Menu
Ай, қап! – айқап
Көрсеңіз көз тоймайтын қазақтың қызы. Жалт еткен жанарында жауқазын гүлге ілінген таңғы шықтың тамшысындай мөлдірлік бар. Ай қабақ, күміс кірпік, қызыл ерін... Бейне бір иранбақтың баушарбағынан үлбіретіп үзіп алған гүл сияқты сұлу мүсіннің сымбаты еріксіз көз тартады. Құлын мүшесінің қимыл- қозғалысы үнсіз музыка. Бір бойында сырлы сымбат пен сиқырлы сұлулық ажарлы арулық пен келісті көріктілік, төрт құбыласына сағым шашып, жан дүниеңді арбайды.

Бірақ ана тілін білмейді.

Алдында компьютер. Ғасыр техникасымен ағылшын тілінде “мұңдаса” алады. Шеберлігіне шек келтіріп қайтейін, электронды микрожүйелердің тетігін терең меңгерген. Оқитыны оқшау басылымдар. Теріскей мен түстіктің түрлі – түсті модауи мәдениетін мән бере зертейді екен. Қысқасы, өркениет өлкесіне өзіндік өрнегімен еніп бара жатқан қарындасқа риза болар едім...

Бірақ ана тілін білмейді.

Қуып келген Қарт Қожақты сындарлы сөзімен сүріндірген Ақжүніс апам тіріп келсе мына сіңлісімен аударма арқылы сөйлесенді – ау, деген ой көкейіме сап ете түскені бар болсын. Бүгінгі қазақтың қара қызын шаужайлап апарып, жаңа ұлт жасаған ғасырға қарғыс айтқым келеді. Миымды зың еткізген тағы бір жаңғырық жетелеп сыртқа шығарады. Көшеде көлбеңдеген “жаңа қазақтар”. Қайтейін, “көне қазақтың” соңғы тұяғы біз болармыз.

Уақыт ұлтымды жұтып жатса, мен темекінің түтінін жұтайын деп қалтама қол жүгірттім. Қолымдағы темекі қорабындағы “Қазақстан” деген жазуға көзім түсті. Иә, бұл қазақ емес “Қазақстан”. Тура мағынасы Қазақстанда өндірілген ұлттық өнім. Жансыз темекі қорабы маған қазақша тіл қатпайды. Қарындасым да дәл осындай тіл қатпайды екенау.

Темекі қорабында шылым шегу денсаулыққа зиянды екенін ескертіпті. Ұрпақты бұлдіру ұрпаққа зиян екенін ескерті осындай жазуды әр қазақтың жүрегіне неге жазбаймыз?

12.07.2010 15:59 Қазақ тілі Артем 2093 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход