Menu
Жамақұлы Бейбарыс
Жамақұлы Бейбарыс (1223-1277) – түркі әулеті Баһриден шыққан мамлүктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс, Бибарыс деп те атайды. Оның шыққан тегі –қыпшақ. Бірақ қай жердің қыпшағы дегенге келгенде әр түрлі деректер айтылып, бірі – Хорезм, Дербент қыпшақтары десе, екіншілері маңғыстаулық еді дегенді айтады. Соңғы зерттеулер бұл дүдәмалдықтың түйінін шешіп, Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екенін анықтауға мүмкіндік берді. Араб елдерінің “Мың бір түнмен” қатар қоятын халық романы – “Бейбарыста” оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен. Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген, алдыңғы Азиядағы араб тілдес халықтармен тілмәш арқылы түсініскен.

Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожайыны Айдакин Бундукдаридің атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болады. Кейін Бейбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нажумиддин оны өзінің жеке ұланының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді және қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық етеді.

Египеттің жаңа сұлтаны Муиззәддин Айбек Айюби әулетінің соңғы сұлтаны Муаззам Тұраншахты өлтірушілерді жазалау науқанын бастаған кезде, Бейбарыс бас сауғалап, Сирияға қашып кетеді. Содан мамлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін ғана ол Каирға қайта оралады. Мұнда таққа жаңа отырған Мұзаффар Сайфуддин Құтұз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерлей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттандырады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста мамлүк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Бейбарыс ер жүректілігімен айырықша көзге түседі. Бірақ Құтұз, неге екені белгісіз, басқаларға сый-сияпат жасап, Бейбарысты елеусіз қалдырады. Осыған өкпелеген Бейбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Құтұзды өлтіреді. Жақындастары Бейбарысты Египеттің сұлтаны деп жариялайды. Сөйтіп ол әд-Мәлік әз-Заһир Руки-әд-Дүние вә-д-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихи деген есіммен Египеттің тағына отырады. Билік басына келісімен Байбарыс бар күш-жігерін крест жорығымен қарсы шабуылға жұмсайды. Негізгі шабул 1265 жылы басталып, крест тағушы франктердің қамалдары бірінен кейін бірі алынады. Бұдан кейін Кіші Армения патшалығына (1267 ж.), Кіші Азия селжұқтарына қарсы жорықтар жасап, берберлерді бағындырады.

Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де “Байбарыс мешіті” деп аталады.

Бейбарыс Хулагу әулетіне қарсы күресі мақсатымен Алтын Орда ханы Беркеге елші жібереді. Осыдан бастап Египет пен Алтын Орда арасында тұрақты дипломатиялық қатынас орнап, екі ел арасындағы одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталады. Өйткені бұл байланыстың осыншалық ұзақ уақытқа ұласып, берік сақталуының негізінде египет елін билеген Бейбарыс сұлтанның бір кезде тағдырдың қатал кесімімен қол үзіп қалған туған жеріне, ата-бабасының еліне жақындауды мақсат тұтқан арман-тілегі жатқан еді. Бұл, сайып келгенде, Мысыр елін “Қыпшақ Египті” (“Мамалюкский Египет”) атандырған мамалюк-қыпшақтардың ортақ мүддесі болатын. Сондықтан олар Байбарыстан кейін де, қашан мамлүк-қыпшақ әулетінен күш кеткенше “Алтын Орда” атанған қыпшақ елінен, өздерінің ата мекенінен қол үзбеуге ұмтылады. Қатал тағдыр тағы да олардың жолын кесті. Египетте мамлүк-қыпшақтар билік басынан қуылды, Қыпшақ даласында Алтын Орда ыдырап кетті. Кезінде жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, құқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген мамлүк-қыпшақтардың өр рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана барып, Бейбарыс есімі арқылы атамекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде – Жайық өзенінің атырауында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішіне айналған алып тұлғасы тәуелсіз елдің арайлы таңын жерлестерімен бірге қарсы алып, өшпес рухтың айғағындай болып асқақ тұр.

12.07.2010 16:19 Қазақ тілі Артем 1429 0
Имя *:
Email: