Рас, XVIII ғасырдың басында жоңғар хандығының өзіне Цинь билеушілерінің тарапынан шапқыншылыққа ұшырау қауіпінің төнуі жоңғар билеушілерін қазақ жүздеріне қарсы неғұрлым батыл әрекет жасаудан тежеп отырды. Бірақ 1722 жылы Қытай императоры Қансидің, өлуінен кейін бұл қауіп біраз уақыт азайды, 1723 жылы жоңғар-қытай бітімі жасалды. Шығыстағы өз тылын қауіпсіздендіріп алғаннан соң, жоңғар қонтайшысы Цеван-Рабтан қазақтармен соғысуға белсене әзірлене бастады.
Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып және алдағы соғысқа мұқият әзірленіп, жоңғар билеушілері 1723 жылы өз әскерлерін Қазақстан жеріне қаптатты. Нақ осы жылы қазақтың ауызша аңыздарында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл-Сұлама» деп аталған «сұрапыл апаттың» басталған жылы деп есептеледі.
Барған сайын аясы тарылған аз ғана жерде қыс қысымын көріп күйзеліп, жұтап шыққан елге 1723 жылы көктемде жоңғарлар тұтқиылдан шабуыл жасады. Олардың қалың қолы Қазақстанның Оңтүстік аудандарына басып кіріп, Қаратаудан асып, Талас өзенінің алабына дейін жетті. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүлкін тастап босып кетуге мәжбүр болды. Жоңғарлар халықты аямай қырды, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өздерінен өткен кезде талай адам өлді.
1724-1725 жылдары жоңғар феодалдарының әскерлері Сырдария алабындағы отырықшы егінші ауылдар мен қалаларды ойрандап, Қазақ хандығына қарасты Ташкент, Сайрам, т.б. қалаларды басып алып, талан-таражға ұшыратты және қиратты. Жетісу мен Сырдария өңіріндегі егістік жерлер құлазып, қалалар қаңырап, қолөнер, сауда орталықтардан қол үзу елдің экономикасын қатты күзелтті.
Жаудың тұтқиылдан жасалған жойқын жорығынан есі шығып, бас құрып тойтарыс беру мүмкіндігінен айрылған қазақтар тоз-тоз болып жосып, Сырдария өзенінің ар жағына өтті, Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінен ары кетті. Қазақтардың біразы Алқакөл маңынан Бухара мен Самарқаға қарай ағылды. Ал Кіші жүз қазақтары Сауран қаласын айналып, қазіргі Шиелі, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттеді.
Қазақ халқы өз өміріндегі аса ауыр апат, зор зобалаңға тап болып, адам айтқысыз аянышты күндерді басынан кешірді. Атақоныс, құтты мекен, мал-мүлкінен және баспанасынан айырылып, аш-жалаңаш, жаяу-жалпы шұбырған қарапайым халық бұқарасы жаздың қайнаған ыстығында қағыр далада қаңғырып шөлден қырылды. Қыстың ақ қар, көк мұз қақаған аязында күн көрісі малын жұтатын, үсіп өлді. Әйелдер мен балалар және қарт адамдар адам төзгісіз жол азабына шыдай алмай, жапан түзде қалып аштан қырылды. Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Мұның мәнісі: атамекен, мал-мүлкінен айырылып, жаяу-жалпы, аш-жалаңаш босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, «Алқакөлдің түбіне барып сұлау» деген сөз екен.
«Ақтабан шұбырынды» апатында зар заманды басынан кешірген қалың қазақ қауымы өзінің аянышты ауыр халі мен көңіл-күйін бейнелейтін «Елім -ай» сынды мұңлы ән шығарды. Бұл ән жұрт жүрегінде жатталып, бүгінгі күнге жетіп отыр.
«Қаратаудың басынан қош келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мына заман қай заман, бағзы заман,
Баяғыдай болар ма тағы заман...
Ата қоныс, туған жер қалғаннан соң,
Көздің жасын көл қылып ағызамын.»
Ел есінде сақталған «Елім-ай» әнінің бұл шұмақтары халық бұқарасының зар замандағы мұң-зарын бейнелейді.
«Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақтарға шабуыл мен талан-тараж түс-түстан анталады. Жоңғар феодалдары қазақтарға, Еділ бойындағы қалмақ хандары батыс солтүстік бүйірден тиісті. Орта Азия хандықтарының жеріне ауып барған қазақтар бұл арадан мал жайылымына қолайлы жер таба алмай сенделіп, көзге түрткі болды. Қазақтарға бір жағынан Қоқан бектері қоқандаса, тағы бір жағынан Бұхара мен Хиуаның хандары жаппай құлдыққа кіріптар еткісі келді. Иран мемлекетінің маңына ығысып барған қазақтар, Иран шахы Нәсір Афшардан зорлық-замбылық көрді. Қазақ халқы сонша сұмдық жағдайда жүрсе де, олардың еш қайсысына құлдық ұрмай, өзіне тиіскендердің бәрімен шайқасты.
Қазақтардың XVIII ғасырдың басындағы (алғашқы 25 жылы) халін Ш.Ш. Уалиханов былай деп сипаттайды: «XVIII ғасырдың алғашқы 25 жылы қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Волга қалмақтары мен башқұрттар жан-жақтан олардың ұлыстарын талқандап, малын айдап алып, тұтас семьяларымен тұтқынға әкетіп отырды» .
«Ақтабан шұбырындының» ауыр апаты жеті жылға (1723-1730 жж.) созылды. Бұл аппатың зардабы қазақ даласының барлық жерінде біркелкі болған жоқ. 1723 жылы көктемде тұтқиылдан шапқыншылыққа ұшырған Оңтүстік Қазастанның аудандарында, Талас өзенінің алқабы мен Сырдария өңірінде өте ауыр болды. Ұлы жүз бен Орта жүздің осы өңірді мекендеген ұлыстарын ойрандап, бұл осы өңірдегі егіншілік пен қала мәдениетін қиратты. Қазақ хандығының шығыс және оңтүстік өңіріндегі жоңғарлар басып алған жерлердегі қазақтар уақытша жоңғар билеушілеріне бағынып, аманат қойып, ауыр алым-салық төлеп отыруға мәжбүр болды. Орта жүздің сұлтаны Әбілмамбет пен Ұлы жүздің ханы Жолбарыс осылай істеді.