Menu
Смағұл Садуақасов
Смағұл Садуақасов есімі XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан елінің қайсар тұлғалы қайраткерлерінің қатарында аса құрметпен аталады.

Ол жиырмасыншы жылдары өзін ел қамын ойлаушы көрнекті мемлекет қайраткері әрі көреген саясаткер ретінде таныта білді.

1924-1927 жылдарда ол маңызды мемлекеттік қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, оқу-ағарту халық комиссары, Өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі, республикалық "Еңбекшіл қазақ" газетінің бас редакторы болды. Дәл осы кезеңдерде саяси және мемлекеттік істерде зор белсенділігін көрсетті.

Смағұл Садуақасов 1900 жылы Омбы қаласына жақын Шерлак станциясында туды. Ол алдымен мұсылмандық сауатын ашып, кейін екі жылдық орыс мектебіне орналасады. Бастауышты үздік бітірген Смағұл Омбыдағы ауыл шаруашылығы мектебіне түседі.

XX ғасырдың басында Омбы қаласы Ресей империясының шығысындағы саяси экономикалық, әрі мәдени ірі орталыққа айналған-ды. Ғасырдың басындағы империяны сілкінткен замананың құйын желінің саяси дауылына Омбыдағы қазақ жастарының да екпіні қосылды. 1914 жылы олар "Бірлік" атты қоғам құрды. Олардың қатарында қазақ мәдениетінің болашақ көрнекті өкілдері Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қошмұхаммед Кемеңгеров, Мұхтар Саматовтар болды.

С. Сәдуақасов 1915 жылы осы қоғамға мүше болып кірді. 1917 жылы "Бірлік" қоғамы толығымен "Алаш" партиясының түпкілікті мақсат ойын қабылдады. С.Сәдуақасовтың дүние танымдық көзқарасы күрт өзгеріп, ол маркстік партияның мүшесі атанды.

Бұл жерде ерекше атап айтатын жәйт, С.Сәдуақасов басшы партияның қатарына өткенімен, бірақ өмірінің соңына дейін демократтық көзқараста қалды. Ол тап күресінің жолында емес, жалпы ұлттық асыл мұрат пен "Азаматтық келісім" ізгілігіне бар ғұмырын арнады.

Смағұл Сәдуақасовтың социалистік құрылыс жөніндегі көп мәселелерде өзіндік озық көзқарасы болды. Ол Ф.И.Голощекин және басқа да республика басшыларының ой-пікірлерімен келіспейтінін ашық білдірді.

Мәселен, байлардың жеке мал-мүлкін талауға сап тәркілеп, кешпелі шаруашылықты жедел түрде әрі жаппай отырықшылыққа айналдыруға үзілді-кесілді қарсы шықты.

Смағұл Садуақасовтың өр кеуделі күрескерлігі кеңес басшыларының да қытығына тиді. Ол "Кеңес үкіметі мемлекеттік аппаратты және өндірісті басқаруға тұрғын халықтың өкілдерін қатыстырмай патшалық отарлау сая-сатын жалғастырып қитұрқылық жасап отыр" деді.

Сондай-ақ, Орталық басшылық біздің өлкеміздегі өзіміз дайындап шығаратын өнеркәсіп кәсіпорындары мен түрлі құрылыс орындарын одақтық шикізат базасына айналдыруға болмайтынын ескертті. Смағұл Садуақасовтың көрегендігі де сол, Қазақстанның шикізаттарын өзіне жақын жерде өндіріп, дайындауды ұсынды. Оларды қайтадан шығынданып, көлікпен тасымалдап әуре болмау жөнінде жан-жақты ойлау керектігін қатаң ескертті.

Оның “Жастармен әңгіме” (Орынбор, 1925 ж.), “Ұлт театры туралы” (Қызыл¬орда, 1926 ж.), “Қазақстан¬дағы халық ағар¬ту мәсе¬лелері” (Қызылорда, 1927 ж.) деген үлкенді-кішілі кітап¬тары жарық көрді. Сондай-ақ Қазақстандағы ұл-азат¬тық көтеріліс пен Қазан төң¬керісінен кейінгі ел өмі¬рін арқау еткен “Сәрсен¬бек” атты романы да бар. “Сал¬мақ¬бай, Сағындық” (1923 ж.), “Күміс қоңырау” (1927 ж.) повестері қазақ әдебие¬тін¬дегі проза жанрын дамы¬туға қосылған үлес болып табылады.

Смағұл Садуақасов қазақ халқының тарихында аса көрнекті саяси және мемлекеттік қайраткері, жазушы, әдебиет және театр сыншысы ретінде де өшпес із қалдырған аяулы ардагеріміз.

12.07.2010 16:43 Қазақ тілі Артем 6135 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход