Menu
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлының ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы “Әдеби танытқыш” (“Теория словесности”) деген атпен басылған. Бұл кітапта қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары қалыптастырылған.

Автор өнер атаулыны тірнек өнері және көрнек өнері деп екі ұлы топқа бөліп алады да, сөзін былай жалғастырады: “… өнердің ең алды сөз өнері саналады. Өнер алды – қызыл тіл” деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадырынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, танысуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді”.

Ғалым әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралдарына қатысты еуропалық, орыс әдебиеттануындағы ұғым, термин, категорияларға шып-шырғасын шығармай түгелдей қазақша балама табады. Баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, көрнектілігі, оның тараулары, көрнектеу, меңзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, әсірелеу, арнау сияқты ұғымдарды тұңғыш рет енгізіп, осы сөздерді термин дәрежесіне көтерген, дәл анықтап берген А.Байтұрсынұлы екенін айту – тарихи әділет.

Шумақ түрлері, тармақ толғаулары, бунақ, буындар, тармақ кезеңдері ұйқастар – осы тектес өлеңтану категориялары да “Әдебиет танытқышта” жасалады. Қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі ғалым даналығына таң қаласыз.

Эпосты – әуез, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп қайырады. Ауыз әдебиет түрлері былай жіктеледі: ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш – бұлар бір топ. Батырлар жыры, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, терме – бұлар екінші топ. Мысалы, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал-мәтел – бұлар үшінші топ. Тойбастар, жар-жар, беташар, жоқтау, бата – бұлар төртінші топ. Бесік жыр, дерт көшіру – бұлар бесінші топ.

Қазақ әдебиетін дәуірлерге бөлуде де толып жатқан жаңалық бар. Қысқасы, “Әдебиет танытқыш” кітабындағы бірқыдыру термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді.

12.07.2010 16:22 Қазақ тілі Артем 4729 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход