Menu
Қазақстанда отаршылдық кезеңінің басталуы.
Главная » Қазақстан тарихы » Қазақстанда отаршылдық кезеңінің басталуы.

1. Патша өкіметінің Қазақстандағы әскери – отаршылдық әрекеттерінің басталуы.

Әскери бекіністер мен шептердің салынуы.

XVIIІ ғасырдың басында патшалық Россия қазақ даласында әскери бекіністерді салу арқылы өзінің әскери – отаршылдық әрекеттерін бастады. Қазақ даласы Россияны шығыс мемлекеттерімен жалғастыратын көпір іспетті еді. Қазақ даласы арқылы Европа елдерінен шығыстағы едердерге және одан кері қарай құрлықпен және сумен ең төте ежелгі сауда жолдары өтетін. Осы жолдармен Россиядан Орта Азияға, Ауғанистанға, Персияға, Қытайға, Үндістанға және басқа Шығыс елдеріне баруға болатын еді.

Орыс патшасы I Петр бұл елдермен экономикалық және саяси байланыс орнатып, оны дамыту үшін алдымен Қазақстан және Орта Азия елдерін Россияға қосып алу керек деп есептеді. Осы мақсатта қазақ жеріне бірнеше экспедиция жіберілді.

Швед флотымен теңізге шайқасқа әзірленіп жатқан корабльдермен Кронштадта жүрген I Петр 1714 жылғы 22 мамырда «Святая Наталья» галерасында Иван Дмитриевич басқаруындағы экспедицияны жабдықтау туралы жарлыққа жеке өзі қол қойды. 1715 жылдың шілдесінде, өз құрамында 2797 адамнан тұратын И.Д. Бухгольц отряды жорыққа шықты.

1715 жылғы бірінші қазанда И.Д. Бухгольцтің экспедициясы Ямышев көліне жетті, сол жерде Ямышевск деп аталатын бекініс салды.

Жоңғарлар қоршау кезінде (3-ай) қиратып тастаған Ямышевск бекінісінен қайтып келе жатып, Бухцольцтің отряды Ом өзенінің сағасына жетті және көптен күткен қосымша күшін алып, 1716 жылғы 20 мамырда Омбы бекінісінің негізін қалады.

Бухгольц Петербурге кеткеннен кейін толық қожайын болып алып, енді өз қалауы бойынша әрекет етуге уәкілдік алған Сібірдің бірінші губернаторы М.П. Гагарин Ертіс бойында жаңа бекіністер тұрғызу үшін воевода Павел Северский мен Василий Чередовты жібереді. 1717 жылдың жазында П. Северскийдің отряды – Железинск, В. Чередовтың отряды – Қолбасин бекіністерін салды. В.Чередов одан әрі жүріп, жаңа бекініс- Семипалатинск (Семей) бекінісін 1718 жылы салды.

Көп кешікпей патшаның өз өкімімен майор И.М.Лихарев басқаратын тағы бір әскери команда дайындалды, оған көлді (Зайсан) толығырақ зерттеу, сондай-ақ оған И.Д.Бухгольңтің экспедициясының сәтсіздікке ұшырауының егыжей-тегжейін білу тапсырылды.

Экспедицияның келе жатқан жолын үздіксіз қадағалап отырған жоңғарлар И.М.Лихаревтің солдаттарына оқ атып, оларды шегінуге, мәжбүр етті, сөйтіп шегінуге мәжбүр болған И.М.Лихарев қайтар жолында 1720 жылы Өскемен бекінісін салды. Нақты сол жылы тағы да бірнеше бекініс - Черноморецк, Черноярск, Верблюжск, Осморыжск, Убинск, Семиярск форттарын салып, 3 әскери- саяси шеп-Сібір, Ертіс және Колыван шептері үшін негіз қалады.

Абакан Острогімен (1707 ж.), Бикатун бекінісімен (1709 ж.) қатар, жақсы машықтандырылған гарнизондары, зеңбіректері көп, стратегиялық жағынан орналасқан жері қолайлы бұл бекіністер жергілікті тұрғындарды құнарсыз жерлерге ығыстырып, Ертіс өзендерінің аралығын Россия иелігіне бекітуді, өзін казак қоныстары арқылы қауіпсіздендіріп, отарлау тірегіне айналдыруды қамтамасыз етті.

XVIII ғасырдың орта шенінде патша үкіметі бүкіл елде, оның ішінде Еділ бойы, Орал, Сібір мен Қазақстан өңірінде әскери бекіністердің ескі шептерінің жарақталуын жақсартуға және жаңа шептер салуға кірісті. Осы кезде оң жағалауда Жайық казактарының күшімен 14 қамал: Переволоцк, Чернорегенск, Татищев, Нижнеозерная, Расыпная, Елек қалашығы, Жайық, Сахарная, Калмыкова, Көш-Жайық, Кулагина, Тополев, Бақсай, Гурьев қамалдары салынды. 1769 жылдың қарсаңында Жайық шебі бойында гарнизон әскерлері бар, семьяларымен қоса қазақтар мен қоныс аударған шаруалар бар 15000-ға жуық адам тұрды.

1734 жылы Жоғарғы Жайық шебінің негізі қаланды. XVIII ғ. 30-40-шы жылдары Жоғарғы Жайық қамалынан Звериноголовск қамалына дейін 770 шақырымға созылған үй шебін құру аяқталды.

1752 жылы 9 қамал мен 53 редуттан тұратын әскери бекіністердің Ново-Ишим шебін салу аяқталды. Бұл шеп 540 шақырымға созылған Уйск шебін Ертіс шебімен жалғастырды. Ново-Ишим шебінде 2518 башқұрт, 2 драгун полкі, 800 казак, тұрақты әскерлердің, эскадроны болды.

XVIII ғ. 50-ші жылдарында ұзындығы 930 шақырым Ертіс шебін (Семей, Омбы, Железинск, Петропавл, Өскемен, Ямышев қалалары) салу аяқталды.

Сөйтіп, қазақ даласы әскери бекіністер шебімен біртендеп қамту патша үкіметінің отарлауына кең мүмкіндіктер ашты. Әскери бекіністер шебінің бойында орыс, қалмақ, башқұрт халқы тез көбейді, казак станицалары мен шаруа слободалары пайда болды.

2. Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының Россия бодандығын қабылдау.

Экономикалық мешеулікпен, феодалдық бытыраңқылықпен қатар Қазақстанның өндіргіш күштерінің дамуын тежеген факторлардың бірі сыртқы саяси қауіп болды.

Халық үшін осы ауыр жағдайда қазақ хандықтары билеушілерінің алдында маңызды да күрделі міндет қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіз ету және елде күшейе түскен феодалдық бытыраңқылық үрдісін жою міндеті тұрды.

Қазақ қоғамының ішкі күрделі даму жағдайларында, жоңғарлар мен Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Жайық және Сібір қазақтарының қоршауында шын мәнінде экономикалық оқшаулау, ұлы империяның тұрақты қысым көрсетуі жағдайында бола отырып, қазақ жүздерінің билеушілері Россия империясы сияқты одақтас іздеуге мәжбүр болды.

Кіші жүздің Россия құрамына енуі туралы мәселені шешу кезінде Кіші жүз ханы Әбілқайыр бастаған хан партиясы елеулі роль атқарды. Ол қазақ хандықтары тап болған күрделі ішкі және халықаралық жағдайда қырдағы басқа топтардан гөрі дұрыс бағалап, бірінші кезекте Кіші жүзде Россия құрамына қосқан жағдайда Россияның көмегімен ғана Жоңғария, сондай-ақ Цин империясы тарапынан төнген қауіп-қатерді жоюға және ішкі алауыздықтарды тоқтатуға болатынын басқалардан бұрынырақ түсіне білді.

XVIII ғасырдың 20-жылдарына дейін султан болып жүрген кезінде Әбілқайыр орыстың дипломатиялық топтарына едәуір белгілі болатын. «Ақылы жеткілікті және қулықтан да ада емес адам» - деп ол жөнінде А.И.Тевкелев осындай пікір айтқан. Ол ең алдымен қазақ мемлекеттілігінің стратегиялық мүдделерін басшылыққа алып, екінші жағынан Россия әкімшілігіне сүйене отырып, өзінің басқа бәсекелестерінен жоғары болуға, оларды саяси аренадан ығыстырып шығаруға ұмтылды, атақты Тәуке ханның заманында болғанындай, өзі билеген хандықтың жеке-дара басшысы болу мақсатымен, халыққа қасіретті зардабын тигізетін жоңғар басқыншылығына жол бермеу үшін күш пен мүмкіндікті біріктіруге тырысты. Осы міндеттерді іс жүзіне асыруға ұмтылған Әбілқайыр 1730 жылдың жазында Уфа наместниктігі арқылы Петербургке елші жібереді.

1730 жылы 8 қыркүйекте Уфаға Әбілқайырдың Сейтқұл Қойдағұлов пен Құлымбет Қоштаев бастаған елшілігі келіп жетті. Олар әйел патша Анна Иоанновнаға Кіші жүзді Россия империясының құрамына қосу жөнінде өтініш жасады. «Біз Әбілқайыр хан,- деп көрсетілді жолдамада,- маған карасты Орта жүз бен Кіші жүздің көптеген ...халқымен сіздің алдыңызға күлліміз бас иеміз... Сіздің қамқорлығыңызда болсақ дейміз». Әбілқайыр өз жолдамасында қазақтар мен башқұрттар арасында қалыптасқан тым шиеленіскен қарым – қатынасты баса айтты. Хан Кіші жүзді Россия құрамына қосу бұл қарама қайшылықтарды жояды деп есептеді.

1731 жылғы 19 февральда императрица Анна Иоанновна Әбілқайыр ханға және бүкіл қазақ халқына олардың Россия қоластына ерікті түрде қабылданғандығы туралы грамотаға қол қойды. Оны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 30 сәуірде Кіші жүзге А.И. Тевкелев бастаған елшілік жіберілді. Олармен бірге Петроградка жіберілген қазақ елшілері де оралды.

Кіші жүз қазақтарының Россия қоластына қабылдануында атақты Бөгенбай батыр елеулі роль атқарды. 1731 жылғы 10 қазанда Тевкелевті қазақ ру басыларының жиналысына шақырды, онда Әбілқайыр, содан соң Бөгенбай батыр, Есет, оның тумасы Құдайназар мырза, ал олардан кейін тағы да 27 білікті қазақ феодалдары Кіші жүздіңРоссияға өз еркімен қосылуы туралы юридикалық актіге қол қойды.

Орта жүздің Россия бодандығын қабылдау 1731 жылы 15 желтоқсанда Тевкелевпен келіссөз жүргізген Орта жүздің ханы Сәмеке Россия империясының құрамына кіретінін білдіріп, ант беріп, «өзінің мөрін басты».

Россия патшасының Кіші жүзді қоластына алғанын естіп, Ұлы жүздің атынан Қодар би, Төле би, Сатан батыр, Бөлек батыр әйел патша Анна Иоанновнаға хат жазып, Ұлы жүзді де өз қоластына қабылдау жөнінде өтініш жасады. Бұл хатты Петроградқа Қангелді батыр жеткізді. Мұның өзі Россия құрамына енуге Ұлы жүз тарапынан жасалған алғашқы әрекет болды.

1734 жылы 10 тамызда Россия патшасы Ұлы жүзді Россия құрамына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойып, Ұлы жүз хандығына “ Сіздерді қоластымызға Әбілқайырды алған шарттар бойынша аламыз”. –деген қағаз жіберді. Алайда Ұлы жүздің Россиядан шалғайлығы сондай-ақ оның Жоңғариямен мейлінше күрделі әрі шиелініскен қарым – қатынас қазақ жерлерінің Россия құрамына енуін іс жүзінде асыруға кедергі келтірді. Оның үстіне Ұлы жүздің Россияға қосылуын белсене жақтаушылардың бірі Жолбарыс хан 1740 жылдың 5 сәуірінде опасыздықпен өлтірілді.

1740 жылы Орынбор экспедициясынің бастығы генерал – лейтенант князь В.А.Урусов Орынборға елшілік тапсырмамен келіп, 19 мамыр және қыркүйек аралығында Нуралы, Ералы султандармен, Жәнібек, Бөгенбай және Есет батырлар кейінрек Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай султанмен келіссөздер жүргізді.

Келіссөздердің барысында 22 тамызда Нуралы, Ералы султандармен Жәнібек батырға ере келген 106 ру басы Россияға қарайтыны туралы ант берді, ал 28 тамызда 1740 жылы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай султан Россияға қарайтыны жөніндегі шартқа қол қойды. Сөйтіп, 1740 жылғы тамыздың аяғында Кіші жүздің барлығы 399 өкілі Россияға қарайтыны туралы шарттың міндеттемелер қабылдады.

Патша үкіметінің қазақ жүздеріндегі саясаты олардың қосылуы басталғаннан кейінгі алғашқы жылда әжептәуір икемді саясат болды. Жерді пайдалану саласындағы шектеу шараларымен, әскери барлаулар, ұлттар арасындағы қақтығыстар, қазақ феодалдарын бір-біріне қарсы қою практикасымен қатар келіссөздер де жүргізіліп, сауда қатынастары көтермеленіп отырды.

Сонымен Кіші және Орта жүздерінің бір топ султандары мен ру басыларының 1740 жылы ант беруі Россияға Орта жүздің тек 1 бөлігінің ғана қосылуын қамтамасыз етті. Ал Солтүстік – шығыс және Орталық Қазақстанның негізгі аймақтары империя құрамына тек XIX ғасырдың20-40 жылдыры ғана патша өкіметінің әскери-саяси акциялары салдарынан қосылды.

3. XVIII ғ. екінші жартысындағы Қазақстан. Абылай хан (1771-1781 жж.).

XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан.

XVIII ғасырдың ортасында Орталық Азияда маңызды өзгерістер болып өтті. Жоңғарлардың қазақтарға қарсы жауластық әрекеттері 1745 жылы Калдан-Церен қайтыс болғаннан кейін Жоңғар хандығының өз ішінде орын алған оқиғаларға байланысты әлсірей түсті. Жоңғарияның әлсіреуімен оның қазақ жерлерін жаулап алу қауіпі жойылды. 1748 жылы Әбілқайыр ханды Барақ султанның өлтіруі Россия өкіметін мазаламай қалмады. Әбілқайыр тұсында қалыптасқан саясатты жалғастыруға мүдделі Петербург сарайы Россияға бейімделушілік бағытын устаған феодалдық топтарға үміт артты. 1749 жылы Нуралы Кіші жүздің ханы болып тағайындалды. Алайда патша үкіметінің отарлау бағытындағы саясатының күшеюі жүздегі старшиндардың ханға бағынбауының әртүрлі формасында көрінген ішкі саяси жағдайы шиеленістіріп жіберді. Бұл Орал мағайын ашық отарлау жолына түскен Орынбор әкімшілігіне және Россияның саясатын қолдаған Нуралы ханға қарсы күрес еді.

1756 жылы қазақтардың қысқы уақыттарында малдарын Жайықтың оң жағалауына өткізуіне тыйым салған патша (Елизавета Петровна) жарлығы шықты. Жайық қазақтарының мүддесі үшін қабылданған үкімет шешімі оған қарсы көңіл-күйді күшейте түсті. Орыс селендерін көшпелілер шапқыншылығынан қорғауға бағыштап, патша үкіметі әсіресе Жаық өзені бойымен жылдамдата салған бекіністер мен басқада әскери құрылыстар қазақ жерлерін отарлау орталықтарына айналды.

Қазақ мемлекеттілігінің қалдықтарымен күресудің келесі кезеңі Кіші жүзде хан билігінің жойылуына әкеп соғатын Россиялық басқарудың жаңа жүйесін енгізу әрекеттері болды. Алайда, Орынбор губернаторы барон Игельстромның әуел баста II Екатирина мақұлдаған бұл реформасының жобасы сәтсіздікке ұшырап, іске аспай қалды. Көп кешікпей Россия саясатын жүргізуді қамтамасыз етпеген және батыр Сырым Датұлы көтерілісінің қыспағында ұшыраған Нуралы хан биліктен шеттетілді.

Шығысында Цан империясымен тікелей жанасатын, сондықтан Россия империясы билеуші топтарының ерекше қам жасауын тұғызған Орта жүздегі жағдай бұдан біршама басқаша қалыптасты. Көбінесе Жоңғарияның циндер жаулап алған иеліктерін құрайтын жерлерден Циньцзян имперлік уәлилігінің құрылуы қазақ-орыс және қазақ- қытай қарым – қатынастарына көптеген өзгерістер енгізді. Сөйтіп, патша өкіметінің осы аймақта әскери - әкімшілік әрекеттер жүргізуін едәуір дәрежеде тездете түсті.

Орта жүзде әскери желілер салу қазақ жерлерін күрделі саяси жағдайда отарлаудың тірек базасына айналды. Шекаралық желі үш бөлімнен тұрды: Оңтүстік – батыс жағынан - Сібір далалық бекінісінен Омск бекінісіне дейін ұзындығы 553 шақырым Горькая желісі, Омск бекінісінен Ертістің оң жағалауымен Малонарымск дала бекінісіне дейін, жалпы ұзындығы 1684 шақырым Өскемен бекінісінен Алтай тауларының батыс беткейімен Колывандық тау-кен заводтарының арасы арқылы Кузнецк бекінісі бағытында (Колыванск желісі), ұзындығы 723 шақырым.

Бекіністердің құрылымы қазақтардың дәстүрлі қоныстарын тарылтты. Сібір әкімшілігі мен қазақ султандары арасында шиелініс тудырды. Аймақта патша өкіметі әскери әрекеттерінің күшеюі, циндік әскерлердің Қазақстан жеріне басып кіру қаупі Абылай бастаған ықпалды султандардың Россия бодандығын сақтай отырып, Цин богдыханның сюзерендік жоғарғы өкімет билігін қабылдауына түркі болды.

Абылай және оның билігінің нығаюы.

Орта жүз бен Ұлы жүздегі жағдай аз уақыт турақталғаннан кейін XVIII ғасырдың 40-жылдарының аяғына қарай тағыда шиелініске бастады. Қойтайшы Калдан –Церен қайтыс болған соң Жоңғарғарияда орын алған өзара қырқыс осы құдіретті державаның әлсіресеуіне және бүкіл аумақтағы саяси жағдайдың шиеленісуіне әкеп соқты. Қалыптасқан жағдайды пайдаланған қазақ даласының билеушіері де Жоңғария мен көрші мемлекеттердің істеріні белсене араласа бастады. Орта жүз бен Ұлы жүздің ресми ханы Әбілмәмбет болып қалғанына қарамастан, нақты билік бірте-бірте ықпалды султан Абылайдың қолына жинақтала берді, ол қазақ – жоңғар соғыстарының барысында қалыптасқан батырлар мен билердің үлкен қолдауын сүйенетін.

Абылай хан 1711 жылы қанішер Абылай ханның баласы Уәли султанның шаңырағында дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған аты Әбілмансұр болатын. Жоңғарлар Түркестанды алып, Уәли султанды өлтірген кезде, 13 жасар бала мүлде панасыз қалады да, Әбілмансұр Ораз дейтін құлының арқасында жан сақтап, бұғанасы бекиді. Ұйпа – тұйпа болып жүргені үшін жұрт оны Сабалақ деп атап кеткен. Болашақ хан Әбілмансұр 1730 жылы ауыл адамдарымен бірге жоңғарларға қарсы шайқасқа қатынасып, өзінің асқан ерлігі, батылдығымен көзге түседі. Сөйтіп, Абылай 30-жылдардың аяғынан бастап, елдің саяси өмірінде тағдырлы соғыс және бейбітшілік проблемаларын шешкен көрнекті тұлғаға айналды. Сол арқылы Абылай бүкіл күш- қарайтын жоғарғы билікті нығайтуға және қазақ хандығын ұзаққа созылған саяси дағдырыстан шығаруға бағыттады. Қазақ руларының Абылай төңірегіне топтасуы оның Жоңғарияға қарсы белсенді де нысаналы қимылдауына көп жағынан көмектесті.

Цин агрессиясына тойтарыс беру және Қазақстанның шығысындағы жерлердің қайтарылуы Орта жүзде ғана емес, Ұлы жүзде де Кіші жүзде Абылай султанның билігін нығайтты. 1752 жылы Барақ султан қайтыс болғаннан кейін ол іс жүзінде қазақ жерлеріндегі бірден - бір толық құқығы билеушіге айналды.

Әбілмамбеттің мәртөбесі 2 жақты болды. Бір жағынан, ол жоғарғы хан деп есептеле берді және Ұлы жүз бен Орта жүз қоңыстарын тексеру сапарына жиі шығып тұрды. Екінші жағынан Әбілмамбет Абылайсыз бірде – бір елеулі шешім қабылдамайтын. Мәселен, 1763 жылы Орталық Азия елдерінің циндерге қарсы одағына қосылуға шақырып, өзіне жолданған хатты ол Абылайға жіберген .

Орта жүзде Абылай билігінің нығайюына елдің оңтүстік шекараларын нығайту жөніндегі белсенді қызметі себепші болды. 50-60 жылдардың басында қазақтардың қырғыздармен қатынастары ерекше шиеленісіп кетті. Алатаудың солтүстік жағындағы, Жоңғария құлағыннан кейін қазақтар да, қырғыздар да көз тіккен Жетісу жайылымдары дау нысанасына айналды. 50 жылдардың аяғында бұл жерлерге Ұлы жүздің қауымдары берік орнығып алған еді, алайда 60-жылдардың басында жер дауы ашық соғысқа ұласты. 1760 жылы қырғыздар дулат және қоңырат руларының қоңыстарына шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде Абылай едәуір әскер жинап, тамыз айында Талас қырғыздарын жеңіліске ұшыратты. Алайда, қазақтардың жеңіске жеткеніне қарамастан, 60 жылдарда жанжал шешілген жоқ. Бұған Қазақстанның халықаралық аренадағы күрделі жағдайын, қытайлардың басып кіру қауіпінің сақталуы, сондай-ақ күшейіп келе жатқан Қоқан мемлекеті тарапынан қауіп тууы себебі болған еді. Дегенмен, 60-жылдардың аяғында Абылай Қазақстанның онтүстігінде де өз жағдайын нығайтып алды. Ұлы жүздің қазақтары әділетті түрде оны өз мүдделерін қорғаушы деп біле бастады. Сонымен, 60-жылдардың аяғына қарай Абылай султан Қазақстанның көпшілігі бөлігінде жоғарғы билікті нығайтып алды. Орта жүз бен Ұлы жүз оған толық бағынды, Кіші жүздің көптеген билеушілерімен ол әулеттік қыз алысып, қыз берісу арқылы туыстық жағынан байланысты болды. Батыр хан мен Ералы султан оның одақтастары еді, тіпті Нуралы хан онымен санасуға мәжбүр болды. Әбден қартайған Әбілмәмбет ресми түрде жоғарғы билеуші болып қалғанымен, сол кезеңнің өзінде-ақ Абылай ресми хат алысқанда хан деп атала бастайды. Әбілмамбет қайтыс болғаннан кейін ғана Абылай 1771 жылы жалпы қазақ ханы болып жарияланды. Бұл бір тутас тәуелсіз қазақ хандығын сақтауға жасалған соңғы әрекет еді.

Абылай ханның ішкі саясатты.

1771 жылы Абылайды жалпы қазақ ханы етіп сайлау үшін жағдай жасалды. 1771 жылдың күзінде ұзақ уақыт бойы ақылдасқаннан кейін барлық үш жүздің өкілдері жаңа ханды сайлау үшін хандықтың ежелгі астанасы Түркістан қаласына келді. Абылайға ықпалды жырау Бұқар Қалқаманұлы, Әбілпейіз және Болат султандар, Нуралы ханды қоспағанда, Кіші жүз қазақтарының билеушілері, Орта жүз бен Ұлы жүздің өкілдері сөзсіз қолдау көрсетті. Халық көп жиналған кезде қазақ дәстүрі бойынша Абылай ақ киізге көтеріліп, үш жүздің ханы болып жарияланды. Абылай қазақ хандығының бірлігін қалпына келтіре алды.

Бүкілхалықтық мойындауға және үш жүздің ханы атағына қарамастан, Абылайдың билігі шексіз билік болған жоқ. Султандардың едәуір бөлігі әсіресе Барақ султан мен Әбілмамбет ханның ұрпақтары Абылайды тақты заңсыз иеленді деп санады. Хан билігіне наразы болған кейбір ру басылар оны тіпті әскери күшпен құлатуға да тырысты. Дағдылы құқықпен шектеулі Абылай, Ш.Уәлихановтың айтуынша, султандар мен рубасылардың бетімен кетуін ауыздықтауға ұмтылды. Абылайдың орасан зор беделі қазақтарды ханға бағынышты ұстамды. Абылай өзгерген сыртқы саяси жағдайда аман келу үшін қазақ хандығының саяси жүйесін көбірек орталықтану жағына қарай өзгерту қажет екенін өте жақсы тусінді. Бұған жету үшін хан бірнеше бағытта әрекет жасады.

Біріншіден, Абылай биліктің орталықтандырылуын нығайтуға ұмтылды. XVIII ғасырдың бірінші ширегінде әрбір ру бірлестігі іс жүзінде автономиялы болды және оларды өздерінің билері, рубасылар басқарды. Бұл жүйе жағдайында хан көп жағынан билердің еркіне тәуелді болды және оның жекелеген рулар деңгейінде шешім қабылдауға ықпал етуге үлкен мүмкіндіктері болмады. XVIII ғасырдың 20-30 жылдарыңда бұл жүйе өзгере бастады, султандардың рөлі арта түсті. Абылай хан 3 жүзді өзінің туыстары, балалары арқылы билей бастады. 1774 жылы Әділ султан Ұлы жүздің бір бөлігінің билеушісі болып тағайындайды, Солтүстік – шығыс Жетісуді оның басқа бір баласы Сүйік, орталық Қазақстанды Қасым билік етті. Орта жүз бен Ұлы жүздің барлық дерлік жері ханның балалары арасында бөлінді. Тек, Кіші жүзде және Орта жүзден батыс бөлігінде Қайып ұрпақтары, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарынды -Барақтың ұрпақтары, ал Қытаймен шекара өңіріне таяу жерлерде және Сырдарияда Әбілмамбеттің ұрпақтары- султандар билік етті.

Орталық билікті күшейту үшін Абылай бір қатар жаңа өзгерістерді енгізіп заңдастырды. Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы », Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдарындағы хан билігіне қойылған шектеулерді жойды. Ірі ұлыстарды билеуде хан өзіне жақын султандарды тағайындауда, олардың қызметі және оның тұлға ретіндегі қассиеттеріне сүйенді. Дағдылы құқықтың дәстүрлі түсініктеріне қарамастан, Абылай хан қылмыскерлерді өлім жазасына кесуге үкім шығару құқығын өзі алды. Бұл міндет бұрын билер қазылығында ғана болатын. Сөйтіп, сот істерін шариғат ережелерін негізгі алып жүргізетін билер сотына шек қойылды. Сонымен қатар Билер Кеңесі мен рубасы ақсақалдар съезінің құқықтары едәуір шектелді. Сарай маңына топтасқан батырларға сүйеніп, Абылай хан өзіне қарсы шыққандарды қатыгездікпен басып тастап отырды.

Абылай хан әскери істерді де қайта кұруға жан-тәнін жұмсады. Көшпелілердің Шыңғыс хан заманынан бері сүйекке сіңген соғыс машығын (тактикасын) кеңінен қолдану мен қатар, жаңа жағдайға байланысты жаңа әдіс-тәсілдер шығарып отырды. Жеке жауынгерлердің белсенділігін арттырумен қатар, бір-екі жылға емес ұзаққа созылуы мүмкін үлкен соғыстың стратегиялық жоспарын жасайды. Абылай хан қазақ елінің шаруашылық құрылымына өзгерістер енгізуге тырысты. Ертіс пен Еділ бойында, Көкшетау, Тарбағатай өңірлерінде егін шаруашылығының дамуына зор мән беріп, барынша қолдап отырды. 1761 жылы императрица Елизавета Петровнаға жолдаған хатында ағаштан үй түрғызу үшін бірнеше ұстаны және 200-300 пұт астық жіберуді сұраған. 1772 жылы вице-канцлер М.Л.Воронцовтың жарлығымен Абылай ханға арналған Есіл өзеніне таяу Жаңғызтау деген жерде ағаштан үй салынды. Абылай хан қазақ халқының мәдениетін дамытуға белгілі көңіл бөлді. Оның төңірегіне аса белгілі жыраулар мен күйшілер, шешендер, қазақ даласына белгілі суырып салма ақындар топтасты. Олар: Тәтіқара ақын, Үмбетай, Бұхар жыраулар... ханның кеңесшісі, әрі қазақ хандығы дербестігігің жыршысы Бұхар жырау ішкі және сыртқы саясатта мейлінше ықпал еткен адам болды. Алайда дағдылы құқықтың дәстүрлі болуы және басқарудың нақты тұтқалардағы кемшіліқ Абылай хандықтың саяси жүйесіне реформаны ақырына дейін жүргізуге мүмкіндік бермеді. Хан билігін бұрынғысынша билер мен султандар едәуір дәрежеде шектеп отырды. Мемлекеттіқ машинаның орнықтылығы түгелдей және толығымен ханның өз беделіне, оның күрделі саяси проблемаларды шешу кезінде ымыраластық таба білуіне байланысты болды.

Абылай ханның сыртқы саясаты.

Абылайдың сыртқы саясаты да икемділігімен және ымыршылдығымен сипатталды. Оның Россия мен Қытай сияқты күшті мемлекеттермен қатынастарының Орта Азия мемлекеттерімен қатынастарынан едәуір айырмашылығы болды. Отаршыл империялардың күш-қуатын өте жақсы ұғынған хан, бір жағынан Россия протекторатын танудан бас тартпай, екінші жағынан өз иеліктеріңде екі державаның да ықпалы күшеюіне жол бермей, олармен қатынастарда барынша икемділіккөрсетуге тырысты. Бір жағынан, Абылай Қытайдың өкімет орындарын өзінің адалдығына үнемі иландырып отырды, екінші жағынан, ол мәселені «Россия сарайына әлдеқайда ынталықпен..., ал Қытай ханымен хат жазуды бір нәрсе үшін, оған бағынышты қырғыз-қайсақтарға Қытайлардың реніш көрсетіп, қысым жасамауы үшін жалғастырып» отырған сияқты етіп көрсетті. Хан өз иеліктерін агресияшыл көршілерінен осылайша қауіпсіздендіріп қана қоймай, жекелеген пайда келтіруге де тырысты. Мәселен, 1772 жылы ол Россиядан өзінің сыртқы және ішкі жауларына қарсы күресу үшін тағы да әскер сұрады. Шынына келгенде, Абылайдың адалдығына күмәнді Россия да, Қытай да оған әскер бөлуден бас тартты.

Россияның өкімет орындары Абылай ханды өзінің ықпал өрісінде ұстауға ұмтылды, сондықтан да 1777 жылы хан жазбаша өтініш жасаған жағдайда оның хан атағын тануға әзір екенін ресми түрде хабарлады. Мұндай дипломатиялық қадам өзінің сыртқы саяси аренадағы беделін нығайта түсетіннің түсінген Абылай Петербургке өзінің баласы Тоғым бастаған елшілік жіберді. 1778 жылы ғана II Екатерина оны хан деп және Орта жүздің ханы деп бекіту туралы грамотаға қол қойып, оның Кіші жүз бен Ұлы жүзге биліг танығысы келмеді. Бұған ызаланған Абылай Орынборда Троицкіде, тіпті Петронпавлда да ант беруден бас тартты. Ол 70-жылдардың аяғына қарай Абылай Россиямен қандай да болмасын қатынастарының бәрін мүлде үзді.

Абылайдың оңтүстіктегі көршілерімен қатынастары басқаша болды. Оның күш салуы арқасында қайтадан қазақ аймағына айналған Жетісуда қырғыздармен қақтығыстары жалғаса берді және Абылай оларға қарсы ара– ура жорықтар жасап тұрды. 1774 және 1779 жылдырдағы жорықтар қырғыз руларының бір бөлігінің қазақ хандығына бағынуына жеткізді. Ташкентпен және Ходжентпен соғыста Сайрам, Шымкент, Созақ, Ташкент қазақтарға қайтарылды. Сонымен Абылай ханныңXVIII ғасырдың 70 жылдарындағы сыртқы саяси қызметі қазақ мемлекетінің бірлігін уақытша қалпына келтіруге, оның халықаралық аренадағы жағдайының нығайюына жеткізді. Абылайға дейін де, одан кейін бірде-бір қазақ ханының мұндай шексіз билігі болған емес. Бұл ең алдымен оның билігінің сөзсіз құдыреттілік сипатына байланысты еді. Көреген саясатшы және шебер дипломат Абылай өзіне ергендердің сүйіспеншілігіне және қарсыластарының құрметіне лайық бола білді. Бұған ханның жеке қасиеттері де едәуір дережеде себепші болды. Абылай мұсылманша жақсы сауатты болды, оқып, жаза білді. Ол сирек кездесетін саясатшы, қолбасшысы және дипломат болды. Дегенме де, ол тарих көшінөзгерте де, көшпелі өркениеттің бұрынғы күш – қуатын қайтадан келтіре де алмады. Ол қайта түлеткен біртұтас Қазақ хандығы ханның өзі қанша өмір сүрсе, сонша өмір сүрді. 1781 жылы шамамен 70 жасында Абылай Ташкенттен Түркестанға келе жатқанда дүние салып, Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленді.

4. Абылай хан мирасқорлары билік еткен кезеңдегі Орта жүз аумағындағы саяси жағдай. ( XVIII ғ. аяғы- XIX ғасырдың басы).

Уәли хан билік еткен жылдардағы Орта жүз.

Абылай хан қайтыс болғаннан кейін Орта жүз бен Ұлы жүздің аумағында ұзаққа созылған саяси дағдарыс басталады. Ол ақыр аяғында қазақ хандығының саяси жүйесінің ыдырауына және оның өз тәуелсіздігінен айырылуына әкеп соқты. 1768 – 1774 жылдардағы орыс–түрік соғысының барысында Россия әскерлері Қырым мен Ноғай даласын басып алды, ал 1783 жылы Қырым хандығы тіршілік етуін тоқтатты. Россия Алтын Орданың мұрасына және Евразияның барлық халықтары арасындағы басты рольге жекедара дәмелене бастады. Бұл Россияның Орталық Азияға, соның ішіндегі Қазақстанға экспансияшылдық саясатын жеңілдетті.

1781 жылы Абылай хан қайтыс болғаннан кейін күздігүні қазақ қоныстарында оның үлкен баласы Уәлиді хан жариялауға дайындық басталды. Онан басқа хан атағынан Барақ, султанның баласы Дайыр және Кіші жүз ханы Батырдың баласы Құдайменді султан дәмеленді. Уәли султан таққа басқа үміткерлерді жеңіп, 1781 жылдың желтоқсаныңда Ханбаба султанның ауылында Цин елшілерінің, султандардың қатысуымен хан жарияланып, ақ киізге көтерілді. Сол жерде Абылайға ас берілді. Сайлау рясіміне әр түрлі қазақ руларының бес жүзден өкілі қатысты, соның ішінде орыс елшісі Чугаловта болды. 1782 жылдың басында Уәли Петропавл бекінісіне барып, Россияға адалдыққа ресми түрде ант берді және оны Россия әкімшілігі таныды.

Уәлидің бір мезгілде Россияға да, Қытайға да ант беруінің өзі әкесінің саясатын жалғастыруға ұмтылғанын көрсетеді. Дегенмен де, оның билігі Абылай ханның қолында болғанындай абсолютті билік болған жоқ. 80-жылдардың басында қаракесек және төртуыл руларында Барақ султанының баласы Дайыр хан болып жарияланды. Оны Нура өзенінің бойында арғың руларын басқарған Бөкей султан қолдады.

Дайыр хан 1786 жылы өлді және оның інісі Бөкей сайлануға қол жеткізе алмай, өз иеліктеріне султан атағымен билік ете берді. XVIII ғасырдың аяғында Орта жүзде екі хан Уәли мен Ханкөже (Барақ султанның баласы) калды.

Уәли ханның ішкі саясатын шекаралық шепке жақын жерде көшіп жеретін султандар мен ақсақалдардың бір бөлігінің орыстарды жақтайтын пиғылдарды да қиындата түсті. Соңғылары патша әкімшілігіне ханның озбырлығы мен қысым көрсетуіне жиі шағым жасайтын. Нәтижесінде шекарада тұратын қазақтар, орыс иеліктеріне көшіп кетіп отырды. 90 жылдырдың басында Уәли Оңтүстік Қазақстанда бақылау жасаудан айырылады және Жетісудің өз бауырлары Сүйік және Әділ султандар билік еткен бөліктерінде ғана оның билігі сақталып қалды. Ханның 1785 жылы қырғыздармен соғысы осы аймақтағы тағы бір сәтсіз сыртқы саяси әрекеті болды.

Уәлидің Цин империясымен қатынастары неғұрлым тұрақты болып, үнемі елшіліктер алмасып отырды. 1800 жылы ханның өтініш бойынша император Цзяцин Ғаббас султанды Уәлидің мирасқоры деп ресми түрде таныды. Ғаббас Уәлидің тірі кезінде өлді, оның басқа балалары не жас болды, не айтарлықтай беделі болмады. Хан билігінің әлсіреуі орталық Қазақстанның қазақтарының 1816 жылы Бөкейді өз билеушілері деп жариялауына әкеп соқты, оны орыс үкіметі ресми түрде танып, сол арқылы Уәлидің Орта жүзге ықпалын әлсіретуге тырысты. Бөкей хан 1819 жылда қайтыс болғаннан кейін, оның орнына Шыңғыс сайланды, алайда оның Нураның жоғарғы ағыстары мен Қарқаралы және Кент тауларының төңірегінде көшіп жүретін бірнеше қауымдарға ғана билігі жұрді. СоныменХІХ – ғасырдың бірінші ширегінде Орта жүзде Уәлиден басқа, оның билігіне таласқан тағы да үш хан болды. Уәли өзінің баласы Ғұбайдолла султанды мирасқоры деп жариялап, 1821 жылы қайтыс болды.

Уәли хан мен оның бақталастары билік етуінің негізгі қорытындысы қазақ хандығының жалпы әлсіреуі еді. Басқарудың үлестік жүйесіне көшу- султандар ықпалының өсуіне, ал XVIII аяғы-ХІХ ғасырдың басында орталық биліктің бөлшектенуі іріткі салу сарынның күшеюіне және мемлекеттің іс жүзінде ыдырауына әкеп соқты. НәтижесіндеХІХ ғасырдың 20-жылдарыңда Россияның Орта жүзде хан билігін жоюға әрекет жасауына және қазақтарды тәуелсіздігінен айырып, Қазақстанды Россия империясының бір бөлігіне айналдыратын әкімшілік реформалар жүргізуіне мүмкіндік берды.

2