Menu
ӘЛ – ФАРАБИ
Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар тарихта аса көп емес. Тарих жазбасында, халықтың рухани қазынасында айтулылардың айтулысы, жүйріктердің жүйрігі ғана мәңгі ұялап қоныс тебеді. Мың жылдан артық уақыт өтсе де, аты ауыздан-ауызға жатталып, еңбектері уақыттың, мезгілдің қатыгез сынынан мүдірмей өткен, орта ғасырларда адамзат білімінің молайып, ақыл-парасатының жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұламалардың бірі – Қазақстан топырағынан шыққан данышпан перзент Әбунасыр Фараби. Ол да осы Отырарда туды, осында «кірін жуып, кіндігін кесті». Қаратаудың тасына секірді, Сырдың суын ішті, Арыстың суын кешті, Қызылқұмның аптабына күйді. Фарабидің өмірі жөнінен бізге жеткен мағлұматтар үзік-үзік аңыз-шыны аралас болып келеді. Фарабидің толық аты-жөні - Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби яғни өз аты Мұхаммед, Әкесі Мұхаммед, оның әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Бараба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атайды. Бір нұсқада Фарабидің руы қаңлы-қыпшақ деп көрсетілген. Бұл шыңдыққа жақын келетін сияқты. “Тархан” деген атаудың төркінін екі түрде топшылауға болады. Біздің жерімізде мекендеген ежелгі түркі тайпалары «Тархан» деп әскери лауазымды кісілерді атайтын болған. Бұған орай Фараби әскери ортадан шықты деп жорамалдауға болады. Екінші жағынан, ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған  (қазір де мекендеп отыр) тарихқа ертеден мәлім қаңлы тайпасында «Тархан» (кейде «Дархан» деп те атайды) атты ру болған (қазір де бар). Сондықтан да Фараби қазіргі қазақ ұлтын құрған байырғы рулардың бірі қаңлы-қыпшақтан шыққан деп айтуға толық негіз бар.
Әбунасыр оқуды өте ерте бастаған. Бастапқы білімді ол туған қаласы Отырарда алады, одан соң Харасанға барады. Кейінірек білімін онан сайын толықтыру мақсатында араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа кетеді. Ғылым-білімге өте құмартқан зерек Әбунасыр медицина мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, ал жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты оқымысты Әбубәкр ибн Сиражбен жақын қатынаста болып, оған логиканы үйретіп, одан астраномияны үйренген деп айтылған. Фараби түркі, араб, парсы, грек және басқа тілдерді жетік білген.
Кейбір деректер бойынша тіпті ол 70 тіл білген деп те атайды.
Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше оқумен меңгеріп, аса зор табандылық көрсеткен, орасан зор табыстарға жеткен адам. Ол, әсіресе, грек ғылымы мен философиясын, ең әуелі Аристотельдің бай мұрасын игеруді қолға алған. Мұнда ол аса үлкен шыдамдылық пен ыждаһаттылық көрсетеді, бір аңыз бойынша ол Аристотельдің “Жан туралы” дейтін еңбегін – жүз рет, «Табиғи гармониясын» – қырық рет, “Риторикасын” екі жүз рет оқыған көрінеді.
Міне, осылай Фараби жұртқа мәлім оқымысты болып, дүние жүзінің ұстазы деген дәрежеге көтеріледі. Ол алғашқы кезде Бағдатта істейді, кейіннен Дамаскіде, сонан кейін Алеппода (Сирия) әмір Сайф әд-Дауланның қарамағында болады.
Фараби Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», т.б. бірсыпыра философиялық және логикалық шығармаларына түсініктемелер жазған.
Фарабиді Шығыс философтары «Ал муаллим ас-сани» – екінші ұстаз деп атаған. «Бірінші ұстаз» – «ал муаллим ал аууал» деп олар Аристотельді атаған.
Фараби Аристотельдің материалистік идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көз қарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған.

20.10.2009 22:14 Қазақ тілі Puma 5115 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход