Menu
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Дін мектебіне беріліп, мұсылманша сауат ашқан Ғабиденді заман ағымының аңысын аңғарған әкесі он төрт жасында Спасск заводының табельшісі Мауқымның Жүсібі деген кісіден бір жыл орысша оқытады. Осы бір жыл зерек баланың келесі жылы осындағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне түсуге мүмкіндік береді. Бірақ төңкеріс тудырған аласапыран оған онда бір жылдан артық әрі оқуға мұрша бермей, ауылға қайтып келуге мәжбүр етеді. Осыдан тек арада жеті жылдай өткенде тұрмыс құрып, үйлі-баранды болған жас жігіт білімін көтеру мақсатымен Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға келеді. Бірақ мұнда оқуға  түсе алмай, өлкелік сотқа іс қағаздарын  тіркеуші болып орналасады. Осында жазушының өз тілімен айтқанда, «газет оқуға ауызданады», қысқа хабарлар жаза бастайды. Жаңа танысы Сәбит Мұқановқа еліктеп, әңгіме жазады. Ұзамай «Жыл құсы» журналында тырнақалды әңгімесі, араға жыл салып барып «Ер Шойын» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көреді. Бірте-бірте қаламы ұшталып, жазу машығына жаңа төселе келе әдеби ортамен араласып, сол кездегі дәстүрмен пікір таластарына қатысады.
Ғ. Мұстафин өзінің шығармашылық ұзақ жолында өндіріс тақырыбы мен ауыл шаруашылығы тақырыбын қатар қамтып, екі салада да өнімді еңбек еткен жазушы. Кезінде оқып, білім ала алмағанына қарамастан, өзінің тынымсыз ізденісі арқасында, орыс, қазақ жазушыларынан үйрену арқылы шеберлігін шыңдап, өзі айтқандай, «өмірдің алдын орауды» мақсат етеді. Соның нәтижесінде оның қаламынан туған шығармалар қазақ әдебиетіндегі сол тақырыпқа жазылған бірінші шығарма болып келеді. Оның өндіріс тақырыбына жазылған «Өмір не өлім», «Қарағанды» романдары да, ауылшаруашылығы тақырыбына жазылған «Шығанақ», «Миллионер» романдары да тап осындай шығармалар болатын. Ал «Дауылдан кейін» мен «Көз көрген» романдары жазушының өзі өмір сүрген дәуірінің деректі шежіресіне айналды.

20.10.2009 20:03 Қазақ тілі Puma 4611 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход