Қазақстан территориясындағы ерте және дамыған орта ғасырдағы мемлекеттер" />
Menu
Дамыған ортағасырлық мемлекеттер
Қарахан мемлекеті (942-1210 жж.). Қарахан мемлекетінің құрылуы.

X ғасырдың орта кезінде Жетісу аумағында және Шығыс Түркістанның (Қашғардың) бір бөлігінде әлеуметтік құрылымы біршама дамыған Қарахан мемлекеті пайда болды. Орталыға – Баласағұн қаласы. Қарахан мемлекеті тарихының бастапқы кезеңі жөнінде сенімді мағлұматтар деректемелерде сақталмаған, ал алғашқы Қарахандар туралы әңгімелер жартылай аңыз сипатында болып келеді.

Жазба деректерге қарағанда, Қарахан мемлекетінің құрылып, оның дамуының алғашқы кезенің саяси тарихында, қарлұқ тайпалар бірлестігінің орны ерекше болған. Мәселен: Қараханид мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ Бограхан (915-955 жж.), Қарлұқ қағаны Білге Қыдырханның немересі. Сатұқ Бограхан Таразды билеуші Оғұлшаққа қарсы шығып, оны талқандайды, сөйтіп Тараз бен Қашқарды бағындырады; 942 жылы ол Баласағұнда билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған деп жариялайды. Жаңа билік иелерінің басшысы өзін «қара қаған » немесе «қара хан» деп атады. Осыдан келіп тарихта бұл әулет қарахандықтар әулеті деп аталды. Шынына келгенде, Қарахан мемлекетінің тарихы осы уақыттан басталды.

Сатұқ өлгеннен соң билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы қағанаттың мемлекеттік діні ислам деп жариялады. Оның астана қаласы-Қашқар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен–ілек Баласағұнды иеленді. Мұса өлген соң жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арслан-ханға көшті. Оның екінші жерінің орталығы Қашқар болды, сонымен қатар ол Тараз бен Баласағұнның да билеушісі болып есептелді.

Қарахан мемлекетінің саяси тарихы ол өмір сүрген алғашқы ондаған жылдың өзінде-ақ негізінен екі әулеттің Әли Арслан-хан мен Хасан Боғра-ханның ұрпақтары арасындағы өзара қырқысқан күреске толы болды.

Мемлекеттің этникалық құрамы: шігіл, яғма, қарлұқ, оғыз, қаңлы сияқты т.б түрік тілдес тайпалардан тұрған. Шігіл және Яғма тайпалары негізгі роль атқарған. Өкімет басындағы билеушілер алма-кезек осылардан тұрған.

Өкімет ұймы-мемлекеттік қурылым.

Жоғарғы өкімет билігі хақанның (ханның) қолында болды. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Үстем тап өкілдеріне ханның ұрпақтары тегіндер, ілек (ел) хандар, бектер, нөкерлер жатқан. Билік үлестік жерлер арқылы жүргізілген. Ұлестік жерлер ірі жене кіші болып бөлінген. Хақанның сарай маңындағы қызметкерлерінен құралған тұрақты ұйымы болды. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болды, ол әрі көмекші , әрі кеңесші болып саналады. Қараханидтер кезіндегі уәзірлер, қарлұқ қағанының «көл-еркіндеріне» ұқсас . Махмұд Қашқаридің жазуына қарағанда, «көл-еркіннің» мәні көл-кесір, ұшаң-теңіз, ақыл-ой деген мағынаны білдірген. Шындығында, қазақша уәзір сөзі ақыл-ойдың кені..

Хақанның мемлекеттік саяси-әкімшілік іс жүргізетін жері-орда деп аталған. Онда сарай қызметкерлері тұрған. Олар: хақанның уәзірлері, нөкерлері, орынбасарлары, қазынашылары, елшілері, хат жүргізушілері, аспапшылары және т.б жеңіл-желпі жұмыс істейтіндер.

Қараған мемлекетіндегі қоғамдық құрылыс басқару тәртібі, жер иеленудің түрлері, алым-салық алудың жүйесі, әлеуметтік теңсіздік, қанаудың түрлері туралы сөз еткенде, орта Азиядағы мемлекеттердегі қоғамдық құрылыстың әсері болғандығын ескерген жөн. Мәселен, отырықшы-егіншілік округтерде негізінен саманилер тұсында қолданылған құрылымда сақталды. Мұнда бұрынғысынша қоныс және қала басшылары (мехталар, әкімдер, раистер) болды. Сонымен бірге ілік-хандар тұсында, сахиб-барида (мәліметшілік қызметтерде қоса атқаратын почта бастықтары), мұстауфалар (финанс –салық ведомствосының чиновнигі мен бастығы) және т.б да лауазымдар сақталды.

Қырдағы аймақтағы мал шаруашылығымен айналысатын халықты басқару тәртібі басқаша болды. Ол да иерархиялық принциптерге негізделіп тұрса да, көшпелі қауымдардың әкімшілік басқаруы рулық-тайпалық басшы топтар арқылы, көбінде елші басына, бектер мен хандарға бағынатын ру басылары арқылы жүзеге асырылды.

Қарахан бектерінің билігі әжептәуір мол болды. Олар тәртіп сақталуын қадағалады, оларға сот үкімдерінің және әдеттегі право нормаларының (тору) орындалуын бақылау міндеттелді, шекараларды қорғау да соларға жүктелді.

Қарахан елші- басшылары, бектер мен хандар (ел) ілек-хандарға бағынды, олар үлесті жерлердің билеушілері болды. Хақандар тәрізді олардың өз әкімшілік орталықтары қызметін атқарған сарайлары (қаршылары) және тұрақты ставкалары (ордалары) болды. Ілектер үлесті жерлердің қалалары мен селолық округтерін басқарды. Шонжарлар арасында ілектің алдында жерді сүю дәстүрі болды, бұл вассалдық билеушіге (сюзеренге) тәуелділігінің белгісін білдіретін.

Тұтас алғанда Қарахан мемлекетінің мемлекеттік-әкімшілік жүйесі феодалдық негізде орнықты. Ол отырықшы және көшпелі халық бұқарасын қанап, бағынышта ұстау мақсаттарына қызмет етті.

Жер иелену түрлері. Икта.

Алғашқы кезде бұрыңғы мемлекеттік құрылымдардың дәстуррлерін жалғастырған Қарахан мемлекеті, алайда, экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да, олардың қарапайым қайталануы болған жоқ. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды институт әскери- лендік жүйе болды. Хакандар мемлекетке халық жиналатын жерлерді өздерінің туыстарына және жақын адамдарына тарту етіп сыйға берді. Мұндай тартулар парсы тілінде «Икта», ал иеленушілер иктадар деп аталынса, арабша иеленуші «Мукта» деп аталынған. Деректерде иктасы бар мукта, муктаны жаудан қорғауға тиісті болған. Бір ескеретін жағдай, икта муктаға заңды түрде бекітіліп берілмеген. Ал муктадар иктаны өздеріне мәңгі мұрагерлікке бекітіп алуға тырысып отырған.

Иктаны берудің бірнеше жолдары болған. Ол муктаның қоғамдағы орнына байланысты болды.

1. Егер мукта қаған әулетінен болса, оған ірі жер үлестері берілген.

2. Орташа үлестік жерлер бектерге.

3. Кіші үлестік жерлер тәуелді қызметкерлерге берілген.

Қарахан мемлекетіндегі жер иеленудің және бір үлкен көп тараған түрі әскери үлестік (лендік) жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілетін болған. Үлеске берілетін жердің мөлшері әскери қызметтердің дәрежесіне, сіңірген еңбегіне, қоғам алдындағы бет-беделіне байланысты болды. Шамасы, әскери үлестік жерлер сарбаздар арсында да бөліске түскен. Кейбір деректер, әскери қызметкерлерге заттай, ақшалай да ақы берілгендікті хабарлайды. Үлестік жер алғандар да, иктадарлар да өздерінің билеушілерінің алдында қажет болған кезде, қару-жарағымен қаруланған сарбаздарымен қызметке дайын болған.

Иктамен қатар жер иеленудің басқа да түрлері болды. Қарахан билеушілері қазынаға түсетін салықтардың көзі және уақытша сыйлық беру қоры болған үлкен-үлкен жер учаскелерін иеленді. Бұл қарахан әулетінің жаулап алынған жерлер, сондай-ақ мемлекет қарамағындағы жерлерден тұрды.

Ірі жер иеленумен қатар мұсылман дін басыларының негізгі материалдық базасы діни мекемелердің пайдасына атақты және бай жер иеленушілер мен көшпелі-әскербасылары өсиет етіп қалдырған учаскелерден тұратын вақфтық жерлер де болды. Әдетте, вакфтық жерлерден мемлекет пайдасына салықтар алынбады. Ірі және орташа феодалдық жер иеленумен қатар ұсақ шаруалар меншігі мен қауымдық иелену сақталды.

Жері жоқ шаруаларды қанаудың кең тараған түрлерінің бірі үлескерлік арқылы жүзеге асырылды. Араб және парсы–тәжік деректемелерінде үлескерлер (шаруарлар) музари немесе барзигар деп аталды. Үлескерліктердің мәні мынада болды: мемлекеттік немесе мұрагерлік жолмен жер иеленушілердің меншігіндегі жер шаруаларға жалға берілді. . Үлескер (шаруа) түсімінің көбін салық түрінде мемлекетке және жерді меншіктенушіге не вакф (вақфтық жер де жалға берілді) иесіне беруге міндеттенді. Үлескерлерге айналушылар әдетте өзінің суармалы жер учаскелері жоқ шаруалар еді.

X-XII ғғ. Қарахан мемлекетінде шаруаларды қанаудың екінші бір түрі коммендация. Оның мәні, ұсақ жер иелері немесе орта шаруалар семьясының, азық-аулақ мал-мүлкі мен байлығы күштілердің таражға түсуінен, зорлық-зомбылығынан сақтану үшін күштілердің қорғануына (патронатына) берілуі. Ол үшін кедейлер өздерінің «қорғаушыларына» тиісті алым-салық төлеп отырған. Дәл осындай жағдай мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда да болды.

Өндіргіш күштің өсуіне, өндірістік тәсілдің дамуына байланысты коммендациялық қанау түрі де өзгеріп отырған. Малсыз, жерсіз қалған шаруалар, кедейлер үстем тап өкілдерінің тәуелділігіне толық түсіп отырған. Олар өздерінің «қорғаушыларына» алым-салықпен өтей алмаса, өздерінің борыштарын жауынгерлік қызметпен немесе жұмыспен өтеген.

Сонымен жоғарыдағы көрсетілген әлеуметтік жағдайлар, Қарахан мемлекетінің өзінен бұрыңғы феодалдық мемлекеттердің жай ғана жалғасы болып қоймай, олардың дамыған жалғасы екендігін көрсетеді. Олай болса бұл кез (X-XII ғғ.) Қазақстанның Өңтүстік және Оңтүстік-шығыс аудандарында феодалдық қатынастың қалыптасып болғандығына толық дәлел.

Қыпшақ хандығы (XI ғ басы-1219 ж.). Қыпшақ және олардың қоныстануы.

«Қыпшақ» атауы ең бірінші рет 760 жылы ежелгі түріктің руникалық ескерткіштерінде аталады. Мұсылман деректерінде қыпшақтар тұңғыш рет араб географы Ибн Хордабектің (IX ғ.) жылнамалық жинағында ұшырасады.

656 жылы Батыс түрік қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының Солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір мол топтары кимектердің басшылығы мен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талабы VIII ғасырдың соңында оларды кимек мемлекетінің құрамынан бөлініп, батысқа қарай көшуіне апарып соғады. Бірақ қыпшақтар түбірлі тәуелсіздікке жете алмайды, олар VIII-X ғғ. кимек мемлекетінің құрамында болып, қыпшақтар тарихы кимектер тарихымен қоса өрледі.

XI ғасырдың басында Кимек қағанаты тарханнан кейін, кимек, қыпшақ және қуман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. Қыпшақтың өкімет басына келген ақсүйектер әулеті оңтүстік және батыс бағыттарында белсенді қимыл-әрекеттерге кірісіп, Орта Азия және Оңтүстік Шығыс Европа мемлекеттерімен тікелей байланыс жасауға кіріседі.

Аймақтағы этникалық саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес, XI ғ. екінші жартысында жазба деректерде бұрын осы жерде бұрын аталып келген «Оғыздар даласының» (Мафазат әл-гуз) орнына Дешті- қыпшақ аты пайда болды.

Ертістен Днестірге дейінгі бүкіл территорияны алып жатқан Дешті-қыпшақтың тарихи географиялық облысын шартты түрде Еділ бойы арқылы аса үлкен екі этникалық-территориялық бірлестікке бөлуге болады: басында тоқсоба рулық әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі руының хан әулеті билеген Шығыс қыпшақ қағанаты.

Қыпшақ этникасының қазақ территориясында құрылуы аса ұзақ процесс болған, ол үш кезеңге бөлінді:

1.VII-VIII ғғ. Kимек қағанатының құрамындағы қыпшақтар;

2.VIII-IX ғғ. Алтай тауларынан батыстағы Еділ өзеніне дейінгі террторияға қоныстанып, саяси үстемдік алған қыпшақтар;

3.XI-XIII ғғ. Шығыс ұлыстағы айбынды қыпшақтар.

XI ғ. екінші жартысынан бастап қыпшақтардың этникалық құрамына енген негізгі тайпалар: қимақтар, баяндурлар, баяуттар, қаңлылар, ұран тайпалары. Әбу-л-Ғазиздің хабары бойынша Ыстық көл мен Талас жағалауына қоныстанған қаңлылар да кірген.

Рашид-ад-Диннің жазуына қарағанда, қыпшақ қоғамында ұран тайпасының беделі ерекше болған. Оған себеп Хорезм шахы Мұхаммед II шешесі Туркан-Хатун осы ұран тайпасынан болған. Моңғол шапқыншылығының қарсаңында қыпшақтармен Хорезм шахының арасындағы жақсы қатынас болған тәрізді. Сонымен қатар қыпшақ әскер басшыларының көпшілігі де ұран тайпасынан болған.

Қыпшақтардың құрамына көрші жатқан түркі тілдес тайпалар да қосылған. Қыпшақтардың саяси салмағының күн санап өсіп бара жатуына байланысты, тайпалар мен этникалық топтар, өздерінің бір этносқа жататынын саналы түрде сезе отырып, қыпшақ атын алады. Алайда қыпшақ жұртынын құрылып, қалыптасуының аяққы кезенін моңғол басқыншылығы үзіп тоқтайды.

Қоныстануы.

XI ғ. орта кезінде қыпшақтар қазіргі Қазақстанның шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап, Оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі Оңтүстік Батыс Сібірдің орманды дала аймағына дейінгі кең территориясына тарап, емін-еркін қоныстанды.

Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шекарасын кеңейте отырып, Оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді, сөйтіп Қарахандармен шектесіп жатқан жерден Қанжек Сеңгір бекінісін салады.

Қыпшақ тайпаларының этникалық территориясы өздерінің этникалық-саяси бірлестігі шебінің тұрғысынан қарағанда, негізгінен тұрақты болған, тек Оңтүстік-батыс шекарада XII ғ. 30-жылдарынан бастап Хорезм шахтар мемлекеті тым белсенді саясатты жүргізуге көшеді.

Хандықтың құрылуы.

Сырдария бойындағы Оғыздар мемлекетін, Орта азиядағы Хорезм шахтар және Қарахандар әулетімен соғысқа және соқтығыстарға әкеліп жеткізген. XI ғ. бірінші жартысында буырқанған дауылды оқиғалар қыпшақтар мемлекетін құрудың обьективті себебіне айналды.

XI ғасырдың басында Кимек қағанаты құлағаннан кейін Ертістен Еділге дейінгі кең аумақ қыпшақтардың қолына өтті. Осылайша, Қыпшақ хандығы (XI ғ.-1219 ж.) пайда болды. XI-XII ғғ. Орталық Азия мен Шығыс Европадағы түркі тілдес халықтардың ішіндегі саны жағынан ең көбі қыпшақтар болды. Ордасы Сығанақ қаласы.

Қыпшақ мемлекеті өзінің саяси жағынан күшейіп тарих сахнасында елеулі көтерілген кез XI ғасырдың ортасы.

Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Хандар шығатын әулеттік ру-ел бөрілі деп аталынған. Махмұд Қашқаридің айтуына қарағанда, XI-XIII ғғ басындағы қыпшақ хандары әулетінің алғашқы атасы Абар хан болған екен (Табар). Орда деп аталатын хан ордасында ханның мал-мүлкі мен армиясын басқарған ханның басқару апараты орналасты. Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түрік дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген. Оң қанаты Ордасымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат-ордасымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. Әскери ұйымдар мен әскери-әкімшілік басқару жүйесіне айрықша маңыз берілген, өйткені олардан көшпелі тұрмыс ерекшелігі толық көрінген және олар көшпелі өмірге мейлінше сай, мейлінше қолайлы болған.

Билеуші ақсүйек топтарының (хандар, тархандар, басқақтар, югурлар, бектер мен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған, бұған қоса рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай болінген. Орталық Азиянын көшпелі мемлекеттерінде рулар мен тайпаладың қатаң иерархиясы қоғамдық және тайпалардың қатаң негізгі принципі болды.

Қыпшактардың қогамдық қурылымы;

Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және жіктік жағынан тең болмаған. Мүліктік теңсіздіктің негізі- малға жеке меншік болып табылады. Негізгі байлық жылқының саны болған. Жазба деректер хабарына сүйенсек, қыпшақтар еліндегі көптеген кісілердің бірнеше мыңнан жылқысы болған, ал кейбіреулерінің жылқысының саны 10 мыңға жеткен және одан да көп болған. Ибн Батутаның (араб тарихишсы) хабарына қарағанда, жеке меншікті бұзған адам қатал жазаланған, кәдуілгі хұқтың (төрелік айту) нормасы олар айыпталуға тиіс деп есептелген. Мәселен: егер біреудің атын ұрласа, атты қайтарумен бірге 9 ат айып беруге тиісті болған.

Төменгі топқа малы аз шаруалар жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретіңде пайдаланылды, ешқандай құқы болмаған. Ондайлар Орта Азия, Шығыс елдеріне құлдыққа сатылып отырған. Шежіреде қыпшақ мемлекетінде қарапайым адамдарды «ерлер» деп атаған. Олар заң жүзінде ерікті болғанымен іс жүзінде үстем тап өкілдеріне тәуелді болған. «Ерлерден» хан есебінде жасақтар құрылды. Махмұд Қашғаридің жазуы бойынша малы жоқ кедейлер жатақтар деп аталып, көп жағдайда олар ханның немесе үстем тап өкілдерінің тәуелдігіне түскен.

Сөйтіп, қыпшақ хандығы қалыптасқан ерте феодалдық мемлекет болды, ол көнетүрік мемелекетінің дәстүрін дамытып, жалғастырды.

29.04.2010 19:56 История Казахстана Артем 2361 8929 2
aibek   28.11.2010 21:47
angry javascript:// nege izdegenim jok
Қазақ   11.07.2010 19:15
Осы далбаса сөз тіркестерін қайдан, қалай ерінбей жинап аласыңдар. Қазақ атам "Соқыр естігенінен, керең көргенінен жазбас" деп бекер айтпаған ғой, жарықтық. мына далбаса тарихсымақтан бір түйір шындық исі шығып тұрса жазған кісіге ескерткіш қояр едім. Әттең... Рухтан айырылған халықтың рухани кедей ғалымдарының наны әлі де жүріп тұр екен.
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход