Қазақстанның XX ғасырдың 20 – 30 жылдарындағы әлеуметтік – экономикалық, саяси жағдайы" />
Menu
Қазақстан елді индустрияландыру кезеңінде.
Индустрияландыруға бағыт алудағы қиыншылықтар.

Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру әлі аяқталмаған болатын. Өнеркәсіп өндірісі соғысқа дейінгі деңгейінің 61% - ға ғана жетті. 1925 жылы желтоқсан айында БК(б) Партиясының XIV съезі өтті. Онда елді социалистік индустрияландыру бағыты жарияланды. Индустрияландыру – 1) халық шаруашылығының барлық салаларын машина техникасымен жарақтандыру, 2) инфраструктураның дамуы, индустрияланған халықтың пайда болуы.

Индустрияландыру ісі Қазақстанда елдің басқа аудандарына қарағанда біршама кешірек басталып, уақыты жағынан КСРО Халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдығымен (1928 – 1932 ж.ж.) тұтас келіп, өлкеде елеулі қиыншылықтармен жүзеге асты.

Ол қиыншылықтар:
1.Қазба байлықтарының толық зерттелмеуі.
2.Байланыс және тасымал құралдарының нашар дамуы. Территорияның 1000 шаршы шақырымына 1 шаршы шақырым темір жолдан келді.
3.Жұмысшы табының сан жағынан өте аз болуы. Халықтың 90 % - і шаруалар еді.
4.Жергілікті мамандардың жетіспеуі.
5.Жаңа экономикалық саясат тоқталып, әскери коммунизм кезеңіндегі әдістердің жаңғыртылуы.
6.Халық билігінің жеке диктатурамен ауыстырылуы.
7.Әміршілдік – төрешілдік басшылық әдісінің енгізілуі.

Осы жағдайлардан өлке экономикасында ауыл шаруашылығының басымдылығы (84,4%) сақталды. Индустрияландыру жағдайында еңбекшілердің жақын арада шешуге тиісті міндеттері:

1.Өлкенің техникалық – экономикалық жағынан артта қалуын жою.

2.Байырғы халық өкілдерін кеңінен тарту жолымен жұмысшы табы мен өндірістік – техникалық мамандарды қалыптастыру.

Қазақстанда социализмнің бұрмалануы 1925 – 1933 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ф. И. Голощекиннің есімімен және қызметімен тікелей байланысты. Ол «қазақ ауылы», Қазан лебін сезінген жоқ, сондықтан «Кіші қазан» төңкерісін жасау қажет деген идеясын ұсынды. Голощекиннің бағыты елеулі қарсылыққа ұшырады, сол жағдайда ол И. В. Сталинге хат жазып, онда өлкелік партия комитеті бюросы бағытының өңін айналдыра баяндап берді. И. В. Сталин қысқа әрі мейлінше айқын жауап қайтарды, онда былай делінген еді: «Голощекин жолдас! Мен осы жазбаңызда белгіленген саясат негізінен алғанда бірден – бір дұрыс саясат деп ойлаймын И. Сталин». Осыдан бастап Голощекин идеясына жол ашылды.

Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісінің бағыты: 1) өлке өнеркәсібін ұсақ және орташа деңгейде дамыту; 2) өлкені шикізат базасы ету.

Голощекин бұл идеясын 1927 жылы ұсынып, 1930 жылы VII өлкелік партия конференциясында нақтылады. Саяси бюро мүшелігіне кандидат А. А. Андреев VI Бүкілқазақтық партия конференциясында бұл бағытты қолдайтындығын мәлімдеді.

Ірі саяси қайраткер және экономист Смағұл Садуақасов «Кіші қазан» бағытына қарсы шығып, өз идеясын ұсынды.
Оның бағыты:
1. Өнеркәсіпті шикізат көзіне жақындату.
2. Қазақстанды ірі өнеркәсіптер еліне айналдыру.

Қазақстанда индустрияландыру жолдары туралы пікір сайыс барысында кереғар көзқарастар қалыптасты: Біреулер «түйеден социализмге» өту мүмкін емес, далада фабрикалар мен заводтар салу шамадан тыс нәрсе» болып табылады, «ұлттық өзіндік ерекшелікті» жояды деп пайымдады, енді басқа біреулер «қазақтандыру өндірісті қымбаттатып жібереді», қазақтармен «өнеркәсіп – қаржы жоспарын орындай алмайсын» және т. б. деп санады.

Жергілікті мамандардың индустрияландыруды жүзеге асыру барысындағы ұсыныс – пікірлері ескерілмеді. С.Садуақасов пен Ж. Мыңбаевтің өнеркәсіпте сақталып отырған отаршылдық құрылымды қайта қарау қажеттігі туралы айтқандары «ұлтшылдық көрініс» деп бағаланды. Өндіргіш күштердің даму деңгейіне, еңбек қорының дәрежесіне сәйкес келетін индустрияландыру қарқыны туралы ескертпелер «ұлыдержавалық шовинизм көрінісі» деп есептелді. Сөйтіп, теориядағы субективизм мен практикадағы әміршіл – ырықсыз әдістер республиканың социализмге бет алуының балама жолын зерттеу мүмкіндігін жоққа шығарды.

Индустрияландыруды жүзеге асыру.

Қазақстанда индустрияландыру ісі болашақ өнеркәсіп үшін қажетті табиғи байлықтарды зерттеуден басталды. КСРО Ғылым академиясы 20 – жылдардың аяғы 30 – жылдардың басында көптеген көрнекті ғалымдардың қатысуымен ұйымдастырған кешенді экспедициялар іс жүзінде республиканың бүкіл аумағын қамтыды. Академик Н. С. Курнаков Орталық Қазақстанның минерал–шикізат байлықтарын зерттеп, «ҚАҚСР –і Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы» деген тұжырым жасады. Академик И. М. Губкин Орал – Ембі мұнайлы ауданын зерттеп, бұл кен орны -мұнайға аса бай облыстардың бірі деп қорытындылады. Қазақтың жас инженер–геологы Қ.И. Сәтбаев Жезқазған ауданындағы мыс кені орындарын мұқият зерттеп, аймақтың болашағы зор екенін дәлелдеп берді.

1927 жылы Түркістан – Сібір темір жол магистралы салына бастады. Құрылыс бастығы болып В. С. Шатов тағайындалды. Түрксібке көмектесу комиссиясын республика Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Н. Нұрмаков басқарды. РКФСР үкіметі жанында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов (1894 – 1938 ж. ж.) басқарған Түрксіб құрылысына жәрдемдесетін арнаулы комитет жұмыс істеді. Т. Рысқұловтың ұсынысымен комитет құрамына темір жол маманы, инженер М. Тынышбаев (1828 – 1937 жж.) енгізілді.

Түрксіб құрылысында бірнеше ұлт өкілдерінен тұратын 100 мың адам еңбек етті. 10 мың қазақ жұмысшылары теміржолшы, құрылысшы, техник, жол ісінің шебері мамандықтарын меңгерді. Құрылысқа 200 млн. сом қаржы жұмсалды.

Түрксібтің ұзындығы 266,5 шақырым болды, ол жоспарда белгіленген 5 жылдың орнына 3 жылда салынып бітті. 1931 жылғы – қаңтарда Түрксіб темір жолы тұрақты пайдалануға берілді.

Түрксіб магистралы салынуының мемлекеттік және әлеуметтік – экономикалық маңызы болды. 1) Орта Азия Сібір аудандарымен жалғастырылды; 2) Елдің Шығыс аудандарының экономикасы мен мәдениетін дамытуға ықпал етті; 3) Өлкедегі жұмысшы табын тәрбиелеу мен шыңдау мектебі болды.

Қатардағы жұмысшы Д. Омаров - Түрксіб бастығы қызметіне көтерілді. Т. Қазыбеков – «Қазақ – көлік құрылыс» тресінің бастығы, Социалистік Еңбек Ері атанды.

Соғысқа дейінгі бесжылдар кезінде салынған құрылыстар: Түрксіб темір жолы, Қарағанды шахталары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері, Шымкент қорғасын заводы, Балқаш, Жезқазған кен – металлургия комбинаттары, Кенді Алтай, Ащысай полиметалл кәсіпорындары, Ақтөбе химия комбинаты, Қарағанды жылу және су электр станциялары, Өскемен құрылыс материалдары өнеркәсібінің кәсіпорындары, Шымкент химия – фармацевтік заводы, Арал сульфат комбинаты іске қосылып, Теміртау синтетикалық каучук заводы, Қаратау химия комбинаты салына бастады. Сөйтіп, Қазақстан ауыр өнеркәсібінің арнаулы бағытқа бейімделгенін көрсетті.

Өлкеде болашақ өнеркәсіп тораптарының негізі қаланып, басқа республикадағы экономикалық аудандармен байланыс нығайтылды. Орталық Қазақстанның шикізат аймағы Оңтүстік Оралдың өнеркәсіп орындарын кенмен, металмен, көмірмен жабдықтады. Кенді Алтай Сібірдің индустриялы кешенімен ұласты. Мұнайлы Ембі Еділ мен Жайық арасында жаңадан құрылып жатқан «Екінші Баку» мұнай базасының бір бөлігіне айналды.

Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің көптеген кәсіпорындары бой көтере бастады. Олардың ішінде қуаты жағынан елде үшінші орын алатын Семей ет, Гурьев (Атырау) балық – консерві, Алматы жеміс – консерві комбинаттары, Жамбыл, Мерке, Талдықорғандағы қант заводтары сияқты кәсіпорындар іске қосылды.

Индустрияландыру саясатындағы кемшіліктер:
1) Машина жасау, металлургия, қорғасын өнеркәсібі кәсіпорындары болмады.
2) Энергетика базасы, құрылыс материалдары өнеркәсібі артта қалды.
3) Тау – кен шикізатын дайындаушы база ретінде қала берді.
4) Республикадан сирек кездесетін металдар, мұнай, көмір, фосфорит тегін әкетілді.

Өлкедегі индустрияландыру бағытын жүзеге асыру жолдары:

Индустрияландырудың барлық ауыртпалығын шаруалар көтерді.
1) Шаруаларға үстеме салықтар салынды.
2) Республикалардың барлық жинақталған қорлары мемлекеттік бюджетке қосылды.
3) Одақтық бюджеттен берілген есебінде, республика қорынан субсидеялар мен дотациялар бөлу (1931 – 1934 жж. - 2 млрд. 137 млн. сом).
4) Өндірісті, өнім өткізуді және жабдықтауды мемлекет қолына шоғырландыру.
5) Жазалау саясатын қолдану сияқты тәсілдер тән болды.

Негізінде елді экономикалық артта қалушылықтан шығару сияқты игі мақсатпен басталған бұл жұмыс әкімшіл - әміршіл, бұлтартпайтын әдістерімен жүргізілді. Көптеген жаңа құрылыстар жазықсыз қудаланған адамдардың еңбегімен көтеріліп, ондай қудаланған адамдардың саны үнемі толықтырылып отырды.

Индустрияландырудың Қазақстанға тигізген теріс әсері:
1) Халық дәстүрі бұзылды.
2) Қазақ шаруалары кедейленді және аштыққа ұшырады.
3) Лагерьлер жүйесі орнықты.
4) Қазақстан Россияның шикізат көзіне айналды.

Индустрияландыру ерекшеліктері:

1) Өлкедегі индустрияландыру жоғарыдан жүзеге асырылып, шикізат көздері екпінді қарқынмен игерілді. Мұнай Ембіде өндіріліп, өндейтін орталық Орскіде салынды.
2) Білікті жұмысшы мамандар, инженер – техник қызметкерлер сырттан, негізінен Россия мен Украинадан әкелінді.
3) Жергілікті мамандар жетіспді.
4) Урбандалу (урбанизация) процесі күшті жүріп, қалалар мен қала үлгісіндегі қоныстар, қала халқы көбейді. 1930 жылдың аяғында қала халқы 29,8 %, 1939 жылы қалада тұратын қазақ – 375 мыңға артты. (1926 жылғыдан 5 есе көп).

1940 жылы Қазақстанда өндірісте істейтін жұмысшы табының жалпы саны 350 мыңға жетті. Оның жартысына жуығы қазақ жұмысшылары болды. Республикада көптеген инженер – техник кадрлары даярланып, олардың саны 11 мыңнан асты.

Индусрияландыру барысында бұқаралық социалистік жарыс өрістеді. 1930 жылы республикада 10 мыңнан астам екпінділер болды. Домбастың жаңашыл забойшысы – Алексей Стаханов бастамасы ел көлемінде насихатталды. Қазақстандағы алғашқы Стаханов ізбасары – Қарағанды шахтеры Түсіп Күзембаев. Стахановшылар қозғалысы халық шаруашылығының барлық маңызды салаларын қамтыды.

1935 жылғы желтоқсанда республиканың түсті металлургия өнеркәсібі озаттарының тұңғыш слеті болды. Қазақстан индустриясының еңбек ерлері: Ә. Мұрынбаев, М. Сағымбеков, Б. Нұрмахамбетов, З. Табылдинова, А. Сафин.

Стахановшылар қозғалысы.

Оң әсері
1. Жаңа техника мен технология меңгерілді.
2. Жұмысшы табының мәдени – техникалық деңгейі жетілдірілді.
3. Еңбек өнімділігі артты.
4. Индустрияландырудың даму қарқыны тездетілді.

Теріс әсері
1. Жағдайға қарай ыңғайланып, реттелетін қозғалысқа айналды.
2. Жаппай стахановшыландару жүргізіліп, өндірістің берекесі кетті.
3. Жекелеген адамдарға рекорд үшін жағдай жасалды.
4. Еліктеушілік, біріңғай ойлаушылық психологиясы қалыптасты.

Индустрияландыру саясатының тарихи маңызы:
1. Аграрлық республика индусриялы – аграрлық аймаққа айналды.
2. Республикада қалалар мен қала тұрғындарының үлес салмағы өсті.
3. Ұлттық жұмысшы табы құрылды.
4. Инженер – техникалық кадрлар қалыптаса бастады.
5. Қысқа мерзімде орасан зор материалдық қазыналар, өнеркәсіп мүмкіншілігі жасалды.
6. Көп ұлтты ұжымдар пайда болды, адамдардың туысқандығы нығайды.
7. Қазақстанның басқа индустриялық аймақтармен экономикалық байланысы орнықты.
8. «Кімді кім» деген мәселе қалада да, деревняда да социализм пайдасына шешілді.
9. Өндірістің негізгі құрал – жабдықтарына капиталистік меншік жойылды.
10. Жұмыссыздық жойылды.
11. Халықтың материалдық әл – ауқаты біраз жақсарды. Қазақстанда жалақының жалпы қоры 1928 жылы 142,11 млн. сом болды, ал 1932 жылы 732,8 млн. сомға жетті.
12. Өнеркәсіп орындарының көпшілігі 7 сағаттық жұмыс күніне көшірілді.

Сөйтіп, индустрияландыру елді экономикалық артта қалушылықтан шығарды.

30.04.2010 00:13 История Казахстана Артем 4161 25399 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход