Menu
Қазақ халқының дәстүрлі өнері
Қазақ халқының дәстүрлі өнеріне ұлттық музыкалық аспаптар домбыра мен қобызда орындалатын халық әндері мен күйлерін жатқызуға болады.

Қазақ халқының әншілік дәстүрлі өнері :Арқа әншілік дәстүрі, Батыс Қазақстан әншілік дәстүрі, Жетісу әншілік дәстүрі, Сыр өңірі әншілік дәстүрі болып бөлінеді.

Қазақ халқының мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерліктері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпақтың еншісіне егжей-тегжейлі жеткен ән қазынасы қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы саналады. Дәстүрлі ән үлгілері ежелден ғұрыптық әндер, халық әндері, кәсіби халық композиторлары шығармалары болып, баға жетпес құндылықты құрайды. Қазақтың әншілік өнері жанрлық сипаты жөнінен алуан түрлі . Қазақтың фольклортанушылары мен музыка зерттеушілері қазақтың дәстүрлі ән өнерін тұрмыс –салтқа байланысты ғұрыптық әндер, халық әндері және кәсіби әндер деп жіктеп қарастырып жүр.

Ғұрыптық әндердің өзі – бесік жыры, тойбастар, беташар, жоқтау, көрісу, сыңсу, жар-жар, жарапазан болып, тармақталса, әншілік өнердің кең өріс алған кезінде пайда болған кәсіби ән өнері- халық әндері (анонимды-авторлық) және кәсіби халық композиторларының әндері болып саналады.

Қазақ халқы ән мен күйге аса бай халықтардың бірі. XIX ғасырдағы қазақтың музыка мәдениетін зерттеушілер қазақта мың ән, бес жүз күй барлығын жазған болатын. Қазақтың музыка мәдениеті дәуірден дәуірге дамып келді, қазақ халқы ән мен күйге аса құмар халық.

“Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Жүрекке түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй”, - деген Абайдың өлеңі, қазақ халқының жақсы ән мен тәтті күйді жан азығы етіп ардақтаған көңіл-күйін бейнелейді.

Қазақ халқының әнші,күйші,композиторлары: Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дина Нұрпейісова, Біржан сал Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Мәди Бәпиұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Әсет Найманбаев, Балуан Шолақ, Абай Құнанбаев, Иман Жүсіп , Кенен Әзірбаев, Мұхит Мералыұлы,Нартай Бекежанов, Сегіз Сері, Майра Уәлиқызы, Шөже Қаржаубайұлы, Ыбырай Сандыбайұлы , т.б.

Қазақтың ақын, жырау, өлеңші және әншілері өлеңдер мен жырларды, ұзақ дастандарды домбыраға қосып әнмен айтады. Эпостық немесе тарихи жырлардың қысқа қайырылатын баяу әндері болады, лирикалық әндер көтеріңкі айтылады, неше түрлі сарынға соғып, құйқылжиды.
Халық музыкашыларының эпостық, тарихи ертегі және тұрмыс тақырып-тарына арнап музыка аспаптарымен орындауға шығарған шығармалары “күй” деп аталады. Күй әнге қосылмай, тек музыка аспабымен ғана ойналады.
01.11.2014 09:35 Қазақ тілі Артем 18195 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход