Қазақстанның XX ғасырдың 20 – 30 жылдарындағы әлеуметтік – экономикалық, саяси жағдайы" />
Menu
Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
Жаңа экономикалық саясатқа көшу.

Шетелдік интервенция мен азамат соғысы аяқталғаннан кейін Қазақстанда экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдай елдің орталық аудандарымен салыстырғанда ауыр болды. Қазақстанның 307 кәсіпорынның 250-і жұмыс істемеді. Қазақстанда мұнай өндіру 4 есе, Қарағанды көмірін өндіру 5 есе қысқарды, ал мыс кенін өндіру мүлде тоқтап қалды. Риддер кеніштері, Екібастұз көмір орындары және Спасск байыту фабрикасы толық істен шықты. Өлке халық шаруашылығының жалпы өніміндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы небары 6,3 % болды. Республиканың ауыл шаруашылығы құлдырап кетті. Егіс көлемі Орал губерниясында 2 еседен астам, Жетісуда 3 еседей қысқарды. Мал саны да едәуір азайып, 29,9 млн. – нан 16,3 млн. – ға дейін кеміді.

Кеңес үкіметі еңбекшілердің жағдайын жеңілдетуге ұмтылып, 1921 жылдың бас кезінде Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі халыққа азық – түлікті, отынды тегін босату туралы, коммуналдық қызметтерді тегін көрсету туралы, ақысыз асханалар ашу туралы декреттер қабылдады.

Алайда, зорлық – зомбылыққа негізделген азық – түлік саясаты сәтсіздікке ұшырады. Күйзелген шаруалар наразылық білдіре бастады. Қостанай, Ақмола, Орал, Семей облыстарында көтеріліс ошақтары пайда болды. 1921 жылы ақпан айында патша армиясының полковнигі Николаев пен Есаул Токарев бастаған 25 мың адамнан тұратын отряды Петропавл қаласында Кеңес үкіметі органдарының үйін қиратты. 1921 жылдың наурызында Орал губерниясының территориясында Сапожников отрядының қаруланған 10 мыңнан астам бүлікшілері әрекет етті. Қарқаралы уезінде 70 – тен астам партия және Кеңес қызметкерлері көтерілісшілер қолынан қаза тапты.

XX ғасырдың 20 жылдың басында ауылдар мен селоларда халық наразылығының ұлғаюының себептері:
- Мемлекеттің еңбекші халыққа қолдану саясаты (азық – түлік салғырты);
- 1921 – 1922 жылдардағы жаппай ашаршылық;
- Мал шаруашылығының ауыр жағдайы;
- Егін алқаптарының күрт азаюы.

Осы жағдайлардан азық – түлік салғыртының орнына азық – түлік салығын енгізудің қажеттілігі айқындала түсті.

1921 жылдың 8 – 16 наурызда өткен партияның X съезі салғырттан азық – түлік салығына көшудің, жаңа экономикалық саясатқа (НЭП – ке) көшудің қажеттігін негіздеп берді.

Жаңа экономикалық саясаттың белгілері:
- Азық – түлік салығының енгізілуі.
- Сауда еркіндігі.
- Жерді және ұсақ кәсіпорындарды жалға беру.
- Ауылшаруашылық және несие, тұтыну кооперациясын дамыту.
- Кәсіпорындарды шаруашылық есепке көшіру.
- Еңбек міндеткерлігін жойып, жалдамалы еңбекті қолдану.

Жаңа экономикалық саясаттың мәні – салғыртты салықпен ауыстыру болды.

Салықтың мөлшері салғыртқа қарағанда (2,5 есе) аз болды. Шаруалардан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің мөлшерін салықпен шектеу ауыл – селолардың қалалармен байланысты нығайтуға жол ашты. Шаруалар басы артық өнімдерін қалаларға апарып сатып, тұрмыс жағдайын түзеуге мүмкіндік алды.

Орынборда 1921 жылы маусымда өткен облыстық бірінші құрылтай партия конференциясы жаңа экономикалық саясатқа көшуді мақұлдады.

Жаңа экономикалық саясатпен бірге тоталитарлық, авторитарлық басшылыққа көшу басталды.

1921 – 1922 жылдардағы ашаршылық.

Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшу барысында көп қиыншылықтар кездесті. 1921 жылы жазда Еділ өзені бойының, Қазақстанның халықтары күшті қуаңшылық болуына байланысты аштыққа ұшырады. Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей және Қостанай губернияларында егістің көбі күйіп кетті. Малға азық болмай, 80 %-і қырылды. Елде аштық басталды. Ашығушылар республика халқының 1/3 бөлігін қамтыды. 1921 жылғы қарашада 1 млн. 508 мың адам ашыққан болса, 1922 жылы наурызда олардың саны 2 млн. 303200 адамға жетті. Маусым айына қарай Семей және Ақмола губернияларының шаруаларынан азық – түлік салығы бойынша 4 млн. пұттан астам астық және 24,5 мың пұт май жинап алынды. Бұл жинап алынған өнімдер ең алдымен елдің пролетарлық орталықтары – Москваға, Петроградқа, Самараға, Казаньға, Саратовқа жіберілді. Соның нәтижесінде «аман–сау» аудандардың халқы ашыға бастады.

Кеңес үкіметі Қазақстанның ашыққан халқына көмектесу шараларын бірсыпыра кешігіп қолданды. Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитетінің декретімен республиканың егін шықпаған аудандардың халқы азық – түлік салығынан босатылды. 1922 жылғы егіс көлемінің 80 % жуығына Кеңес үкіметі берген дән себілді. 1921 жылы 14 маусымда «Нақты ет салығы туралы» декрет шығып, қазақтар ет салығынан босатылды.

1922 жылы 4 тамызда Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің қаулысына сәйкес Қазақ АКСР – іне ауылшаруашылық машиналар мен құралдарын сатып алу үшін 25 млн. сом бөлінді. Нақ сол жылы Кеңес үкіметі Қазақстанға егін шықпауынан зардап шеккен шаруалардың мал сатып алуы үшін 21131 мың сом бөлді. 575 балалар үйлері, 9 балалар баспанасы ұйымдастырылып, 18,5 мың баланы РКФСР – ге әкетті.

Ашыққандарға Кеңестік Түркістан туысқандық көмек көрсетті. 2 млн. пұт астық жіберді, Республикадан 20 мың ашыққан адам қабылданды.

Осындай ауыр жағдайға қарамастан, 1921 жылы 7 қазанда В. И. Лениннің үндеуіне («Сіздерде Арал теңізінде балықтың аулануы жаман емес... Өздеріңіз аулаған балықтың бір бөлігін аштықтан ісінген қарттар мен қарияларға бөліңіздер». Ленин В. И. Шығ. толық жинаған 53- 247 бет) байланысты Арал балықшылары Еділ бойындағы ашыққан халыққа 14 вагон балық жіберді.

1921 – 1922 жылдардағы аштықтың салдары:
1) Демографиялық жағдай нашарлап кетті. Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Торғай губернияларында халық саны 1/3 – ке дейін азайды.
2) 700 мыңнан астам адам республикадан тыс жерлерге көшіп кетті.

Жер – су реформасы.

Жер мәселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатының ауыр зардаптарын жою шаралары іске асырылды.

1921 жылы сәуірде бұрынғы Сібір және Орал казак әскерлеріне берілген жерді қазақтарға қайтару туралы декрет нәтижесінде Ертіс өңірінен 177 мың десятина жер қайтарылды. Оралдың сол жағалауынан 208 мың десятина жер қазақтарға берілді.

1921 жылы Жетісуда жер – су реформасы жүргізілді. Нәтижесінде қазақ, қырғыз, ұйғыр еңбекшілеріне 460 мың десятина жер қайтарылды. Сонымен бірге Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қазақ және орыс халқына жер беру үшін көлемі 1 млн. десятинадан астам жер қоры құрылды.

1921-1922 жылдары аграрлық қайта құрулар нәтижесінде 300 мың адам Қытайдан Қазақстанға оралды.

Реформаны жүзеге асыруда қателіктер мен асыра сілтеулерге жол берілді. Кей жағдайда қоныс аударушы кедейлер жерден айырылды. Қоныс аударушылар негізінен отаршыл – кулактар қатарына жатқызылып, қазақтар мен қоныстанушылар арасында ұлт араздығы туып отырды.

Сөйтіп, 1921 – 1922 жылдардағы жер – су реформалары нәтижесінде патша үкіметі алған жер түгел қазақ еңбекшілеріне қайтарып берілді.

Ауылда әлеуметтік өзгерістер мен жер реформаларын жүзеге асыру үшін бұқаралық ұйым 1921 жылы «Қосы одағы» құрылды (1930 жылдан «Кедей одағы» атанды).

Оның міндеттері:
1) Еңбек артельдерін құру.
2) Кедейлерге жер беру.
3) Еңбекшілердің саяси сана – сезімі мен мәдени деңгейін көтеру.

1921 – 1922 жылдардағы жер реформасының маңызы:

1) Еңбекшілерді социалстік құрылысқа тартуда үлкен роль атқарды.

2) Отаршылдық аграрлық саясатқа соққы берді.

3) Қазақ ауылындағы патриархаттық – феодалдық негізді әлсіретті.

4) Ұлттық келісімнің орнығуына жағдай жасады.

Жаңа экономикалық саясат жылдарындағы өзгерістер.

РК(б)П – ның X съезінен кейін енгізілген азық – түлік салығы біртіндеп жетілдіріле түсті, шаруалар өмірінде оңды жағдай қалыптасты. Шаруалар басы артық өнімдерін қалаларға апарып сатып, тұрмыс жағдайын түзеуге мүмкіндік алды. 6 және одан кем ірі қарасы бар қожалықтар салықтан босатылды. Көлік салығы мен ақшалай түтін (шаңырақ) салығының орнына біріңғай заттай салық белгіленді. Салық мөлшері азайтылып, 1924 – 1925 жылдары өнімнің 1/8 бөлігі алынса, 1927 – 1928 жылдары өнімнің 1/13 бөлігі алынды, ал 1924 жылғы қаңтардың 1 – нен бастап тек қана салықтың ақшалай формасы енгізілді. Үдемелі салықтың ауыртпалығы кулактар мен байларға түсті. Салықтан жиналған қаражаттар қорғаныс ісіне, Халық ағарту ісіне, ауылшаруашылығына, ірі өнеркәсіпті дамытуға жұмсалды.

Осы жылдары құрылған ауылшаруашылық несиесі қоғамы (кредит кооперациясы) көшпелі халыққа жеңілдікті шарттармен 3 -5 жылға несие берді. Мемлекет шаруаларға ауылшаруашылық машиналары мен жабдықтар сатып алуға несие берді. 1924 – 1925 жылдары республикаға әкелінген 415 тракторды кооперативтер мен коммуналар сатып алды.

Несие (кредит) кооперациясы қарызға тұқым беру, салық және басқа да экономикалық реттеу құралдары мемлекеттің еңбекші шаруалармен байланысын нығайтуға, өндіргіш күштерді қалпына келтіруге, ауыл мен қыстақ еңбекшілерінің еңбек белсенділігін арттыруға көмектесті.

Соның нәтижесінде:
1) Егіс көлемі 1924 жылы – 2,1 млн. – ға, 1928 жылы – 4 млн. – ға өсті.
2) Мал шаруашылығы одан да жоғары қарқынмен дамыды. 1924 – 1928 жылдары мал саны 24,8 млн. – нан 41 млн. – ға жетті.
3) Шаруа қожалықтары 1924 жылы - 737 мың – нан 1928 жылы – 1 млн. 333 мыңға жетті.
4) Астық өндіру 1924 – 1925 жылдары 64,618650 пұттан 1928 – 1929 жылдары – 240 млн. пұтқа артты. Осы уақытқа Қазақстанда 103 коммуна мен 650 ауылшаруашылық артелі болды. Оңтүстік Қазақстанда мақата өсіретін «Мақтарал» алып совхозы ұйымдастырылды.

