Menu
ҚЫРАН ҚАНАТ ҚАЗАҚ
Адамға ерекше қасиет, телегей-теңіз дарын, биік абырой, ерен атақ бергенде Құдай оның кескін-келбетін, болмыс-бітімін, түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын, кесімді сөзін, кесек ой-толғамдарын, алымы мен шалымын соған сай етіп жарататын көрінеді. Дәл осы қасиеттің бәрі қазақтың айтулы азаматтарының бірі, аты атажұрттан асып, төрткүл дүниеге жеткен, білім беру ісінің білгірі Өмірбек Арсыланұлы Жолдасбековтің бойында бар еді.

Өмірбек Арсыланұлы 30-шы жылдарда ел тарихының ең бір ауыр кезеңінде дүниеге келген. Ол үш ғасырдан аса тарихы бар М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің түлегі. Еңбек жолын Шымкент Қазақ технология институтында оқытушыдан бастайды. Ғылым әлеміне деген бала кезінен басталған құлшынысы оны Мәскеуге қайта оралтады. Онда аспирантураны сәтімен аяқтап, ғылыми атағын алып, туған Отанына оралады. Бұдан кейінгі өмір жолы өз елі, өскен жерімен тығыз байланысты.

Қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетте доцент, декан, проректор, 1970-1986 жылдар аралығында қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы саналатын қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры болды. Осы тұста оның ұйымдастырушылық қабілеті айқын көрінді. ҚазҰУ қалашығы бой көтергенде күндіз-түні басында жүрді. Қазір ҚазҰУ қалашығы десе - Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Жолдасбеков десе — ҚазҰУ қалашығы көз алдыңа келеді. Мұндай өркенді істі кезінде қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев та жүзеге асырған екен. Оның Ұлттық Ғылым академиясының бүгінгі тарихи ғимаратын салдырғаны тарихтан мәлім.

Өмірбек Арсыланұлы қай жұмысты болса да адал атқарып, өзгеден де соны талап ететін. Ел ісі, ұрпақ болашағы дегенде әрбір шешімін парасаты мен кемеңгерлігіне жүгіндіретін.

Университетке студент қабылдау кезінде де Өмірбек Арсыланұлы қатаң талап қоятын. Ол білім мен ғылымды ұштастыра жүргізді. Оқу жоспарларының орындалуын қатаң қадағалап отырды. Бұл білікті маман дайындаудың басты шарты болатын.

«Ұстазсыз — шәкірт тұл» деп данышпан Абай айтқандай, ғұлама ғалымның қамқорлығын көрген ізбасарлары бұл күнде бір-бір тұлға. Қыруар жұмысты тындыра жүріп, Жолдасбек Арсланұлы отыздан астам ғылым докторын, жүзге жуық ғылым кандидатын дайындады. Олардың көбі 25-30 жасында ғылым докторы, профессор атанды. Ғылымның шыңы саналатын академик болғандары да аз емес.

Академик Өмірбек Жолдасбеков әлемде теңдесі жоқ жоғары класты механизмдер теориясын ашты. Сол тұста, төрткүл дүниеге аты мәлім ғұлама ғалымдар Иван Артоболевский, Александр Ишлинский, Николай Левитский, Аркадий Бессонов, Борис Гусев, Иван Яковлев, Константин Колесников, Дмитрий Левитский, Олег Белоцерковский қазақ ғалымының ерлігіне бас иді

Кезінде ғалым ашқан жаңалықтардың нәтижесінде қол еңбегін жеңілдететін техникалар, тіл алғыш роботтар, өзге де құрал-жабдықтар жасалып, өндіріс пен ауылшаруашылығына жіберілді. Оның артында қалған ғылыми еңбектерінің ұзын саны 400-ден асады. Соның 70-і шетелдерде жарық көрген. Ашқан жаңалықтарына 126 патент алған. Жазған оқулықтары мен шығарған монографиялары өз алдына бір төбе.

Әлем таныған тұлғаның ғылымдағы жетістігін толқын-толқын ұрпаққа жеткізіп отыру, оны жалғастыра беру әлем үрдісінде бар жайт. Сонда ұлт өзінің ұлы тұлғаларын ұмытпайтын болады.

Ғылым болсын, әдебиет болсын, өнер болсын оның алғашқы көшбастаушысы, тұңғыш із салушысы тау шыңындай асқақтап тұрады. Сондай тұңғыштар қатарынан өткен ғасырда өз орнын алған - Өмірбек Жолдасбеков. Өйткені, ол тұңғыш рет әлемде теңдессіз жоғары класты механизмдер теориясын ашты. Тұңғыш рет өз Отанында Инженерлік ғылым академиясын ұйымдастырды. Тұңғыш рет мәшинетанудан қазақ тілінде оқулық жазды. Тұңғыш рет осы саланың терминологиялық сөздігін жасады. Мұнымен қатар, Мемлекеттік сыйлықтың иегері және В.Г. Шухов пен әл-Хорезми (Иран) атындағы халықаралық алтын медальдардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атақтарына ие болды. Республика Жоғары Кеңесіне алты рет депутат болып сайланды. Өмірінің соңына дейін тәуелсіз мемлекетіміздің Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық Инженерлік академиясының бірінші вице-президенті, Ислам елдері Инженерлік академиялар федерациясының вице-президенті болып сайланды. Осының бәрі кез-келген адам атқарар шаруа, екінің біріне көрсетілер құрмет болмаса керек. Ендеше, атын мақтанышпен айтып, ісін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсететін тұғыры биік, қыран қанатты қазақ Өмірбек Жолдасбеков - ұлтымен бірге жасай беретін алыптардың бірі.

12.07.2010 16:42 Қазақ тілі Артем 2621 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход