5. 1822 және 1824 жылғы Сібір және Орынбор қырғыздары туралы ереже. Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық биліктің жойылуы.
1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғы»
1781 жылы Абылай өлгеннен кейін Орта жүзде оның үлкен баласы сұлтан Уәли хан болып жарияланды. Уәли ханның қаталдығы оның қол астындағылардың наразылығын туғызды. 1795 жылы қазақтар патшаға оны тақтан алу жөнінде өтініш жасады. 1815 жылы Орта жүзде Уәлидің позициясын әлсіретуге тырысып, үкімет екінші ханды, Бөкейді тағайындады. 1817 жылы Бөкей хан және 1819 жылы Уәли хан өлгеннен кейін Орта жүзде жаңа хандар бекітілмеді. Патша әкімшілігі хан өкіметін таратып, «Сібір қырғыздары туралы уставқа» сүйене отырып, басқарудың жаңа аппаратын құрды, бұл уставты 1822 жылы Россияның XIX ғасырда белгілі либералдық пиғылдағы қайраткер, өз дәуірінің аса білімді тұлғаларының бірі граф М.М.Сперанский жасады. Бұл жұмысқа болашақ декабрист Солтүстік қоғамның мүшесі Г.С. Батеньков белсене қатысты. Оған М.М. Сперанский жергілікті статистика үшін материалдар әзірлеу мен жинауды тапсырған еді.
Орта жүзде жаңа әкімшілік құрылым мен сайлау жүйесі енгізілді. «Уставта» денсаулық сақтау жөнінде кейбір шаралар бегіленді, атап айтқанда қырдағы бекіністер гарнизонына қызмет көрсету үшін ауруханалар салу, көшпелі халық арасында шешекке қарсы егу жұмысын жүргізу белгіленді. Қазақтарға арналған балаларын жалпы негіздерде империяның оқу орындарына жіберуге құқық берілді.
Жарғымен міндеткерлік пен салықтардың жаңа санаттары енгізілді. Реформа Қазақстанда сауда-экономикалық үрдістің өсуі үшін оң алғышарттар тұғызды. Жарғының негізінде қазақтарға өз тауарларын еш шектеусіз еркін өткізуге мүмкіндік берді.
1822 жылы Сібір екі бөлімге: бас басқармасы Иркутскіде болатын Шығыс бөліміне (Сібірге) және орталығы Тобылда, ал 1839 жылдан бастап Омбыда болған Батыс Сібірге бөлінді. Батыс Сібірге: Тобыл, Томск және Омбы облыстары кірді, ал Омбы облысына қазақ даласының Орта жүз қоныстанған жерлері мен Ұлы жүз қоныстанған жерлерінің бір бөлігі кірді. Ол жер «Сібір қырғыздарының облысы» деп аталды да, 1822 жылы оған арналып «Сібір қырғыздары туралы устав» талдап жасалынды.
«Устав» бойынша «Сібір қырғыздарының облысы» сыртқы және ішкі округтерге бөлінді. Сыртқы округтерге Ертістің сыртында көшіп-қонып жүрген қазақтар кірді. Округтер болыстарға, болыстық ауылдарға бөлінді. Болысты бөлудің негізінен жераумақтық (территориялық) емес, рулық принцип алынды. Сондықтан да болыс ру аттарымен мысалы Кенжеғали, Қаржас және т.б деп аталды. Жаңа заңды іске асыру барысында рушылдықтың іргесі сөгіліп, айтақаларлықтай өзгерістерге ұшырады. Қазақтардың белгілі бір әкімшілік шеңберінен екінші бір әкімшіліктің жеріне ауысуы шектеліп, бұрыңғы көшіп қонудың рулық тәртібі бұзылды.
Ауыл старшиндері қазақтардан сайланды. Болыстыққа сұлтандар сайланып, бұл қызмет шын мәнісінде атадан балағы мұра болып қалдырып отырды.
Полиция мен сот өкіметі органдарын округтік приказ басқарды, ал оларға үш жылдық мерзіммен сайланатын аға сұлтандар билік жүргізді. Олардың патша әкімшілігі белгілеген орыстан екі кеңесші болды. Сонымен қатар қазақ зиялылырынан сұлтандар мен билердің сайлауы арқылы қойылған екі заседатель отырды.
«Жарғы» билер сотын жалпы империялық сотпен біртіндеп алмастырып ,
олардың құқықтарын шектеудің негізін қалады. Сот әкімшіліктен бөлінбеді. Жергілікті өкімет органдарына полиция функциялары да берілді. Олар қылмыс істеді деп айыпталған адамдарды іздеп табу, тергеу және оларды ұстау міндеттерін атқарды.
1822 жылғы «Жарғы» бойынша барлық сот істері үш категорияға бөлінді: а) қылмысты істер; б)даулы істер; в)басқару үстінен берілетін шағымдар жөніндегі істер. Қылмысты істер империясы жалпы заңдары негізінде округтік приказдарда қаралды. Қылмысты істерден өзгеше даулы істерді ауылдар мен болыстарда жергілікті қолданылып жүрген әдет-ғұрыптардың негізінде билер соты талқылады.
Орта жүздің әкімшілік құрылымы:
ОКРУГ
(15-20 болыс)
Басқарушысы- округтік приказ және аға сұлтан
БОЛЫС
(10-120 ауыл)
Басқарушысы-болыс сұлтаны
АУЫЛ
(50-70 шаңырақ)
Басқарушысы- ауыл старшыны
1822 жыл- Орта жүзде хандық билік жойылды.
Әкімшілік-саяси реформаның салдары:
-Қазақстанды басқаруды жеңілдетіп,өзара рулық қырқыстарға соққы берді.
-Өлкені шаруашылық жағынан игеруге қолайлы жағдай жасады.
-Ресми отаршыл саясатын кеңейтуге жол ашты.
-Хандық билікті жойды.
Қазақ мемлекеттігінің жүйесімен күресудің келесі кезеңі Кіші жүзде хан билігінің жойылуына әкелетін россиялық басқарудың жаңа жүйесін енгізу әрекеттері болды.
Хандық билікті қолына сақтауға талпынғандардың бірі-Арынғазы (1785-1833 жж.). 1821 жылы ол Петербургке шақырылып, жолда ұсталып Калугаға айдалды; 1833 жылы қайтыс болды.
1822 жылы Орынбор генерал- губернаторы П.К. Эсеннің дайындаған жобаны 1824 жылы Азия департаменті комиссиясының мәжілісінде бекітілді. Бұл жоба «Орынбор қазақтарын басқарудың Уставы» деп аталады. «Уставта» «Патша ағзам императордың нұсқауымен қырғыздар даласын басқарудың жаңа жобасы жасалынып, Кіші жүзде басқару Ішкі Орда ханы Жәңгірге жүктелсін және даланы үшке бөліп, әрбір бөлікті басқару үшін аға сұлтан тағайындалсын» ,- делінген. 1825 жылы Кіші жүз үшке бөлінді:
Кіші жүздің әкімшілік қурылымы:
БӨЛІКТЕР
(батыс, орта, шығыс)
Басқарушысы- аға сұлтан
ДИСТАНЦИЯ (54)
Басқарушысы-ру шонжарлары
АУЫЛ
Басқарушысы-ауыл старшыны
Реформаның салдары:
- Орталық басқару нығайтылды.
- Табиғат байлықтарын кеңінен игеруге мүмкіндік алды.
1824 жыл Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Орынборға қызметке шақырылып, Кіші жүздегі хандық билік жойылды. Ескеретін нәрсе, Кіші жүзді үшке бөліп (батыс, отра, шығыс), ішкі басқару жүйесінде хандықты жойғанымен 1824 жылы басқару жүйесі жергілікті ұлт өкілдерінің қолында қалды.
Сонымен, 1822 және 1824 жылдардағы әкімшілік-саяси реформалар патша үкіметінің отарлау саясатының нәтижесі болды.
6. Исатай мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс.
Көтерілістің себептері. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Бөкей хандығында (1801 жылы 11 наурызде қүрылды) ауылдардың еңбекші халқына жасалған экономикалық қысым күшейіп, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық укладтың бірқатар маңызды жақтары күрт күйреді. Астрахань губернаторының үйінде тәрбиеленген Жәңгір хан қырға хандықтағы қоғамдық тұрмыс пен саяси құрылымді кейбір әдет-ғұрыптық институттардан бастап жер жөніндегі қатынастарға салық саясатына және хан сарайына дейінгінің бәрін қайта құрамын деген «аристократтық өркениеттік» жоспарлармен оралды. Артта қалған жартылай көшпелі қазақ қоғамы негізінде ол хан өкіметіне де патша тағының саясатына да, бірдей дәрежеде құлақ асқыш өзінше бір үлгідегі регионалдық хандық құрмақ болды. Алайда көшпелі және жартылай көшпелі ұжымдар ханның бұл «еңгізбекші жаңалықтарын» қабылдауға дайын емес еді.
Хан өкіметінің патша әкімшілігінің органдарына және ірі жергілікті феодалдық шонжарларға арқа сүйеп барынша күш сала жүргізген саясаты феодалдық және отаршылдық езгінің күрт күшеюіне, шонжарлардың ауылдық-қауымдық жерлерді жаппай тартып алуына әкеліп соқтырды. Осының салдары ретінде бұл саясат шаруашылық өмірдің берекесін кетірді, ауыл ұжымдарының экономикалық күш-қуатын құлдыратты, кедейленген және кедей шаруашылықтар санын көбейтті, халықтың арасында сенімсіздікті күшейтіп, хан өкіметінің беделін күрт түсірді, орныққан тәртіпті өзгертпекші ниеттерді туындатты.
Осындай жағдайда әсіресе 1836-1837 жылдары хандықтың іргесін шайқалтқан қазақ малшы шаруа бұқарасының көтерілісі болды.
Көтерілістің негізгі себептері:
- Ақшалай салықтың өсуі;
- Күз сайын әр шаңырақтың хан сарайының мұқтажына құны 70 сомдық жылқы беруге міндеттенуі;
- Көшіп-қонғаны, шөп жинағаны , орыс помещиктерінің шабындығын басып өткені үшін салық төлеуі;
- Жәңгір ханның әділетсіздігі мен рақымсыздығы.
1833 жылы Жәңгір ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңізі өңіріндегі қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы-көтеріліске түрткі болды.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күші-шаруалар, сонымен бірге оған старшын, билер де қатысты. Көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы.
Ел ауызындағы әңгімеде Исатай Тайманұлы Атырау облысы, Қызылқожа ауданы, Жанкелдин совхозы Тайман жолы деген жерде 1791 жылы көшпелі шаруа отбасында дүниеге келген.
Истайдың жастық шағында оған өте үлкен ықпал жасаған адамның бірі немере ағасы Жабал Бегәліұлы болған. Ол Истайдың өсіп, азаматтық көзқарасының қалыптасуына, жетілуіне ықпал жасап, тәрбиелеген.
Бөкей хан Исатайды 1812 жылы 21 жасында Беріш руының Жайық бөлімінің старшины етіп тағайындап, 1814 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы старшындыққа бекітті. 1817 жылдан бастап, батырдың патша чиновниктерімен байланысы салқындай бастады. 1817, 1823 жылдары Орынбор генерал-губернаторының нұсқауымен сотқа тартылды. Исатайдың ең жақын серігі –ақын, Беріш руының старшины Махамбет Өтемісұлы (1804-1846 жж.).
1829 жылы 15 шілде - 1830 жылы қыркүйек аралығында Махамбет Калмыков түрмесіне қамалды. Оған халық арасында хан иелігінен кетуге және жайықтын сол жағасына өтуге үгіт жүргізді деген айып тағылды. Махамбет орыс жазушысы әрі этнограф Р.И.Дальмен және оқымысты саяхатшы Г.С. Карелинмен тызыз қарым-қатынаста болды. Оның өлеңдерінен Кіші жүзді қамтыған көтерілістің мақсаттарын, басты талаптарын айқындауға болады.
Көтерілістің басты мақсаты:
1. Хан озбырлығына шек қою.
2. Шаруалар жағдайын жақсарту.
3. Жер мәселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту.
4. Әскери бекіністердің салынуын тоқтату.
Көтерілістің сипаты: Антифеодалдық отаршылдыққа қарсы.
Көтерілістің барысы. Көтерілістің кезеңдері- үш кезеңге бөлінді.
Бірінші кезең: 1833-1836 жылдырға келеді және қарулы көтеріліске әзірлік кезеңі ретіңде сипатталады.
Екінші кезең: көтерілісшілердің ханға қарсы аттануынан бастап олардың жеңіліске ұшырауына дейінгі-1837 ж. қарашаның орта шеніне дейінгі кезең.
Үшінші кезең: Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтық сол жағалауына өтуінен (1837 жылдын желтоқсанынан 1838 жылдың шілдесіне дейін көтерілістің жеңілуі).
1836 жылы ақпан айында Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы басқарған халық азаттық сипаттағы көтеріліс басталады. 1836 жылы 17 наурызда Жәңгір хан қайын атасы Қарауылқожаға бүлік шығарған старшындарды тұтқындауға бұйрық береді. Қарауылқожаның Исатайға күресті тоқтатып, хан сарайна барып бас июді талап етүі қозғалыстың кең арнаға түсуін тездетті. 1836 жылы қазан айында Исатайдың қарамағына 20-дай ауыл көшіп келеді. Исатай қол астындағылармен бірге Жәңгір ханның ешбір талаптарын орындамай, оның билігін де мойындамады. Бұдан соң 1836 жылы 13 желтоқсанда Жәңгір ханның сыбайластары Махамбет пен Тінімнің ауылын ойрандап, малдарын айдап әкетеді. 1836 жылдың аяғында көтеріліс патша сарайындағыларды алаңдата бастайды.
1837 жылғы 30 наурыз - Шекаралық комиссия Исатай мен Махамбетті ұстап, сотқа тартуды талп етті. 1837 жылы 2 қазанда атаман Покатилов басқарған жазалаушы (200 адам) қазақ отрядтарының Исатайды ұстау әрекеттер босқа кетеді.
1837 жылы 15 қазанда Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Теректіқұмда Балқы би ауылын шабады. Бұл жеңіс сарбаздар қатарының өсуіне әсер етті.
1837 жылы 24 қазанда Исатай 2000-ға жуық көтерісшілермен хан ордасын қоршайды. Бірақ Жәңгір ханға бір жағынан подполковник Гекке, екінші жағынан подполковник Меркулов басқарған қол көмекке келуге үлгереді. 9 қарашада 400 адамдық ханның әскері және зеңбіректермен қаруланған Гекке мен Меркулов топтары бірікті.
1837 жылы 15 қарашада Исатай бастаған көтерілісшілер Тастөбе деген жерде күші басым, зеңбірекпен қаруланған Гекке, Меркулов басқарған қазак отрядтарымен шайқасты. Бұл шайқаста көтерілісшілер жеңіледі. Осыдан кейін жазалаушы отрядтар көтерілісішілердің соңына түсе бастайды. Истомин, Трофимов басқарған жазалаушы отрядтар Исатайды жақтаған қазақ ауылдарын ойрандайды. Орынбор губернаторы Перовский Исатайды тірідей ұстағандарға 1000 сом, басын алғанға 500 сом сый ақы тағайындады.
1837 жылы 13 желтоқсанда көтерілісшілер Жайықтың шығысына қарай өтеді. Кіші жүзге өткенде Исатайдың жанында 40 адам болды. Сұлтан Айшуақұлының жазалаушы тобы Исатайдан ажыраған 12 адамдық топты (ұлы Досмұхамбет, әйелі Дінбаян) ұстап, Оралдағы түрмеге жапты. Бұл кезде қазақ жерінде Кенесары Қасымұлы басқарған көтеріліс жайыла бастаған еді.
1838 жылы қаңтарда қатары 100 ге жеткен Исатай жасағы Терек бекінісіне жақындап, Орал әскери шебіне қауіп төңдірді.
Исатайдың ендігі мақсаты:
1. Ішкі Ордаға қайта оралып, Жәңгір тобына күтпеген жерден соққы беру.
2. Көтерілісті бүкіл Ішкі Ордаға тарату.
3. Нарын құмында бекініп, Жәңгірден кек алу.
4. Орыс помещиктері басып алған жерлерді шаруаларға қайтару.
Көтерілістің жеңілуі:
Исатай басқарған көтерілісті тез талқандау үшін, Орынбор губернаторы В.А.Перовский барлық күштерді жұмылдыра бастады. В.А. Перовский бұл көтерілістің Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт азаттық көтеріліспен бірігуінен сескенді. Подполковник Гекке басқарған жазалаушы отрядтар Исатай қолын талқандау үшін аттанды. Исатай 500 сарбазымен сұлтан Айшуақұлына соққы беру үшін, Қайыпқали тобынан бөлінді. Айшуақұлы тобының Гекке тобымен қосылып, үлгергенін батыр байқамады.
1838 жылы шілденің 12-сінде Ақбұлақ деген жерде көтерілісшілер Гекке мен Айшуақұлы басқарған отрядтан жеңілді. Ауыр жараланған Исатайды казактар қылышпен шауып, атып өлтіреді.
Көтерілісшілерден 70–80 сарбаз өліп, Қожахмет, Балабек бастаған алты адам тұтқынға түседі. Бас сауғалап қашқан көтерілісшілер, Ақбұлақ шайқасында Исатайға көмекке келмеген сұлтан Қайыпқали тобына қосылудан бас тартты. Қалғандары күресті одан әрі жалғастырды. 1838 жылы шілденің 23–інде Махамбет бастаған көтерілісшілер хан ауылына шабады. Махамбет 1846 жылы қазанда хан жендеттерінің қолынан қаза болды. Қолға түскен көтерілісшілерді Гекке жазалады. Қожахмет Өтемісұлы, Балабек Нұржанұлы, Бекен Сарыұлы 8 жылға Ригаға, Ұса Төлегенұлы мен Жәнібекұлы Сібірге жер аударылды. Көтерілісті қанға бояған қазақ феодалдары және казак офицерлері, солдаттары марапатталды. Көтерілістен кейінгі жылдарда шаруалардың ауыр жағдайы өзгермеді.
1836 – 1838 жылдардағы көтерілістің негізгі мақсаттары орындалмады.
Көтерілістің жеңілу себептері.
• Үстем тап өкілдерінің опаздығы.
• Көтеріліс басшыларының Кіші жүздегі және Ішкі Ордадағы көтерілістерді біріктіре алмады.
• Қару – жарақтың теңсіздігі.
• Стихиялығы, ұйымшылдықтың жеткіліксіздігі.
• Патша үкіметінің жазалау отрядтарының күші басым болуы.
• Көтерілісшілердің бір бөлігінің өз ісіне сенімсіз болуы.
• Көтеріліс жергілікті (локальдық) сипатта болды.
Нәтижесі:
• Салық мөлшеріне шек қойылды.
• Патша үкіметі қазақ старшиндарымен санасатын болды.
• Ішкі Ордадағы хандық биліктің әлсірегендігін дәлелдеді.
• Қазақ феодалдарының отаршылдық басқару мен байланыста екенін көрсітті.
• Әртүрлі халықтардың қанаушыларға қарсы бірігіп күресуінің негізі қаланды.
Көтерілістің тарихи маңызы.
1836 – 1838 жылдардағы көтерілістің тарихи маңызы зор болды.
1. Жәңгір хан және оның маңайындағылрдың озбырлығына белгілі дәрежеде шек қойылды.
2. Патша үкіметі аз болса да, көтеріліске қатысқан қазақ ауылдарының мүдделерімен санаса бастады.
3. Көтеріліс қазақ үстем тап – феодалдарының опасыздығын дәлелдеді.
Тақырып бойынша сұрақтар:
1. Қазақстанның Россияға қосылу барысындағы қарама қайшылықтар мен қиындықтарды атаңыз.
2. Патша өкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясаты қандай бағытта жүргізілді?
3. Россия бодандығын қабылдыу мәселесінде Кіші жүз ханы Әбілқайыр белсенділік танытты. Оның көздегені қандай мақсаттар еді?
4. Россия қазақтарды өз бодандығына қабылдаған бастапқы кезеңнен бастап, қандай бағыт ұстанды?
5. Қазақтарға Жайықтың оң жағалауына көшуге тыйым салған Жарлыққа кім қай жылы қол қойды?
6. Неліктен, Абылай ханның орталықтандырылған мемлекетті нығайтуға ұмтылған әрекеті, оның мирасқорлары тұсында жалғасын таппады?
7. Абылай ханның сыртқы саясаты қандай болды? Ол туралы қандай пікірлерді білесіз?
8. «Протекторат» сөздің мағынасын түсіндіріңіз.
9. Сырым Датұлы бастаған көтерілістің қозғаушы күші, мақсаты мен міндеттерін атаңыз.
10. 1822 және 1824 жылдардығы Уставтардын (жырғы) мақсаты мен мәні неде, қалай ойлайсыздар?
11. Жәнгір ханның «аристократиялық» реформаның жүзеге аспауының себебі неде?
12. 1836-1838 жылдардағы көтерілістің кезеңдерін, мақсатын, сипатын айтып беріндер?
13. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің мақсаты және ерекшелігі неде?
14. Кенесары қүрған мемлекетті сипаттын беріңдер.