Menu
Кербез Көкше
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы. Иісі қазақтың жер жәннаты. Осынау кербез өңірдің әр тасы киелі, әр пұшпағы қымбат. Аты аңызға айналған, талай ақын таңқалған, дүлдүл жырын арнаған Оқжетпеске қиялың жетсе де, жанарың жетпес. Қараған көз қанша аймаласа да құмары қанбас, сұлу сырдың сүлейі Мағжан, кестелі сөздің зергері Сәкен айтып тауыса алмаған көріктің, міне осы.

Сол биікке көк аспан іңкәр болса, тәкәппар Оқжетпес етегіндегі Айнакөлге қарап өз көркіне өзі құмартады. Күміс көл айнала сұлулыққа әсем жарасып, сылқ-сылқ күледі. Мөлдіреген жанары, періште көңілі кіршіксіз.

Сарыарқаның сайын даласында отау тіккен Бурабай жұмақты қиялынан іздеген қазаққа туған топырағынан табылған жерұйық. Жасыл желек, саф алтын, кербез тау қам көңілдің жұбанышы, үкілі үміттің жебеушісі, сұлулыққа іңкәр жүректің сезім тербер бесігі.

"Шеш көңілімнің жұмбағын" деп қылықты назданған Жұмбақ тас көл бетінде жеңіл жүзгендей. Ғасырларды сұқтандырған, дәуірлерді тамсандырған ерекше көрініс, өз алдына құпия әлем. Сол әлемге атам қазақтың ұлы тарихы тұнған. Көкшенің көркіне, хор қызындай жасанған келбетіне қарап аршылғың келеді, көлеңке атаулыдан арылғың келеді. Судан сапырылысқан заманның аласапыранында бір сәт дамылдағың келеді. Көкшені берген, көріктіңді берген жаратқанға мың да бір алғысыңды ағыңнан жарыла айтқың келеді. Ару Көкшедей ажарлы болғың келеді.

12.07.2010 15:56 Қазақ тілі Артем 5469 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход