

Қазақ өлкесінде ерлердің майданға шақырылуы шаруашылық жағдайы дағдарысқа үшыратты. Мысалы, Семей, Ақмола облыстарында жұмысшылардың 50%-ы, Орынборда 40%-ы, Жетісуда-үштен бірі шақырылды. Сондықтан патша үкіметі әскери тұтқындарды жұмысқа пайдалана бастады. Қазақстан жерінде болған әскери тұтқындардың жағдайы қиын болды. 1915 жылы Риддерде ауыр тұрмыстық жағдайға байланысты әскери тұтқындардың ереуілі болды. Соғыс жылдарында әскери тұтқындарға арналған Челябі мен Қостанай аралығында орналасқан Троицк лагері «Өлілер лагері» деп атанды. Сөйтіп, соғыс елдегі жалпы ұлттық дағдарысты тереңдетіп, 1916 жылғы көтеріліске алып келді.

1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс.

Қазақстан мен Орта Азиядағы азаттық қозғалысын XIX ғасырдың аяғындағы - XX ғасырдың басындағы көп ұлтты Россия тарихының бүкіл барысы әзірлеген болатын. Мұның өзі патша өкіметі дағдарысының нәтижесі еді.

Көтерілістің сипаты. Көтеріліс отаршылдыққа қарсы сипатта болды. Қазақстандағы көтеріліс патша әкімшілігі үшін де, сөндай-ақ жергілікті үстем феодалдар тобы үшін де күтпеген жерден басталды.

Көтерілістің негізгі себептері:

1. Жердің тартып алынуы (қоныстандыру саясаты);
2. Салықтар мен алымдардың кобеюі;
3. Еңбекшілерді үстем феодал-байлар тобының қанауының күшеюі;
4. Ұлттық араздықтың өршітілуі;
5. Соғысқа байланысты бұқара жағдайының күрт нашарлауы;
6. Орыстандыру саясаты.

Көтерілістің қозғаушы күші - өлкенің жекелеген жерлерінде ғана феодалдар мен клерикалық элементтер көтеріліске басшылықты өз қолдарына түсіріп алды. Тұтас алғанда Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістің қозғаушы күші ауылдың еңбекшілер бұқарасы жұмысшылар, кол-онершілер болды.

Көтерілістің барысы. 1916 жылғы 25 маусымдағы патша үкіметінің «Түркістан мен Дала өлкесінен 19-43 жас аралығындағы 500 мың адамды қара жұмысқа алу туралы» жарлығы халықтың шыдамын тауысып, оларды отарлау езгісі мен ортағасырлық қанауға қарсы көтерілуіне түрткі болды.

Қазақ даласында патша жарлығына көзқарас әртурлі болды:

1. Феодалдық басшы топтар және жергілікті әкімшілік жарлықты қолдады.
2. Революцияшыл топ өкілдері
- Ә.Жангелдин, Ә.Иманов, Т.Бокин, Б.Әшекеев, Ж.Мәмбетов қара жұмысқа барудан бас тартып, халықты көтеріліске шақырды.
3. Либералдық-демократиялық
зиялылар - Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов патша үкіметімен келісімпаздық (компромистік) бағыт ұстанды.

Көтеріліске қатысушы революцияшыл – демократияшыл зиялылар өкілдері:

1. Жетісуда – Т.Рысқулов, Т.Бокин, Б.Әшекеев, Ұ. Саурықов, К.Мәмбетов, А.Қосаков.
2. Төрғайда - Ә. Жангельдин, А.Иманов.
3. Орал облысы мен Бөкей Ордасында – С.Мендешев, Ә.Әйтиев.
4. Маңғыстауда – Ж.Мыңбаев.
5. Ақтөбеде - Ә. Майкотов.

Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды. Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатыгез, жағымсыз байларды өлтеру, ірі феодалдардың неліктеріне шабуыл жасау, жер сату жөніндегі құжаттарды, алымсалық қағаздарын жою, патша әскерімен қақтығыс сияқты ашу-ыза әрекеттері кең орын алды. Сөйыл, кетпен, шалғы, орақ, мылтық, қылышпен қаруланған ел адамдары байлардың ауылдарын өртеп, малдарын айдап әкетуі жиілей тусті.

Жетісудағы көтеріліс.

1916 жылғы шілде-тамызда Жетісу облысындағы қарулы көтеріліс бұқаралық сипат алды.

Жетісу облысының генерал-губернаторы Фольбаум ұлтаралық қақтығыстар туғызу үшін арандату шараларын қолданды:

1. қоныстанушылар ауылдарындағы орыс кулактарын қаруландырды Қапал, Лепсі, Жаркент, Пржевальск уезд бастықтарынан жергілікті халыққа ойран салуды ұйымдастыруды талап етті.
2. қырғыздардың топтасып, бас қосуын бүлік деп санап, басып – жаныштады.
3. котеріліс басшыларын тұтқындап дала сотына беріп, дереу дарға асуды ұйымдастырды.

Ұлтаралық араздықты күшейту мақсатында Түркістан архиепископы православие халқын қазақ және қырғыз еңбекшілерін жазалауға шақырды.

Осыған қарамастан котеріліс үдей түсіп, Шу озені мен Ыстық көлге жақын бүкіл аймақты қамтыды. 10 мыңнан астам қырғыз және қазақ көтерілісшілері Тоқмақты қоршады.Жаркент уезінде котерілісшілер Таврия, Владислав, Мещеры, Краснодар, Новиков қоныстарын басып алды.

Революцияның ірі ошағы-қарқара аймағы болды. 5мың көтерілісшілер Қарқара жәрменкесін қоршап, Кравченконың жазалау отрядтарын талқандады. 1916 жылы 11 тамызда Лепсі уезінде Масловтың жазалаушы отрядтары 220-ға жуық көтерілісшілерді оққа ұшырды.

Жетісудағы көтеріліс басшыларының бірі Т. Бокин үгіт жұмысына басшылық етіп, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді. Феодалдық тобының сатқындық ролін әшкерелеп, патша жарлыған орындамауға шақырды. Ол 1916 жылғы тамызда революциялық қызметі үшін қамауға алынып, түрмеде Ақпан төңкерісіне дейін отырды. Жетісудағы көтерілісті басуға патша үкіметі жазалау экспедициясын жіберді. 14 батальон, 33 жүздік, 42 зеңбірек, 97 пулемет командасы. Жетісу көтерілісшілері патша әскеріне табандылықпен қарсылық көрсетті, бірақ күш тең болмағандықтан жеңілді.

Көтеріліс жетекшілерінің бірі Бекболат Әшекеевті 1916 жылы 9 қыркүйекте жазаушылар Боралдай асуында дарға асты. Пржевальскіде Қытай азаматтығын алған 400 адам қаза тапты.

Сөйтіп, 1916 жылғы қазан айында Жетісу көтерілісі талқандалды.

Зардаптары: 1)Жетісу губерниясы 53 мың шаруашылыққа кеміді. 2)мал азайып, 1/3 бөлігі ғана қалды.

Төрғайдағы көтеріліс. Төрғай облысындағы көтеріліс ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және билік бір орталықтан жүргізіліп, ұйымдасқан көтеріліс болды. Бұл Төрғайдағы көтерілісінің ерекшелігі еді. Көтеріліс барлық уездерді: Төрғай, Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай уездерін қамтыды. Облыста көтеріліс қамтымаған ауыл немесе елді мекен болмады. Қөтеріліске, сондай-ақ Сырдария, Ақмола, Семей болыстарының көтерілісшілері де қатысты.

Төрғай облысының әскери губернаторы М.М.Эверсманға қазақ еңбекшілерінің қару алып, жаппай көтерілгендігі туралы хабарлар күнбе-күн түсіп жатты. Көтерілісшілер почтаға шабуыл жасады, темір жол табанын бұзып, болыс басқармаларын ойрандады, боластарды өлтірді. Көтеріліс бүкіл облысты қамтыды. 1916 жылы Төрғайда болған көтеріліске жүрт арасында танымал халық батыры Аманкелді Иманов басшылық етті. Ол 1873 жылы Төрғай уезінің Қайдауыл болысындағы ауылдардың бірінде кедей шаруаның отбасында тұған еді. Әкесінен ерте айрылған Аманкелді байлардың есігінде жүріп, бала күнінен – ақ жоқшылық пен мұқтаждық көріп өсті.

Аманкелді Имановтың ұйымдастырушылық қабілеті халық көтерілісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ айқын көрінді. Оған Төрғай облысындағы уездерден ғана емес, сонымен бірге Сырдары, Ақмола, Семей облыстарынан көтерілісшілер ағылып келіп жатты. Егер 1916 жылы қыркүйекте көтерілісшілер саны – 20 мыңға жетсе, ал 26 қарашада – 50 мыңға жетті.

1916 жылы 22 қазанда Аманкелді басшылығымен 15 мың көтерілісші Төрғай қаласын қоршады. Оған қарсы генерал А.Д.Лаврентьевтің 9 мың адамдық жазалаушы тобы жіберілді. Корпустың келе жатқаны туралы деректер алғаннан кейін көтерілісшілер Төрғайды қоршауды қойып, қарашада Түнқойма почта станциясының маңында подполковник Катоминнің отрядына шабуыл жасады. Көтерілісшілердің негізгі бөлігі Амангелдінің штабына орналасқан Батысқара жазығы мен Аққұм құмының маңына шоғырланып, партизандық күрес әдісіне көшті. 1916 жылғы қарашасы – 1917 жылғы ақпаны аралығында, Аманкелдінің серігі, атақты мерген Кейкі батыр жасағы ерекше ерлік көрсетті. Төрғай даласында А.Имановпен бірге көтеріліске басшылық етіп, оның дүниетанымен қалыптастыруға зор ықпал еткен большевик Әліби Жангелдин (1884-1953 жж.) болды.

Негізгі шайқастар – Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Доғал – Үрпек, Ақшығын маңында болды. Татыр шайқасында 300 көтерілісші, 3 жазалаушы қаза тапты. Жазушы Л.Соболев: «Бұл аңыздар мен ертегілерден шыққандай ғажап әскер еді...Аманкелді ортағасырлық жасақтарымен зеңбіректер мен оққа толы винтовкалары бар жазалаушыларға қарсы шықты» деп жазды. Төрғай көтерілісі Ақпан төңкерісіне дейін созылды. 1917 жылы Төрғай көтерілісі талқандалды.

Салдары:
-3 мың адам жауапқа тартылды оның 201-і өлім жазасына кесілді.
-161-і каторгаға айналды.
-Жүздеген ауылдар тоналып, өртелді, жазықсыз адамдар атылды.

1916 жылғы көтерілістің жеңілуінің себептері:

1. Көтеріліс бытыраңқы болды.
2. Көтерілістің ұйымдастырылуы мен басқарылуы дұрыс жүргізілмеді.
3. Әскери қарудың жеткіліксіздігі.
4. Патша үкіметі жергілікті жердегі руаралық, ұлтаралық діни тартыстар мен қайшылықтарды шебер пайдаланды.
5. Күнібұрын белгіленген жоспардың болмады.
6. Ұлттық зиялылар арасында бірлік болмады.
7. Байлар, феодалдар көтерілісшілер мүддесін сатып кетіп отырды.

Салдары: қазақтардың саны:
- Қазақ өлкесінде – 446 мыңға;
- Орта Азияда – 121,7 мыңға;
- Астрахань губерниясында – 51,8 мыңға;
- Россия империясында – 617,5 мыңға азайды.

Көтерілістің тарихи маңызы
1. Қазақ халкының революциялық таптық санасы өсті.
2. Қазақстан халықтары ұлттық мүдделерінің ортақтығын ұғынды.
3. Қозғалыс барасында өкімет құрылымы, қарулы күштер, басқару аппараты құрылды.
4. Россия империясындағы азаттық күрестің шырқау шыңы болды.
5. Қазақ халқының отарлау саясатына қарсы күресе алатын күш екенін көрсетті.
6. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс империяға қарсы көтерілістердің ішіндегі ең ірісі болды. Көтеріліс революцияға алғышарт қалыптастырды.

4. Россиядағы 1917 жылғы Ақпан революциясы және Қазақстан. 1917 жылғы Қазақстандағы саяси партиялар мен ағымдар.

Қазақстанда Кеңестер мен Уақытша үкімет органдарының құрылуы.

1917 жылдың басында Россияда революциялық жаңа толқын көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Революциялық дағдарыстң пісіп-жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында оның ішінде Қазақстанда да сезіне басталды.

1917 жылы 27 ақпанда Россияда Ақпан буржуазиялық – демократиялық революция жеңіске жетті. Монархия құлатылып, Романовтар әулеті биліктен кетті. Бұл жағдайды Қазақстан халқы қуанышпен қабылдады. «Қанқұйлы Николай тақтан құлатылғанын білгеніміздегі біздің қуанышымызды айтып жеткізу қиын», - деп көрнекті мемлекет қайраткері Б.Алманов өз естелігінде айтты.

Ә. Бөкейханов бастаған ұлттық демократия өкілдері буржуазиялық – демократиялық революцияны ұлттық қазақ автономиясын құратын сәт туды деп қуанышпен қарсы алды.

Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Россиядағы сияқты Қазақстанда да кос (екі) үкімет орнады.

Уақытша үкімет (буржуазия үкіметі).

Жұмысшы шаруа, солдат депутаттарының Кеңесі (советтер) құрылды.

Уақытша үкіметтің ұстаған бағыты-капитализмді дамыту.

Жұысшы, шаруа және солдат депутаттары Кеңесі бағыты – социализм құру.

Буржуазиялық – демократиялық Ақпан революциясының жеңіске жетуі өлкендегі еңбекшілердің саяси белсенділігін өсірді.

Қазақстанда Кеңестер 1917 жылы наурыз – мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Түркістан өлкесінде және т.б. жерлерде құрыла бастады. Жұмысшы табы мен солдат депутаттарының ізінше сәуір – мамыр айларында шаруа депутаттарының Қеңістері құрылды. Оларда көпшілік орынды меньшевиктер мен эсерлер алды.

Уақытша үкіметтің қазақ өлкесіндегі жергілікті органдары 1917 жылы наурыз – сәуірде құрылды. Уақытша үкімет облыстарды басқаруға бұрыңғы патша чиновниктерін және қазақтың ұлттық зиялыларын сайлады. Ә. Бөкейханов Төрғайдағы Уақытша үкімет органдарының комиссары, М.Тынышбаев Жетісудағы Уақытша үкімет органдарының комиссары, М.Шоқай Түркістанның Уақытша үкіметінің комиссары болып қызмет атқарды.

Ақпан революциясынан кейін ұлттық-либералдық қозғалыстың басшылары (Ә. Бөкейханов, М.Тынышбаев, М.Шоқай және т.б.) қоғамдық – саяси дамудың маңызды мәселелері бойынша Уақытша үкімет жағына шықты.

Уақытша өкімет органдары өзінің әлеуметтік құрамы, басқару әдістері жағынан революцияға дейінгі патша әкімшілігі жергілікті халыққа қалай қараса, бұл да солай қарады.

Дегенменде, Уақытша өкімет біраз шараларды жүзеге асырды:

1. 1917 жылы 14 наурызда – «Бұратаналарды» тыл жұмысына алу тоқтатылды.
2. 1917 жылы 20 наурызда «Азаматтардың дін ұстауына, дінге сенуіне, ұлтқа байланысты құқықтарды шектеудің күшін жою туралы» қаулы қабылданды.
3. 1917 жылы 5 мамырда – «Қара жұмысқа алғандарды еліне қайтару туралы», 1917 жылы 8 қыркүйекте – «Жетісу облысының 1916 жылғы көтеріліс кезінде зардап шеккен халқына қазынадан 11 млн. 150000 сом бөлу туралы» қаулылар қабылданды. (5 млн. сомы – жергілікті халыққа, 6 млн. 150000 сомы – орыс халқына).

Кеңес үкіметінің көтерген мәселелері:
1. Шаруаларға жер беру
2. Жұмысшыларға – 8 сағаттық жұмыс күні
3. Соғысты тоқтату
4. Халыққа бейбітшілік беру

Алайда, Уақытша-үкімет большевиктердің (Кеңестердің) көтерген мәселелерінің бірде – береуін орындамады.

Сөйтіп, Уақытша үкімет самодержавиенің аграрлық және ұлттық саясатын жалғастыра берді.

Саяси партиялар мен ағымдар.

Тыл жұмысшыларының орыс жұмысшыларымен, солдаттармен қарым-қатынаста болуы олардың саяси санасының өсуіне ықпал етті.

1917 жылы қазақ өлкесінде әртурлі саяси партиялар мен ағымғардар (қозғалыстар) құрылды.

Верныйда – «Қара жұмысшылар одағы» (жетекшесі Жүсіп Бабаев), Сергиопольде (Аяғоз) – «Солдаттардың орыс-мұсылман ұйымы», Петропавлда – «Жас арбакештер одағы» құрылды.

Осы жылдары жастар ұйымдары құрылып, белсенді жұмыс жүргізді: Әулиеата мен Меркеде «Қазақ жастарының революцияшыл одағы», Ақмолада - «Жас қазақ» ұйымы, Петропавлда - «Талап» ұйымы, Спасск заводында - «Жас жүрек» ұйымдары құрылды.

Қазақ зиялылары құрған қозғалыстар .

Отаршылдыққа, империализмге қарсы күресті басқарушы, ұлт-азаттық қозғалыстардың идиологтары ұлттық зиялылар болды. Олардың басшысы Ә.Бөкейханов болды. Қозғалыстың белсенді мүшелері: А.Байтурсынов, МДулатов, Ж.Досмухамедов, Х.Досмухамедов, Ә.Ермеков, М.Шоқай, Ж.Ақбаев, Ш.Құдайбердиев, Х.Габбасов, М.Тынышбаев. Олардың мақсаты қазақ елін отарлық езгіден құтқарып, өз алдына ұлттық автономия құру болды.

«Алаш» партиясы 1905 жылы пайда болған алаш қозғалысы негізінде 1917 жылы шілдеде құрылды. Осы жылдың сәуір айынан бастап Қазақстанда жер-жерде «Алаш» партиясының съездері өте бастады.

1917 жылы сәуірде Жетісу облыстық съезі өтті. Мұнда әлеуметтік, аграрлық, ағарту мәселелерімен қатар сырттан қоныс аудартуға жол бермеу, Қытайдағы босқындарды қайтару мәселелері талқыланды. 1917 жылы 27 сәуірде Семейде қазақтардың съезі болды. Онда ұлттық автономия құру мәселесі талқыланды.

1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында жалпы қазақ съезі өтті. Қаралған мәселелер :
1. Мемлекеттік басқару формасы.
2. Автономия құру мәселесі.
3. Жер мәселесі.
4. Халық милициясын құру.
5. Сот ісі.
6. Дін мәселесі.
7. «Алаш»саяси партиясын құрып, оның бағдарламасын жасау.
8. Құрылтай жиналысын шақыру.
9. Қытайдағы 83 мың қазақ босқындары туралы.
10. Жетісудың ашыққан халқына көмек.
11. Халық ағарту ісі.
12. Земство


Осы съезде «Алаш» партиясын құрып, оның жұмыс істеу бағытын бекітті.

1917 жылы мамырда Букілроссиялық мұсылмандар съезі болды.

Мұнда соғысты тоқтату, ұлттық – аймақтық – федерациялық негіздегі демократиялық республика құру, әйелдердің еркектермен тең құқығы (оған 250 молда қарсы болды), көп әйел алушылық пен қалыңмалға қарсылық, 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу, міндетті және тегін жалпыға бірдей ана тілінде бастауыш білім беру мәселелер қаралып бекітілді.

1917 жылы 17 қыркүйекте Түркістан және қазақ мұсылмандарының съезінде «Иттифок-и-Муслимин» (тұнғыш мұсылман) партиясы құрылды. Мұнда «Түркістан федерациялық республикасы» парламенттік республикасының жобасы қаралды.

1917 жылы қарашада қазақ социалистік «Үш жүз» партиясы құрылды. Алғашқы төрағасы М.Әйткенов болды. Кейіннен партия төрағасы қызметін Көлбай Төгісов атқарды. Партия орталығы Омбы қаласында орналасты. «Үш жүз» партиясы 1917 жылы екіге болінді, «Үш жүз» партиясының солшыл қанатын К.Төгісов басқарды.

«Үш жүз» партия мүшелері Кеңестерді қолдап, қазақтардың жеке мемлекет құру идеясын ұсынды: «Үш жүз» партиясы Көлбай Төгісовтың редакторлығымен «Үш жүз» газетін шығарды.

1917 жылы Ақпан революциясынан кейін Семейде, Петропавлда, Қостанайда, Оралда, Өскеменде кадеттер (конституцияшыл демократтар) ұйымы құрылды.

Мақсаты:
1. Бөлінбес, біртұтас Россия, конституциялық монархия құру.
2. Қоныстандыру саясатын қолдау.

1917 жылы көктемде - өлкеде әсерлер (социал-революционерлер) партиясы құрылды.

Мақсаты:
1. Жерді шаруаларға беру, жер-бүкіл халықтың меншігі ұранын көтерді.
2. Патша өкіметінің отырлау саясатын айыптау.

1917 жылы Ақпан революциясының тарихи маңызы :

1. Патша өкіметінің геноцид саясатын тежеді.
2. Ұлт саясатында бостандықты, халықтардың теңдігін қолдайтынын мәлімдеді.
3. Халықтың кейбір демократиялық бостандықтарға қолы жетті.
4.Буржуазиялық–демократиялық революцияның социалистік революцияға ұласуы үшін алғы шарттар дайындады.

Кемшіліктері:
1. Ұлттық – аймақтық өзін-өзі билеу құқығын беруден тартынды.
2. Отаршылдық басқару органдарын жоймады
3. Шаруаларға жер бермеді.
4. Империалистік соғысты жалғастырды

Тақырып бойынша сұрақтар:

1. XX ғасыр басында қазақ өлкесі неше облыстан тұрды?
2. Қала халқының көбею жолдарын атаңыз.
3. 1905-1907 жылдардағы революцияның алғы шарттарын көрсетіңіз.
4. Қазақ өлкесінде алғашқы маркстік үйірме кімнің басқаруымен қашан құрылды?
5. Столыпиннің аграрлық саясатының мәнін түсіндіріңіз.
6. Столыпи