Шаруалардың жіктелу процессі күшейді:
1) Батырақ – кедей қожалықтары 2 есеге азайды.
2) 1928 жылы шаруалардың ¾ бөлігі орташаларға айналды.
3) Кулак – бай қожалықтар 6,6 % - ден 14,8 % - ға көбейді.

Жаңа экономикалық саястат жылдары өнеркәсіпте де өзгерістер болып жатты. Халық шаруашылығының Қазақ Орталық Кеңес 8 тресті – «Қожмехтрест», «Илецксоль», «Павлодарсоль», «Ақжал – золото», «Каззап – золото», «Казахсаксаултрест», «Казспирт» трестері мен екі кәсіпорынды – Сантонин заводын, Қарғалы шұға фабрикасын біріктірді. Сонымен бірге Одақтық маңызы бар «Эмбанефть», «Алтай–казполиметалл», «Атбасцветмет» трестері құрылды. Жалпыодақтық трестер республика бюджетіне табыстарының бір бөлігін аударып отырды: «Эмбанефть» мұнайынан алынған табыстың 5 % - ін Қазақ АКСР – інің өлкелік бюджетіне аударды. Осылайша одақтық трестердің монополиялық өктемдігі қалыптасты. Экономикалық саясат өктемдікпен жүргізілді. Трестерді қаптату аймақтарда өндіргіш күштерді ұтымды орналастыруға теріс әсер етті. Қазақстан экономикасының ұзақ жылдарға созылған шикізаттық сипаты анықталды.

Россияның орталық аудандарынан республикаға бірқатар өнеркәсіп орындары көшірілді: Орынбор тоқыма фабрикасы, Қостанай шұға фабрикасы т. б.

Өлкедегі кен өнеркәсібіне көңіл бөлінді. Түсті металлургияның басты ауданы – Кенді Алтай болды.

Риддер қорғасын заводы мерзімінен бұрын пайдалануға беріліп, ол 1923 жылға қарай жалпы Одақта өндіретін қорғасынның 40 % - ін бере бастады.

Орал – Ембі мұнай кәсіпшіліктері қалпына келтіріле бастады. Әуелі Доссор, содан соң Мақат кәсіпшіліктері қалпына келтіріле бастады. Атырауды осы мұнай кәсіпшіліктерімен жалғастыратын тар табанды жол салынды.

Одан бұрын (1920 ж.) Шымкент сантонин заводы пайдалануға берілген болатын. Қарсақбай комбинаты жоғары қарқынмен қалпына келтірілді. Мұнда 1927 жылы мыс өндіріле бастады.

Қазақстанда өнеркәсіпті қалпына келтіру процесі орталықпен салыстырғанда неғұрлым баяу қарқынмен жүргізіліп, 1927 – 1928 жылдары ғана аяқталды.

Жаңа экономикалық саясат кезеңінде товар айырбасы мен товар айналымының маңызы артты. РКФСР Халық Комиссариаты Кеңесінің 1921 жылғы мамырдың 24 – індегі «Айырбас туралы» декретінде кооперативтік ұйымдар арқылы да, рыноктар мен базарларда да айырбас жасауға жол берілетіні атап өтілді. Сонымен бірге жеке саудаға рұқсат етілді. Жәрмеңке саудасы күшейтілді. 1927 жылы 75 жергілікті, 13 губерниялық, 7 өлкелік жәрмеңке жұмыс істеп, сауда айналымы – 30 млн. сомға жетті.

Басты жәрмеңкелер:
1) Семей губерниясында – Қоянды, Баянауыл.
2) Ақмола губерниясында – Атбасар.
3) Ақтөбе уезінде – Ойыл, Темір.
4) Бөкей ордасында – Орда.

Өлкеде тұтыну кооперациясы кеңінен дамыды.

Жаңа экономикалық саясаттың нәтижелері:

1. Күйзелген ауыл шаруашылығын тез арада қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
2. Өнеркәсіп қалпына келтірілді.
3. Өркениетті кооператорлар құрылысы (қозғалысы) ел шаруашылығының барлық саласын көтерді.
4. Шаруа шаруашылығын еркін дамытуға кепілдік берді.

Сонымен, жаңа экономикалық саясат шаруашылықты өркендетуге мүмкіндік берген «керемет ғажайып» саясат болды (1921 1929 жж.).

Қазақ жерлерінің Қазақ АКСР құрамына біріктірілуі.

Заман талабы қазақ халқының Ұлттық Кеңес Мемлекеттігін құруын қажет етті.

Жүзеге асыруға тиісті шаралар:
1. Халықтың бұрынғы территориялық тұтастығын қалпына келтіру.
2. Қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру.

Қырғыз әскери – революциялық комитеті жанынан арнаулы комиссия құрылып, болашақ республиканың шекарасын белгілеумен айналысты. Бұл өзгерістер кезінде әр түрлі көзқарастар туындады. Кейбіреулер Қазақстанға Ақмола, Семей, Орал облыстарының қосылуына қарсы шықты, басқалары, керісінше, қазақ жерлерін ғана емес, сонымен қатар республика құрамына Омбы облысын, Орта Азияның көп бөлігін, Барнаул уезін, Алтай өлкесін және т. б. қосуды да талап етті.

Орынборды Қазақстан құрамына енгізу маңызды мәселе болды. 1919 жылғы қыркүйектің 19–ында губерниялық комитет Орынбордың Қазақстанға қосылуы туралы шешім қабылдады, ал 1920 жылғы шілденің 7 – ісінде Орынбор қаласы Республика құрамына енгізіліп, тұңғыш астанасы (1920 1924 жж.) болды. 1924 – 1929 жж. астана – Ақмешіт (Қызылорда). 1929 жылдан астана – Алматы.

Батыс Сібірге еніп келген Ақмола және Семей облыстарын Қазақстан құрамына енгізу оңай болған жоқ, оған Сібір ревкомның кейбір мүшелері қарсы шықты. 1920 жылдың екінші жартысында олар Қазақстанмен шекараны белгілеу мәселелерін бес рет қарады. Ақыры 1921 жылы Ақмола және Семей облыстары Сібір ревкомы қарамағынан КАКСР – не берілді. 1921 жылы Жайық, Ертіс өзендері бойындағы бұрын казактар иеленіп келген 10 шақырымдық өңір халқына қайтарылды.

КАКСР құрамына енгізілген аймақтар:

Семей облысы – Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездері.

Ақмола облысы – Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл, уездері және Омбы уезінің бір бөлігі.

Торғай облысы – Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай уездері.

Орал облысы – Орал, Ілбішін, Темір, Атырау уездері, Маңғыстау уезі.

Закаспий облысы – Красноводск уезінен 4,5 Адай облыстары. Астрахань облысының бір бөлігі.

Бөкей ордасы және Каспий теңізі жағасындағы болыстар.

Орта Азияны ұлттық – мемлекеттік жағынан межелеуді және Оңтүстік аймақты республика құрамына қосуды әзірлеу жөнінде қазақ зиялылары ұйымдастыру шараларын жүргізді (1924 ж.).

Нәтижесінде;
1) Кеңестік Шығыста ұлт республикалары құрылды.
2) Қазақ жерінің біртұтас Қазақ республикасы болып қалыптасуы аяқталды.

Соның нәтижесінде Сырдария облысының Қазалы, Ақмешіт (Қызылорда), Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уезінің көп бөлігі, Ташкент, Мырзашол уезіндерінің бір бөлігі, Самарқанд облысы, Жизақ уезінің бірнеше болысы, Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал (Талдықорған) уездері, Пішпек уезінің бір бөлігі Қазақстанға қарады. Республика аумағы үштен біріндей кеңейіп, 2,7 млн. шаршы шақырымға жетті, ал халқы 1 млн. 468 мың адамға көбейіп, 5 млн. 230 мың адам болды. Қазақтар – 61,3 % - ін құрады (1926 жылғы санақ деректері бойынша).

1925 жылы 15–19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің бүкіл Қазақстандық V съезінде «қырғыз – қазақ» атауы берілді, ал 1936 жылғы 9 ақпанда КАКСР Орталық Атқару Комитеті қаулысымен «қазақтар» атауы берілді.

Сөйтіп, қажырлы күреспен келген өзін - өзі билеу құқығы қазақ халқы үшін нақты шындыққа айналды.

Республикадағы қоғамдық саяси өмір.

Қазақ өлкесінде жаңа экономикалық саясатты жүргізуші Кеңестер (советтер) болды. Алайда Кеңес құрылысында қиыншылықтар мен кемшіліктер де кездесті.

1921 жылы 4 – 10 қазанда Қырғыз (қазақ) АКСР Кеңестерінің II съезі болып өтті. Онда қаралған мәселелер: 1) Республикадағы мемлекеттік және шаруашылық құрылыстардың қорытындылары шығарылды. 2) жергілікті жерлерде Кеңестерді нығайту жолдары белгіленді.

1925 жылы бірінші желтоқсандағы өлкелік V партия конференциясы болды. Партияның беделі өсіп, ауыл тұрғындарын партия қатарына алу ісі өріс алды. Партия мүшелерінің саны артып, 1927 жылғы 1 қаңтарда 16854 адамға жетті. 1932 жылға қарай партия ұйымы негізінен қалыптасып бітті. Бірақ партия жұмысының барлық буындарына әміршіл - әкімшіл әдіс енгізілді.

Осы жылдары Қазақстанда жастар қозғалысы өрістеді. 1921 жылы шілдеде Орынбор қаласында жастар ұйымы – Қазақстан комсомолының бірінші съезі өтті. Қазақ комсомолының ұйымдастырушы, тұңғыш төрағасы Ғани Мұратбаев (1902 – 1924 жж.) болды. Ол өмірінің соңғы жылдарында коммунистік жастар интернационалы Шығыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Ғани Мұратбаев өмірі 23 жасқа аяқ басқанында үзілді. Сондай – ақ Мирасбек Төлепов, Федор Рузаев, Қайсар Тәштитов және т. б. жастар қозғалысының танымал жетекшілері болды.

1921 жылғы қаңтардың 1–інде КОБОС – тың қазақ облыстық бюросы ұйымдастырылды. 1921 жылы қазанда кәсіподақтардың республикалық 1–конференциясы болды. Онда кәсіподақтардың міндеттері белгіленді: 1) жұмысшыларды сақтандыруға, 2) сауатсыздықты жоюға, 3) сенбіліктер ұйымдастыруға, 4) одақ мүшелігіне қазақ пролетариатын тартуға, 5) жұмыс табының ұлттық отрядын қалыптастыруға көңіл бөлінді.

Осы жылдары әйелдер қозғалысы кеңінен дамып, көрнекті қоғам қайраткерлері өсіп – жетілді: Н. Құлжанова, Н. Арықова, А. Оразбаева, Ш. Иманбаева, С. Есова т. б.

Қазақстанда Кеңес үкіметі нығая түсті. Ауылдық және қалалық Кеңес депутаттарының 6 айлық, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің 1 жылдық өкілеттік мерзімі белгіленді. Қанаушы элементтер (феодалдар, билер, имамдар, муфтилер, мұсылмандардың діни басқармаларының мүшелері) сайлауға қатыстырылмады. Егер бұрынғы болыс басқарушыларының, билердің ұрпақтары Кеңес үкіметіне адалдық көрсетіп, қоғамдық еңбекке қатысса, оларға сайлау құқығы берілді. Бұқара арсында саяси жұмыс, насихат пен үгіт жүргізу мақсатында қызыл керуен және жылжымалы қызыл отау ұйымдастырылды. Сөйтіп, сайлау барысында рулық сарқыншақтарға рулық және таптық бой көрсетулеріне, патриархаттық – феодалдық қатынастардың қалдықтарына қарсы күрес жүріп жатты.

Қалыңмал алуды жою, көп әйел алушылыққа, әмеңгерлікке тыйым салу туралы қаулы кеңінен насихатталды.

1922 жылы 9 мамыр – 12 маусым аралығында Ә. Жангелдин бастаған «Қызыл Керуен» экспедициясы Орынбор – Орск – Торғай – Атбасар – Ақмола – Петропавл – Павлодар – Қарқаралы – Семейге дейін жүріп, 126 митинг өткізіп, 25 пұт әдебиет таратты, Кеңестік декреттерді насихаттап, партияның ұлт саясатын түсіндірді. Кеңестердің іс – қағаздарын қазақ тілінде жүргізуін жолға қойды.

1921 жылғы қаңтар айында Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қырғыз (қазақ) және орыс тілдерін қолдану тәртібі туралы, 1923 жылғы қарашаның 22 – інде «Қырғыз (қазақ ) тілінде іс жүргізуді енгізу туралы декреттер қабылданды.

1927 жылғы мамырдың 17–інде «Қазақ уездің, округтік мекемелерде қазақ тілінде іс жүргізуге біржола көшу», 1928 жылғы қаңтар «Аралас уездік мекемелерде қазақ және орыс тілдерінде қосарлас іс жүргізуді енгізу» жөнінде шаралар белгіленді.

1925 жылы желтоқсанда Бүкілқазақстандық V РК(б)П конференциясы өтті. Онда: ауылды кеңестендіру бағытын жариялап, үкімет органдары ретінде ауылдық кеңестерді нығайту, олардағы бай,жартылай феодалдардың зорлық – зомбылығын жою жөніндегі ұйымдық, идеологиялық шаралар кешенін белгіледі.

1928 жылы республикада жаңадан аудандастыру жүзеге асырылды. Республика 5 буынды – ауыл, село, болыс, уезд, округ, орталық басқару жүйесіне көшірілді. Республика 1 автономиялы облысқа, 13 округ, 192 ауданға бөлінді.

Жаңадан аудандастырудың маңызы:
1. Кеңес аппаратының халық бұқарасына жақындай түсуіне, халықты кеңестік құрылысқа тартуға көмектесті.
2. Ұлтшылдық егестерді тоқтатты.
3. Рулық ауылдарды жойып, шаруашылық – территориялық Кеңестер құру қажеттігін көрсетті.

1929 жылы Қазақ АКСР – ының астанасы Қызылордадан Алматы қаласына көшірілді.

Сонымен бірге, осы жылдары (1921 – 1928 жж.) қоғамда партияға тәуелділік арта түсті. Ф. Голощекин мен оның төңірегіндегілер әміршіл - әкімшіл басшылық стилі мен ойлау әдісін орнықтырды, партиялық – мемлекеттік машинасы «жау бейнесін» ойлап тапты. Т. Рысқұловқа, С. Сейфуллинге, С. Мендешевке, С. Садуақасовқа және т. б. «ұлтшыл» деген айдар тағу нақ сол жылдары тәжірибеге енді. Жеке меншікті, көп укладтылықты, товар айналымын жою, идеологияның экономикадан басым болуы - осының бәрі казармалық социализм негіздерінің орнығуына әкеп соқты.

30.04.2010 00:12 История Казахстана Артем 4620 46956 3
Дәурен.   04.05.2012 09:02
үлкен рахмет жаксы жазылыпты
AiGerim   10.01.2011 00:29
newyear Luydi u kogo est wpory po ENGLISH skinte plz a_aigerim_s@mail.ru
Zhanara   09.01.2011 23:49
Super! Спасибо большое! biggrin snegurochka
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход