Menu
Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуы.
Главная » Қазақстан тарихы » Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуы.

1. Қазақстан Республикасының қоғамдық өміріндегі өзгерістер.

1992 жылы қыркүйек-қазан айларында Алматыда дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Әлемнің 13 елінен келген отандастарымыз қатарында үлкен қазақ диаспорасы бар Өзбекстан (870 мың) мен Ресейден (660 мың) келушілер көп болды. Барлық қатысушылар саны 800 адам болды. Құрылтайда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 26 маусымда қабылдаған "Көшіп келу туралы” Заң негізінде қандастарымыздың елге оралуына мүмкіндік жасалғаны айтылды.

Дүние жүзі қазақтарының құрылтайына қатысушылардың Қазақ халқына Үндеуі жарияланды. Онда: 30 қыркүйек – Ұлттық бірлік күні деп аталды. – Бүкіл әлемдегі отандастарымызды Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік, мәдени-интеллектуалдық мүмкіншілігін молайтуға, бар қабілеті мен еңбегін туған ел игілігіне жұмсауға шақырды.

2002 жылғы 23 қазанда Түркістанда дүние жүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Оған 400-ге жуық адам қатысты. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды. 2003 жылы 5 мың отбасы, 2004 жылы 10 мың отбасы, 2005 жылы 15 мың отбасы елге көшіп келді, жылына 50-60 мың оралман оралады.

1993 жылы 17 желтоқсанда Қазақтардың дүние жүзілік қауымдастығының тұсау кесер салтанаты болды. Сол жылдың өзінде-ақ Қазақстанға Монғолиядан, Түркиядан, Ираннан және ТМД елдерінен 7,5 мың қазақ отбасы көшіп келді.

1992 жылғы 14 желтоқсанда Алматыда Қазақстан халықтарының тұңғыш форумы өткізілді. Форумда негізінен мынандай мәселелер қаралды: 1. Жаңа көзқарас тұрғысынан интернационализм мен тату көршілік қатынас жағдайлары талқыланды. 2. Президенттің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығы алғаш рет академик М. Сүлейменовке, халық жазушысы Д. Снегинге, жазушы, аудармашы Г. Бельгерге тапсырылды.

Қазақстандағы компартиялық жүйе.

Қазақстанның егемендік алуы, КСРО диктатурасының құлайуы қоғамдық дамудың табиғи атрибуты боп саналатын көппартиялықтың өрістеуіне жол ашты.

1993 жылдың соңында Қазақстанда 4 саяси партия тіркелді. Олар – Социалистік партия, Қазақстанның республикалық партиясы, "Қазақстанның халық Конгресі” және Коммунистік партия. Қоғамдық қозғалыстардан – ядролық жарылысқа қарсы "Невада-Семей”, азаматтық "Азат” және "Қазақстанның халық бірлігі” одағы, 11 республикалық ұлттық мәдени топтар тіркелді.Сондай-ақ республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси ұйымдар, 68 әр түрлі қорлар тіркеуге алынды. 1993 жылдың соңына қарай қоғамдық-саяси қозғалыстар берік саяси күшке айналды.

1994 жылғы желтоқсанда "Қазақстанның халықтық-кооперативтік париясы”, 1995 жылғы қаңтарда "Қазақстанның өрлеу партиясы”, 1995 жылдың басында "Қазақстанның аграрлық партиясы”, 1995 жылғы жазда "Қазақстанның демократиялық партиясы” құрылды.

1998 жылғы қарашада "Ақ жол” қоғамдық қозғалысы құрылды. Жетекшісі – Н. Оразалин. Мақсаты: Президент Н.Ә. Назарбаевтың саяси бағытын қолдау. "Қазақстан-2030” стратегиясын жүзегег асыру. Зиялы өкілдер мүдделерін қорғау.

1999 жылғы қаңтарда "Отан” партиясы құрылды. Төарғасы – Т. Терещенко. Бұл партия Н.Ә. Назарбаевтың Президенттікке кандидатурасын қолдау қоғамдық штабы негізінде құрылды.

1999 жылғы 14 қаңтарда "Қазақстанның отаншылар” партиясы құрылды. Жалпы 1999 жылы республикада барлығы 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. 2001 жылғы қарашада "Қазақстанның демократиялық таңдауы” атты қоғамдық-саяси бірлестік құрылды. 2000 жылы республикадағы ресми тіркелген партиялар саны –15.

Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйелердің орнығуына, тәуелсіз баспасөздің дамуына көп көңіл бөлінді. Бұл жағдай республиканың өркендеуіне, қоғамның демократиялануына, реформаның тередеуіне, экономиканың және халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал етті.

Ұлттық-демографилық процестер.

1991 жылдан кейін Қазақстанда тұрғындардың саны күрт төмендей бастады. Бұл жағдай эмиграциялық қарқынның жоғары болуымен байланысты болды. Мысалы, 1992 жылы Қазақстандықтардың саны –16 млн. 985 мың адам болса, 1993 жылы – 16 млн. 942 мың, ал 1995 жылы – 16 млн. 590 мың адам болды. 1999 жылғы халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны азайып, 15 млн.-ға жетер-жетпес адам қалғанын көрсетті. 1995 жылдың тек 9 айдың ішінде республикадан басқа жаққа 198,6 мың адам көшіп кетті. Табиғи өсім азайып, тұрғындардың арасында өлім өсіп кетті. Дегенмен де, 1991-1997 жылдар аралығында Қазақстанға шетелден 164 мыңдай адам көшіп келді.

Белгілі дәрежеде республиканың ұлттық құрамы өзгеріп, кейбір облыстар негізінен қазақтар тұратын өлкеге айналды. Мысалы, Қызылорда облысында қазақтар - 93%-ы, Атырауда - 88%-ы, Маңғыстауда - 74%-ы, Ақтөбеде - 69%-ы, Оңтүстік Қазақстанда және Батыс Қазақстанда - 66%-ы қазақтар болды.

Осы жылдары ауыл тұрғындарының қалаға кету үрдісі (урбанизация) күшейді. 1995 жылдары халықтың 56%-ы қалаларда тұрды, ал қазіргі кезде бұл үрдіс бұрынығыдан да өсуде. Тұтастай алғанда, қоғамда болып жатқан өзгерістер (процестер) өтпелі кезеңге тән процестер деп қарауға болад.

2. Тәуелсіз Қазақстанның рухани дамуы.

Мәдени процестер. 1991 жылдан кейін оқу жүйесі белгілі мөлшерде дағдарысқа ұшырады. 1993 жылдың басында (1 қаңтар) Қазақстанда 154 мыңдық орны бар 303 бала бақшасы жабылды, орта мектептер саны азайды. Екінші жағынан мемлекеттік емес мекемелерінің, мектептер және жоғары оқу орындарының пайда болу процесі басталды.

1989 жылғы Тіл туралы Заңның және Конституция негізінде ұлттық білімнің жандануына мүмкіндік туды.

Елісміздің көп ұлтты мәдениетін дамытуда 40 ұлттық мәдени орталықтар мен Қазақстан халықтарының біріккен Ассамблеясы жұмыстар атқаруда.

1997 жылы Қазақстанда 53 мемлекеттік, 40-тан астам коммерциялық жоғары оқу орындары болған болса, 2000 жылдың басында 51 мемлекеттік, 100-ден астам коммерциялық жоғары оқу орындар болды.

Қазақстанның барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында қазақ тілінде оқу бөлімдері ашылды. Соңғы жылдары 300-ден астам жалпы орта білім беретін қазақ мектептері ашылып, олардың саны– 3,3 мыңға жетті. Республикада 17 ұлт тілінде жүздеген мектеп бар. 12 тілде газеттер мен журналдар шығып тұрады, 11 және 6 тілде хабар жүргізетін теле-радио қызмет етеді.

1999 жылғы 11 маусымда – Қазақстан Республикасының "Білім туралы” Заңы жарияланды. 2006 жылдың басында республика бойынша 252.800 ұстаз еңбек етуде.

Қазақстан тәуелсіздік алуымен байланысты халыққа білім беру жүйесінің халаралық байланысы кеңейді. Білімді мамандарды көбейту мақсатында жастарды шетелдердің беделді оқу орындарына жіберу өзекті сипат ала бастады. 1993 жылғы 5 қарашада Президенттің "Болашақ” атты 250 халықаралық стипендиясы белгіленді.

Қазақстан халықтарының мәдениетін бүкіл әлемге таныту мақсатында ЮНЕСКО ауқымында Қазақстан Республикасының мерекелері аталып өтуде.

1997 жылы ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы. 1930-1932 жылдардағы ұлы қасіреттің 65 жылдығы және сталиндік қуғын-сүргінге түскен ұлттық зиялылар қасіретінің 60 жылдығы атап өтілді. 1997 жылы 13 желтоқсанда Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен ашылды.

1998 жыл-халық білігі мен ұлттық тарих жылы. Бұл жылы 23 ірі Ғылыми форумдар өткізіледі.

Республиканың барлық облыстарына 24 ғылыми экспедициялар аттандырылып, 74 ауданды аралады. Тараз қаласына таяу жерде архитектуралық ғимарат-Ақыртас кешені ашылып зерттелді. Мантуя (Италия) қаласында "Алтын адам Қазақстан далалары қола дәуірінен халықтардың ұлы қоныс аударуына дейін” атты көрме өткізілді.

1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы болып табылады. Осыған орай атқарылған жұмыстар: 6 томдық "Қазақстан ұлттық энциклопедиясының” І-ші томы, М. Шоқай шығармаларының екі томдығы шықты. Қытай мұрағаттары негізінде Қазақ тарихына арналған 5 кітап жарық көрді. "Алпамыс батыр” жарынаң 100 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті.

М. Хайдар Дулатидің 500 жылдығына арналған мерейтой өткізіліп, "Тарих-и-Рашиди” еңбегі қазақ тілінде шығарылды. Сонымен қатар бұл жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасты. Нәтижесінде 19.144 адам толықтай ақталды.

2000 жыл- мәдениетті қолдау жылы.

2001 жылы 18 маусымда Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Астанаға әкелінді. 2001 жылы 5 маусымда Қазақстанда Ресей Федерациясы мәдениетінің күндері басталды. 2003 жылы Астанада дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлердің съезі болып өтті.

Осындай мәдени іс-шаралардың өткізілуімен қоса, әлеуметтік қайшылықтардың артуына, экономикалық жағдайдың нашарлануына, өмір сүру деңгейінің төмендеуіне байланысты халықтың рухани жағдайы өте күрделі болды.

1999 жылы Н.Ә. Назарбаевтың "Тарих толқынында” атты еңбегі жарыққа шықты. Бұл еңбектің "Тарихтың шеңберлі және ұлттық зерде” бөлімінде ел тарихын автор 12 кезеңге бөледі.

Еңбектің маңызы: Тарих қойнауын зерделей отырып ұлттық қасиетті сақтауға тәрбиелеу қажеттігі баса айтылды.

3. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты.

Егеменді Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастықтың тануы.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік туралы Декларация жариялады, сөйтіп дүниежүзілік қоғамдастыққа енуге мүмкіндік алды. 1992 жылы қаңтардан 9 шет мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты. Тәуелсіз Қазақстанды әлем мемлекттерінің арасында бірінші болып бауырлас Түрік республикасы таныды. 1992 жылдың ортасына қарай республика тәуелсіздігін жер шарының 30-дан астам елі мойындады: АҚШ, Қытай, Иран, Пакистан, Канада, Швейцария т.б.

1999 жылдың басына қарай дүние жүзінің 150 мемлекеті танып, 106 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатылды.

Қазіргі Қазақстан шет елдерде 30-дан астам диплоамтиялық және консулдық өкілдіктер ашты. Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік және халыаралық, ұлтаралық ұйымдардың 16 өкілдігі жұмыс істейді. Республикамыздың сыртқы саясат ведомствосы ұлттық мүддемен жалпы адамзаттық мүдделерді үйлестіріп жүргізетін дипломатиялық саясатқа кірісті.

1992 жылы наурыздың 3-інде Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мүшесі болып қабылданды. Осы жылы өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясының трибунасынан ОБСЕ сияқты ұйымның Азияда да құрылуы туралы Н.Ә. Назарбаев өз ойын айтқан болатын. Бірақ, ол кезде оның бұл сөзіне онша сене қоймаған еді. Міне, арада 10 жыл өткеннен кейін 2002 жылғы маусымда Алматыда сенім әрекеттестік шаралар туралы саммиті өтті. Саммит жұмысына 16 мемлекет басшылары қатысты. Оның ішінде 7 ірі державалар- Қытай, Индия, Ресей, Иран, Түркия т.б. болды.

Маңызы: Бұл елдердің экономикалық потенциалы өте зор, олардың территориясының жалпы көлемі 38,8 млн.кв.км., немесе Евразия материгінің 89%-ын құрайды. Бұл елдердің территориясында 2.8 млрд. адам тұрады, яғни жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайды.

Қазақстанның халықаралық байланысының дамуы.

Қазақстан сыртқы саясатында басты үш мәселеге ерекше назар аударады:
1. ТМД, Азия, Европа елдері, АҚШ, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы елдерімен халықаралық байланысты өркендету.
2. Мәдени-экономикалық байланысты күшейте отырып, алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу.
3. Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударатын мәселе – ең жақын және ірі көрші мемлекеттермен, солтүстікте – Ресеймен, шығыста – Қытай халық Республикасымен ойдағыдай қарым-қатынас орнату.

Қазақстан-Ресей байланыстары.

1992 жылғы 25 мамырда Қазақстан мен Ресей арасында достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт жасалды. 1995 жылғы 20 қаңтарда – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын кеңейту туралы Декларация жариялады, ал 1996 жылғы 27 сәуірде Алматыда екі елдік бірлескен Декларациясына қол қойылды. Декларацияның маңызы:
1. Екі ел арсындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу.
2. Аумақтық тұтастық пен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау ұстанымдарын сақтау.

1998 жылғы 6 шілдеде Мәскеуде ІІІ ғасырға бағдарланған "Мәңгі достық пен ынтымақтастық туралы” Декларация жарияланды. Нәтижелері:
1. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі проблемасын шешуді алға жылжытты.
2. Қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеуді шешті.
3. Байқоңыр ғарыш орталығын бірлесіп пайдалану мәселесі қарастырылды.

Қазақстан-Қытай байланыстары.

1992 жылғы тамызда Қазақстан Президентінің Қытай халық Республикасына алғаш сапары болды, нәтижесінде барлық байланыс жолдары ашылды. 1994 жылы сәуір айында Қазақстан мен Қытай арасында шекара аумағын заңдастырып белгілеу (делимитация) жөніндегі келісімге қол қойылды (1718 шақырымдық).

1996 жылғы сәуір айында алғашқы Шанхай келісімі жүргізілді. Бұл келісім барысына Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан қатысты. Мұнда негізінен - шекараларды бұзбау, бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу сияқты мәселелер қаралды. 1997 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда болған келіссөздің нәтижесінде – Батыс Қазақстан мен Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырын жүргізу жөніндегі шартқа қол қойылды. Қытай үкіметі бұл жұмысқа 9,5 млрд.доллар жұмсауға келісті.

1998-1999 жылдары Қазақстан-Қытай арасында келісімдер нәтижесінде, шекараны нақтылау негізінен аяқталды.

Қазақстан-АҚШ байланыстары.

Қазақстанның сыртқы саясатында АҚШ-пен қарым-қатынастың маңызы өте зор. 1991 жылғы 25 желтоқсанда АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныды. Қазіргі кезде АҚШ-Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторы. 1997 жылы Қазақстан мен АҚШ арасында экономикалық әріптестік бағдарламасы жасалды.

Екі ел арасында Қарашығанақ кеніші жөнінде және Каспий қайранын бөлісу жөнінде келісімдерге қол қойылды.

1999 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімде – екі ел арасындағы серіктестікті одан ары дамыту, АҚШ-тың Қазақстанға демократиялық, экономикалық өркендеуде қолдау көрсету, аймақтық, ғаламдық негізде тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану сияқты мәселелер қаралды.

АҚШ Қазақстанға мәдениет пен білімді дамыту саласында үлкен қолдау көрсетуде "Болашақ” бағдарламасы шеңберінде қазақстандық студенттер АҚШ, Франция, Германия оқу орындарында оқиды.

Қазақстан және ТМД елдерімен тығыз өзара байланыста болу – біздің ел үшін өте қажет. 1994 жылы – Орталық Азия экономикалық қауымдастығы құрылды (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, кейін Тәжікстан).

Қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық саласындағы дағдарыс ТМД басшыларын интеграциялық жаңа жолдарын іздеуге итермеледі.

Қазақстан және дүниежүзілік қауымдастық.

КСРО тарағаннан кейін ядролық қару негізінен Ресей жерінде шоғырланды. Қазір жер жүзінде 5 ядролық держава бар. АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция.

1993 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев Лиссабон хаттамасына қол қойды. Қазақстан ядролық қарудан еркін аймақ болып жарияланды. Соғыс өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды бейбіт заттар өнімдеріне айналдыру – (конверсия) жүзеге асырыла басталды.

1996 жылғы 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа қол қойды.

Қазақстан басшылығы әскери-саяси одақ НАТО-мен ынтымақтастыққа маңызды орын береді. Бұл ынтымақтастық "Бейбітшілік үшін әріптестік” бағдарламасы негізінде жүзеге асуда. 1997 жылғы 15-21 қыркүйекте Шымкент (Қазақстан) және Шыршық (Өзбекстан) жерінде НАТО әскери бөлімдерінің қатысуымен әскери жаттығу өткізілді.

2001 жылғы 29 тамызда Алматыда "ІІІ ғасыр ядролық қарудан тазарған дүниені қалайды” атты халықаралық конференция ашылды.

Тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге республикаға жол ашылды. 1997 жылдың басына қарай Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып кірді. Соның бірі ЮНЕСКО – ірі халықаралық ұйым. Ол – Білім, Ғылым және Мәдениет, "Адам және биосфера”, "Адам табиғи ортада” т.б. бағдарламалар негізінде жұмыс жасайды.

ЮНЕСКО – Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында елдің ерекше қорғалатын табиғи аймақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұрасы және "Адам мен биосфера” бағдарламасы шеңберіндегі аймақтар тізіміне кіргізу туралы шараларды іске асыруда, бірлесіп жұмыс атқаруда. Бұнымен қатар, Қазақстан халықаралық ұйым ЮНИСЕФ – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры. ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасындағы өзінің жұмысын 1992 жылы бастады, негізінен, денсаулық сақтау саласында, шұғыл жәрдем көрсетуді насихаттайды.

ЮНИСЕФ-тің Арал аймағының халқын сауықтыру жөніндегі бағдарламасы - әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау, білім беру, балалардың тамағын жақсарту, сумен қамтамасыз ету, санитарлық қызметті жақсарту жөніндегі нақты шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен бірге Қазақстан 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойылды.

Қазақстанның даму болашағы.

Егемен Қазақстанның жаңа мемлекет құрудағы философиялық тұжырымдарында көрсетілген бағыттары және елдің идеологиясы АҚШ, Франция, Ресейде белгіленген философиялық ұстанымдарды басшылыққа алады. Халықаралық тәжірибе тоталитаризмнен демократиялық бағыт жолына түскен елдердің өтпелі кезеңде идеологиялық дағдарысқа ұшырайтынын көрсетті. Сондықтан өркениетті елдердің өтпелі кезеңнен өту тәжірибесімен танысу өте маңызды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері.

1993 жылғы 9 қазанда "Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” еңбегі жарияланды. Бұл еңбегінде Қазақстанға жаңа үлгідегі идеологияның қажеттілігі бар ма, жоқ па деген талас төңірегінде нақты пікір айтты:
1. Идеология – адамдардың қоғамдастығын саяси және экономикалық міндеттерді топтастыру тәсілі.
2. Идеология - әлеуметті мінез-құлықты қалыптастыру механизмі.
3. Идеология–мемлекеттің және оның тұғырнамасын қолдайтын партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың, адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі.
4. Өмір алға озып отырған кезде әр түрлі идеологиялық ағымдар болады.

Еңбектің маңызы: Қазақстанның қазіргі кездегі қоғамдық-саяси жағдайына баға беріліп, ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтау бағыттары көрсетілді.

1996 жылы " Ғасырлар тоғысында” еңбегі жарияланды: Бұл еңбегін Н.Ә. Назарбаев Кеңестік жүйе мен демократиялық кезең аралығын суреттейді.

Маңызы: Екі кезең тоғысындағы саяси мәселелерге айқын түсініктеме берілген.

2003 жылы " Сындарлы он жыл” еңбегі жарық көрді. Еңбекте қазіргі таңдағы әлемдік проблемалар көтерілді. Ең бастысы – есірткіге қарсы күрес мәселесіне тоқталды.

- Қазақстандағы есірткі қолданатындар – 40.505.
- Оның ішінде әйелдер – 4.420.
- Оның ішінде кәмелетке толмағаны – 1927.

Осы қауіпке қарсы жүргізілген шаралар:
- Есірткіге бақылау орнатудың халықаралық жүйесіне кіру.
- Нашақорлық және есірткі бизнесімен күресудің 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру.
- Есірткіге қарсы күрестің кең көлемді ұлттық жүйесін құру.

Әлемдік деңгейдегі " Ғасыр дертіне” қарсы күрестің Қазақстанда жүзеге асырылуға тиісті шаралары:
- Нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесінің жолын кесу.
- Аумақтары арқылы есірткі тасымалданатын елдердің бірлесе қимылдауын күшейту мақсатында аймақтық, саяси құрылымдардың әрекеттестігін кеңейту.
- Каспий мәселесі қарастырылды.

Маңызы: Әлемдік проблемалар көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды.

4."Қазақстан-2030 стратегиясы”.

1997 жылғы қазанда Прзеидент Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстан-2030” жолдауы жарияланды. Қаралған мәселелер:
1. Экономикалық дағдарыстан шығу жолдары.
2. Реформаларды аяқтау.
3. Алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу.
4. "Қазақстан барысын” қалыптастыру.

Жолдауда болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары, республиканың дамуының ерекшеліктері айтылды. Бұл бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары көрсетілген. Ұзақ мерзімдегі 7 басымдық:
1. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау.
2. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту.
3. Нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу.
4. Қазақстан азаматтарының денсаулығының білімі мен әл-ауқатын көтеру.
5. Энергетика ресурстарын жете пайдалану.
6. Инфрақұрым, көлік, байланысты дамыту.
7. Демократиялық кәсіби мемлекет құру.

Ұлттық қауіпсіздік басымдықтарының деңгейіне мықты демографиялық және көш-қон саясаты шығарылуға тиіс. Егер бұған немқұрайлықпен қарасақ, оның салдары өте ауыр болады.

ХХІ ғасыр қарсаңында Қазақстан Ресейдің артынан адам саны сыртқы көші-қон процестерінен ғана емес, табиғи жолмен кеми беретін "демографиялық апатқа” ұшырайды.

Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын жүзеге асырудағы міндеттер:
1. Теңдікке негізделген бірыңғай азаматтықты дамыту.
2. Этникалық түсініспеушілік себептерінің жойылуы және этникалық топтар құқықтарының тең болуын қамтамасыз ету.
3. Дәулеттілер мен жарлылар арасындағы айырмашылықты азайту. Ауыл проблемасына үлкен ерекше көңіл бөлу.
4. Әлуметтік проблемаларды үнемі шешіп отыру.
5. Саяси тұрақтылықты және қоғамның топтасуын қамтамасыз ететін бай Қазақстанды қалыптастыру.
6. Адамдар арасындағы қарым-қатынас пен коммуникациялық байланыстардың барлық нысандарын дамыту.
7. Әртүрлі конфессиялар арасындағы өзара құрмет, төзімділік пен сенімді қарым-қатынасты нығайту.

Қазіргі кезеңде қазақ дәстүрлері мен тілінің қайта өрлеуі табиғи құбылыс деп қабылданатын болды.

Мемлекет ең алдымен орта топтың мүддесін білдіруге тиіс. Қала мен село арасындағы жіктелудің терең процесі жүріп жатыр. Село таяудағы 10 жылда нарықтық өзгерістерге қосымша серпін беретін және әлеуметтік пробемаларды шешуге ерекше көңіл беретін, инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан басым сала болады.

Қазақстан - өзінің белгілі тархы мен өзіндік болашағы бар евразиялық ел. Сондықтан оның моделі басқа ешкімнің моделіне ұқсамайтын болады, ол өз бойына әр түрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңіреді.

Экономикалық стратегия.

Қазақстанның салауатты экономикалық өрлеу стратегиясы нарықты экономикаға, мемлекеттің белсенді рөліне және шетел инвестицияларын тартуға негізделген.

Мемлекет белсенді роль атқара отырып, экономикаға араласы шектеулі болады. Бұл проблеманы шешудің стратегиясы:
1. Үкіметке сауда мен өндіріске әкімгершілігі араласуын жою.
2. Жекешелендіру процесін аяқтау.
3. Орталық үкіметті және жергілікті өкімет орындары парасатты орындастыру.
4. Сот билігі мен құқық қорғау органдарын реформалауды жандандыру.
5. Заңның шексіз үстемдігін белгілеу және заңды орындайтын азаматтарды қылмыстан қорғау.
6. Билік пен заңның бар күшін заңсыз жолмен, шалқып өмір сүретіндерге қарсы қолдану.

Қазақстан үшін индустриялы технологиялық стратегияны қалыптастыру қабілеттілігі дүниежүзілік тәжірибеден туындап отыр. Қолайлы жағдай туғанда еліміздің тірек саласы болып табылатын мұнай-газ өндіру және бүкіл өндіруші өнеркәсіп көлемі артады.

Тұрақты өрлеуді қамтамасыз ету үшін өндірісті диверсификациялау қажет.

Алдағы міндет:
1. Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастық алдында инвестициялар үшін тартымды жер ретінде көрсету.
2. Инвестицияларды пәрменді тарту.

2010 жылға дейінгі бастапқы кезеңде мына салалардға көңіл бөлу қажеттісі баса көрсетілді:
1. Ауыл шаруашылығы;
2. Орман және ағаш өнеркәсібі;
3. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі;
4. Тұрғын үй құрылысы;
5. Туризм;
6. Инфрақұрылым жасау.


Әлеуметтік стратегия.

Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын көтерудегі стратегия:
1. Ауруды болдырмау және салауатты өмір салтына ынталандыру.
2. Әйел мен бала денсаулығын жақсарту және қорғау.
3. Тамақтануды, қоршаған орта мен экологияның тазалығын жақсарту.

Көркеюші және саяси тұрақтанған Қазақстанға қажет үш белгі – ұлттық бірлік, әлеуметтік шындық, азаматтарының әл-ауқатыының артуы.

Ұлттық қауіпсіздіктің бір тірегі – миграциялық саясат. Ол – халықтың бір елден басқа бір елге қоныс аударуы.

Ресурстарды пайдалану стратегиясы.

Қазақстандағы табиғи ресурстарды, әсіресе энергетикалық ресурстарды пайдалану стратегиясы:
1. Халықаралық шарттар жасағанда Қазақстанның мүддесін, экологиясын, өз адамдарымыздың жұмыспен қамтылуы мен даярлануын, әлеуметтік міндеттерді шешу қажеттігін көздеу.
2. Мұнай мен газ экспорты үшін құбыр арналарының жүйесін құру.
3. Әлемдік қауымдастықтың ірі елдерінің мүддесін Қазақстанның әлемдік отын өндіруші ретіндегі роліне бағыттау.
4. Ішкі энергетика инфрақұрылымын құру мен дамыту, ішкі қажеттілік пен тәуелсіз бәсекелестік проблемааларын шешу үшін шетел инвестицияларын тарту.
5. Ресурстардан түсетін кірістерді үнемшілдікпен пайдалану.

Көлік пен байланысты дамыту стратегиясы.

Инфрақұрым, көлік пен байланылс саласындағы Қазақстанның міндеті – отандық көлік-коммуникация кешенінің бәсекестік қабілетін және Қазақстан аумағы арқылы өтетін сауда легінің ұлғайтылуын қамтамасыз ету.

Қазақстандағы жүк тасымалының негізі – темір жол. Осы саланың алдында тұрған стратегиялық міндеттер:
1. Халықаралық көлік және сауда байланыстарын Трансазия магистралі бойынша транзиттік жүк тасуды қамтамасыз ететін негізгі темір жол бағыттарын жаңарту.
2. Достық станциясын дамыту, Достық-Ақтоғай учаскесін нығайтуды аяқтау.
3. Барлық көліктік-коммуникациялық монополияларды қайта құрылымдауды жүзеге асыру.

Автомобиль жолдары бойынша:

Жеке меншік магистральдарды салу, қазіргі барларын жекешелендіру мен концессияға беру жөніндегі жұмыстарды бастау.

Әуе көлігі бойынша :
1. Авиацияда тәртіпті орнату және ұшақтар паркін лизинг пен жоғары деңгейді ұшақтардың белгілі бір көлемін сатып алу есебінен толықтыру.
2. Әуежайларды қайта жаңарту, қызмет көрсету мен сервисті қамтамасыз ету деңгейін халықаралық стандартқа жеткізу.

Су көлігі бойынша:

"Ақтау” айлағын қайта жаңарту және флотты кемелермен толықтру үшін шетел инвестицияларын тарту.

Байланыс және телекоммуникациялар желілері бойынша :
1. Шалғайдағы әлсіз дамыған аудандарға кем дегенде, байланыс қызметінің ең төмен деңгейін беру.
2. Болашақта әлемнің дамыған елдерінің инфрақұрылымдарымен бәсекелесуге қабілетті дербес және тиімді телекоммуникациялық қызмет көрсету жүйесін құру.

Қазақстанның әлемнің негізгі экономикалық аудандары аралығында орналасуы географиялық жағынан тиімді болып отыр. Ертедегі ірі Ұлы Жібек жолы өткен жерлерде енді темір жолы салынды. 1991 жылы Дружба-Алашанкоу темір жолы салынды, ал 1991 жылы мамырда Теджин-Серахс-Мешхед темір жол торабы (290 шақырымдық) іске қосылды.

Басқару саласындағы стратегия.

Қазақстан қоғамын басқарудағы негізгі міндеттер:
1. Мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы тиімді жүйесін жасау.
2. Басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру.
3. Ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру.

Үкімет пен жергілікті өкіметті түпкілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін 7 негізгі стратегия ұстанымдары:

1. Ықшам әрі кәсіпқой үкімет.
2. Стратегиялар негізіндегі іс-қимыл бағдарламалары бойынша атқарылатын жұмыс.
3. Ведомстволық үйлестіру.
4. Министрлердің өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін, есептілігін және олардың қызметіне стратегиялық бақылауды арттыру.
5. Орталыққа тәуелділікті жою.
6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.
7. Кадрларды талдау, даярлау және жоғарылату жүйелерін жақсарту.

Қоғамның даму стратегиясы.

Қазақстан елінің 8 артықшылығы баса көрсетіледі:
1) Тәуелсіз, егемен мемлекеттің негізі қаланды.
2) Ескі саяси және экономикалық жүйеден түбегейлі бөлектенді.
3) Қоғамдағы өзгерістер ықпалымен адамдар да түгел өзгерді.
4) Орасан зор байлық – табиғи ресурстар.
5) Жетекші фактор–адамдардың өзі, олардың ерік-жігері, күш-қуаты, табандылығы, білім-білігі.
6) Ауылшаруашылық жерлері.
7) Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігі.
8) Қазақстандықтардың байсалдылығы мен төзімділігі, кеңпейілділігі мен ақжарқындығы.

Қазіргі Қазақстанның күшті жағын көрсететін ең басты жетекші фактор – адамдар, олардың ерік-жігері, білім-білігі мен күш-қуаты.

Қазақстан қоғамы дамуындағы келеңсіз сипаттар:
1. Коммунистік ұстанымдар рухында тәрбиеленген адамдардың бірнеше ұрпақтары қалыптастырған – діл. Сондықтан бұқаралық сананы төзімділікпен жаңғырту қажет.
2. Өндіріс көлемдері төмендеуі әсерінен әлеуметтік ахуалдың төмендеуі.
3. Азаматтардың көпшілігінің табысы мен өмір сүру деңгейінің нашарлауы.
4. Ұлттық жинақтардың ұлғаюы мен капитал қорларының баялауы.
5. Кедейлік пен жұмыссыздық проблемалары.
6. Демографиялық өнімсіздіктің ұлғаюы.
7. Жете даярланбаған және нашар ұйымдастырылған мемлекеттік басқару.
8. Заңдардың жартыкештігі және тұрлаусыздығы.

Қазақстанның басты мұраты – ұлттық біртұтастық, әлеуметтік әділеттікке негізделген, әрі күллі халқының экономикалық әл-ауқаты артқан тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстанды сомдау.

Жолдаудағы өзекті сөздер – халықтың тұрмысын жақсарту, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

33 жыл өткеннен кейінгі қазақстандықтар бейнесі:
1. Жаупты да жігерлі, білім өрісі биік, денсаулығы мықты азаматтар;
2. Бейбіт, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары;
3. Жоғары ақы төленетін, оқытып үйретілген, Қазақстан халқының мүдделерін өздерінің жеке мүдделерінен биік ұстайтынына сенімді азаматтар;
4. Мемлекттің өздерінің құқықтарын қорғайтына және мүдделерін биік ұстайтынына сенімді, салауатты өмір сүретін азаматтар.

2030 жылы Қазақстан жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың – Қытайдың, Ресейдің және Мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын ролін атқаратын болады.

2030 жылы Қазақстан күрделі жолдан ойдағыдай өткен және дамудың келесі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ел болады.

Тақырып бойынша сұрақтар:

1. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ТЖМК) әрекетіне әлем жұртшылығының көзқарасы қандай болды?
2. Беловеж келісімі қашан болды?
3. Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты үш мәселені атаңдар.
4. Халықаралық байланыс нәтижелерінің маңызы неде?
5. Президент Н.Ә. Назарбаев "Қазақстан-2030” жолдауында қандай негізгі мәселелерге тоқталады?
6. Қазақстан қоғамын басқарудағы негізгі міндеттерді атаңдар.