Menu
Семей сынақ алаңының зардаптары
Семей сынақ алаңы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен 1947 жылы 21 тамызда ашылды. Алғаш мұнда әскери бөлімдер, құрылысшылар келді. Мұнан кейін жасырын түрде "Москва-400" шағын қалашығы, лабораториялық-экспериментальдық, өндірістік базалар бой көтере бастады. Ядролық тәжірибе жасау үшін халық шаруашылығына арналған 18500 шаршы шақырым жер алынды. Бұл аумақ Қазақстандағы Павлодар, Қарағанды, Семей облыстарының кейбір аудандарының жерін қамтыды. Тәжірибе жасау үшін қойлар, шошқалар, иттер, атжалмандар, азық-түлік салынған жәшіктер, адам кейпіндегі заттар алынды. Мұның бәрі сынақ күшінің қуатын зерттеу үшін алынды. Ал жергілікті халық бұл тәжірибеден бейхабар болды.

1949 жылы 29 тамызда бірінші сынақ жасалды. Сынақ жер астында да, жер үстінде де жасалды. Жер астында жасалған сынақтардың қуатының күштілігі соншалық, радиоактивті газдар бірнеше рет жер бетіне жарып шықты. Алғашқы кезде тұрғын халық осы бір тосын құбылысты қызықтай қарады. Бұл еркіңнен тыс қызықтыратын, беймәлімділігімен үрей туғызатын көрініс еді. Айналадағы болып жатқан сұмдыққа адамдардың еті үйрене бастады. Оның ауыр зардабын тартатынын кеш білді. Абай елінің әрбір екінші тұрғыны қан қысымының төмендеуіне, әлсіздікке, селсоқтыққа ұшырады.

Ғалымдардың болжамы бойынша Семей полигоны әсерінен барлық тұқым қуалау ақаулары болашақта, ұрпақ алмасқан кезде неғұрлым толық көрінген. Қазірдің өзінде осы аудандарда туа біткен кемтарлық дүниеге келген әрбір мың нәрестенің қырық сегізінде кездесіп отырады.Бұл орта есеппен республика бойынша алғанда 6 есеге көп, ал полигонға жақын орналасқан ауылдарда бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Семей ғалымдары мен дәрігерлердің пікірінше, сәуле алған ата-анадан туған екінші ұрпақ денсаулығы, бірінші ұрпақтың яғни тікелей сәуле алған балалардың денсаулығынан едәуір төмен, бұл сәуле алудың генетикалық зардаптары. Сонымен қатар Семей өңірінде лейкоз - қан рагы,

лимфоцит - ақ қан ауруымен ауыратындар саны көбейген. Әсіресе, әйелдер арасындағы анемия ауруы республика бойынша бірінші орын алады. Уақытына жетпей босану, салмағы аз, әлсіз, балалардың тууы, туа біткен анемия және мезгілінен ерте қартаю көрсеткіштері өсіп, әйелдердің бедеулігі республикалық көрсеткіштен екі есе жоғарлады. Бірақ, жергілікті халық бұны кеш түсінді.

Оның өзінде 1989 жылы 13 ақпанда кезекті жарылыстан кейін радиациялық тұман бірнеше елді мекендерді және Шағандағы әскери - ұшқыштар қалашығын басып қалды. Осы жағдайдан кейін әскери ұшқыштар сол кезде Семей облысынан КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа дауысқа түсіп жатқан ақын О.Сүлейменовтен көмек сұрады. Ол республикалық теледидардан сөйлеп, осы қасыреттің бетін ашты.

1989 жылы 28 ақпанда "Невада-Семей" деп аталатын ядроға қарсы қозғалыс пайда болды. Қозғалыс, бейнелеп айтқанда жұртты ұйқысынан оятты. Бұл қозғалыс біртіндеп халықаралық қозғалысқа ұласты. Қозғалыстың басты жетістігі, біріншіден, халықтың тікелей қатысуымен аз уақыттың ішінде Семей жеріндегі сынақ санының азаюына ықпал етсе, екіншіден, 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен полигонның жабылуына жәрдемдесті. Бұл үрдіс басқа мемлекеттерде өз жалғастығын тапты. Мысалы, Ресейде Жаңа Жер, Америкада Невада, Францияда Морурора, Қытайда Лобнор жабылды.

Біз дүние жүзінде ядролық қарудың аз болуы, ал алдағы уақытта мүлдем болмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Адам қорқынышсыз, жақсы, еркін өмір сүргісі келеді. Ондай өмір үшін ядролық, бактериологиялық, химиялық қарудың қажеті жоқ. Адамдар қару-жарақсыз, еркін өмірде де Әлемді, Табиғатты, заттар мен құбылыстарды танып-білуге деген құштарлығы қалады

12.07.2010 15:44 Қазақ тілі Артем 17200 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход