Menu
ҚАЗАНҒАПҰЛЫ ТӘТТІМБЕТ
Қазанғапұлы Тәттімбет (1815-1860) - қазақтын әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал қыстауы. Бұл жерді Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, дүние салған соң, Қарқаралы жеріндегі Түндік өзенінің бойына, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапқа жерленген.
    Тәттімбеттің туып-өскен ортасы көшпелілердің сан ғасырлық музыкалық мәдениетінің дәстүрі орныққан, арқауы бекіген, әсіресе, күйшіліктің тарихи текті тамыры үзілмеген, рухани құнарлы аймақ. Арқа төсіндегі Қоңырөлең, Өлеңті, Домбыралы, Сарын, Қорқыт көлі, Жорға, Мұнлы, Тарғылдың тауы, Зыңғыртау, Ақөлең, Дуана, Саржайлау, Былқылдақ, Қосішек, Күйтөккен сияқты жер-су атауларының қай-қайсысы да ән-күймен сабақтас. Ән-күй өмір салтқа айналып, адамдардың тағдыр-тіршілігімен біте-қайнасқан ортада ғана топонимдік айғаққа  айналса керек.
    Тәтімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәтімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады.
    Қазанғапұлы Тәтімбеттің "Саржайлау", "Былқылдақ", " Сылқылдақ", "Бес төре", "Көкейкесті",  "Қосбасар", сияқты ондаған күйлері қазақтың музыкалық мәдениетінің асыл айғақтары болып табылады.

20.10.2009 20:34 Қазақ тілі Puma 4380 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход