Menu
Адамның жеке бас бостандығы мен абыройы
Адамның жеке басының қоғамдағы жағдайы – мемлекеттің даму деңгейін білдіретін көрсеткіш. Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа заңдарында азаматтардың бас бостандығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Егер өзінің өміріне, денсаулығына, қадіріне нұқсан келетін жағдай болса, адам мемлекеттік органдардан қорғаныс іздеуге, заң бойынша көмек сұрауға, президенттің өзіне шағым етуге құқылы.

Адамның ең қарапайым да табиғи құқығы – өмір сүру құқығы болып табылады. ҚР Конституциясы бойынша ешкімнің өз бетінше азаматты өмір сүру құқығынан айыруға, адам өмірін жоюға хақысы жоқ. Бұл тұрғыда КР Конституциясы тұжырымдары «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында» көрсетілген бағыттарға сәйкес келеді.

Адамның жеке басының бостандығы мен ажырағысыз құқықтарын

Конституция қорғайды. «Ешкімді азаптауға, оған зорлық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық абыройын қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Конституциясында.

Заң адамды басқа біреудің күш көрсетуінен қорғап отырады. Әдетте, мұндай әрекет күш жұмсау немесе күш қолдануды ескерту тәсілімен жүзеге асырылуы мүмкін. Өзінің азаматтық міндетін орындау үстінде қылмыскерді ұстау немесе оны тәртіп қорғау органдарына тапсыру үшін күш жұмсаған адам жауапқа тартылмайды.

Сот және тергеу жұмыстарында куәгердің көрсетуінің маңызы зор. Куәгер тергеу үрдісінде, сотта айғақ болудан бас тарта алады. Мұны әр адам түсінуі тиіс. Егер адам біреудің қоғамдық не мемлекеттік заңды құқығына зиян келтіретін ісіне куә болса, істің шындығын айтып, тергеу органы мен сотқа көмектесу оның азаматтық борышы болып табылады. Сот қызметкерлері мен тергеушілер шындықты көрсетіп беретін куәгер көпшілікке кеңінен мәлім болып кетсе, қылмыскердің одан кек алу үшін әрекет жасайтынын ұмытпауы керек. Куәгердің өзінің азаматтық борышын өтегені үшін қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Конституция адамның өнегелі сапасы – оның ары мен абыройын жоғары ұстайды. Барлық халықта ар мен абырой кісінің жоғары бағалайтын құндылықтарының бірі саналады. Қазақ халқының «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген мақалы арды қастерлеудің көрінісі болып табылады. Адамгершілікке негізделген қоғамда ар мен намыс заң жүзінде қорғалады. ҚР Конституциясы адамның ар мен абыройына қол сұғуға жол бермейді.

Заң бойынша, біреуді қорлау – қылмыс деп танылады. Тіл тигізу – жалпы адамзаттық ұстаным қағидасынан алып қарағанда, адамның қадірін қорлау болып табылады. Заң жеке адамның арын, ұжданын және абыройын қорғаумен бірге, оның өміріне басқа біреудің озбырлық жасауына жол бермейді.

12.07.2010 16:35 Қазақ тілі Артем 10207 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход