Menu
Адамның жан дүниесі және сыртқы келбеті
Бұл өмірде адамдардың жан-дүниесін танып-білудің, әрқайсының сана-сезімімен санаса келіп, олардың жеке-дара өзгешеліктерін түсіне білудің маңызы айрықша. Ол әрине, өзара қарым-қатынас жасау, сыйласу барысында анықталатын қасиеттер. Тек есте болатын бір жағдай, жеке адамның әртүрлі ерекшеліктерінің дамып, қалыптасуы оның өзі өмір сүріп отырған ортасына, ондағы қоғамдық қатынастарға (экономикалық, саяси) тәуелді. Өмірдің бір орында тұрмайтыны белгілі. Адамның айналасындағы жағдайлар үнемі өзгеріп отыратындықтан, оның әртүрлі психикалық өзгешеліктері де біртіндеп өзгеріске түседі. Соған қарамастан, адам тану бойынша зерттеу жүргізушілер адамның сыртқы кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, сөйлесу, сәлемдесу әдебі, ұйықтау, отыру мәнері арқылы-ақ оның қандай мінезді, ақыл-парасатының, ерік күшінің, белсенділігінің қаншалықты екенін аңғаруға болады деп есептейді. Бәрі мүмкін.

Адам тану-даналықтың қайнар көзі. Ағат айтқан бір сөзі, жаңсақ басқан бір қадамы, өтініш, тілегіңді кешеуілдетуі – асығыс шешім қабылдауға, ол кісі туралы теріс пікірде болуға негіз емес. Өйткені, оның әртүрлі себебі бар болуы мүмкін. Ал адамдардың кейбірі сылтау, себеп айтуға ұялады, тіпті арланады да. Осы есіңізде болсын.

Жүсіп Баласағұни айтқан екен: «Кісі танымақ болсаң, ісіне қара», - деп. Адамның уәдесінде тұра білуі, өзгеге жақсылық жасауы, малға да, жанға да мейірімді болуы, жомарттығы, кеңпейілділігі, қарапайым, мәдениеттілігі, еңбекқорлығы оның қандай адам екенін айтқызбай-ақ танытады, өскен ортасы мен алған тәлім-тәрбиесінен де мол мағлұмат береді. Ал мұның сыртында адамның киген киімі мен үйінің тазалығы, ұстаған құрал-жабдықтарының, көлігінің жағдайы, қатысатын ойын-сауығы, әуес әдет-ғұрыптары да оның жан-дүниесінің айнасы.
27.09.2014 01:05 Қазақ тілі Артем 34321 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход