Menu
Болон декларациясының негізгі қағидалары
Дүние жүзінде білім берудің әр түрлі жүйесі мен түрі бар екені белгілі. Атап айтсақ, еуропалық, америкалық, жапондық, кеңестік (ресейлік) және т. б. Оларда мемлекеттік деңгейде білім берудің тиімділігінің, оның экономиканың дамуына оң әсер ететін ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан қалыптасқан жүйесі бар. Дегенмен, ХХ ғасырдың соңында дүние жүзінде барлық салаларда интеграциялық үдеріс кеңінен дамып келе жатқанын білеміз. Сондықтан халықаралық білім беру кеңістігін құру, әр түрлі елдің ұлттық білім беру жүйесінің заман талабына сай озық үлгілерін теориялық-әдістемелік тұрғыдан жақындастыру арқылы Қазақстанда ұлттық білім беру жүйесін құру қажеттігі туындады. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары білім жүйесін халықаралық деңгейде интеграциялау бағытындағы құнды шешім болып табылған 1997 жылғы Лиссобон конвенциясы. Қазақстан бұл құжатты басшылыққа алып, оқу жүйесіне ұтымды түрде пайдалануға шешім қабылдаған болатын. Ал 1998 жылы Батыс Еуропаның 4 елі (Германия, Италия, Франция, Ұлыбритания) білім берудің жүйелері мен құрылымдарын сәйкестендіру жөнінде Сорбон декларациясын қабылдаған болса, 1999 жылы Еуропаның 30-ға жуық елінің білім беру өкілдері Болон декларациясына қол қойды. Бұл декларацияға сәйкес 2010 жылға дейін Еуропалық білім берудің біріңғай жүйесіне көшу көзделген болатын.

Отанымыздың білім беру жүйесіндегі ізденістері мен бастамалары әлемдік білім кеңістігіндегі ықпалдастықты арттыру мен сапаны көтеруге бағытталған. Білім беру нормаларын өзара мақұлдау жөніндегі Лиссабон конвенциясын, жоғары білім саласы мен құрылымындағы бірізділікке қатысты Сорбон декларациясын қолдап, белсенді араласуға талпыныс жасаған мемлекеттердің арасында Қазақстан алғашқылардың қатарында тұр. Еліміздің Болон процесіне қосылуы отандық білімнің жаңа талаптары мен республиканың саяси-экономикалық таңдауына толық жауап береді. Бұл – білім сапасы мен бәсекелестік мүмкіндігін көтеру мақсатында істеліп жатқан қадам.

Европа мемлекеттері қолдап, бүгінде Ресей де қосылып ықлас білдіріп отырған Болон декларациясының негізгі қағидалары қандай, кредиттік технология деген не, оның қандай артықшылығы бар?

Біріншіден, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында және халықаралық бәсекелестік жағдайында Европа білімінің беделін көтеру үшін біртұтас білім мен ғылым мәртебесін қабылдау;

екіншіден, білімнің бакалавр, магистратура, докторантураға негізделген үш сатысын бекіту;

үшіншіден, оқу процесін ұйымдастыру мен білім үлгерімінің қорытындысын бағалау бойынша еуропалық кредиттік жүйені енгізу;

төртіншіден, Еуропа елдері мен университеттері арасында профессорлар мен студенттердің алмасуын өрістету;

бесіншіден, оқу үрдісін Еуропалық сапа деңгейіне көтеру;

алтыншыдан, жоғары оқу орындарында халықаралық аттестаттау мен аккредиттеуді жандандыру.

Болон процесінің қағидалары сонымен қатар білім бағдарламасының салыстырмалылығы мәселесін шешетін және академиялық ұтқырлықтың кеңеюіне көмектесетін сынақтың бірліктер жүйесін дайындау мен қолдануға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы студенттердің оқыту процесін ұйымдастырудың осындай бір формасы белгілі мерзімде бір жоғары оқу орнындағы студенттің басқа жоғары оқу орнындағы оқуын заңды түрде бекіту болып табылады.

12.07.2010 16:30 Қазақ тілі Артем 9331 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход