Menu
Тәуелсіз Қазақстан
Жат елдің, жат өркениеттің уысына ілінген ұлттар мен ұлыстар үшін азаматтық даяр күйінде әлдеқайдан келе қалмайды. Қазақ халқының отаршылдық саясатқа, үстемдік пен жүгенсіздікке қарсы күресі ХVІІІ ғасыр аяғында Сырым Датұлы көтерілісімен басталып, ХІХ ғасырда Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Жанқожа бастаған ұлт-азаттық қозғалыстары арқылы жалғасын тапты. Ол 1916 жылғы ұлы дүрбелеңге ұласты. ХХ ғасыр аяғында 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасымен тарихқа енді. Әр ғасырда 4-5 ұрпақ дүниеге келетінін ескерсек, қазақ халқының 10 буын ұрпағы азаттық үшін күрес туын қисайтпай көтеріп келген екен. Ендеше 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияланған Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі әділеттің, ақиқаттың, имандылықтың салтанаты.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы ел өмірінде тарихи түбірлі өзгерістердің жүзеге аса бастауына негіз болды.

Еуразия қос құрылығының жапсарына қанатын кере жайып, жүздеген ұлттың еркін дамуына төрт-бес ғасыр бойы тосқауыл болып келген алып империя ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы басталар-басталмастан күйреп түсті. Тәуелсіздік жолына бет бұрған халықтар бірінші кезекте өздерінің саяси жүйелерін анықтап алуға ден қоя бастады. Бұл үрдіс барысында “Қазақ КСР Президенті қызметін дайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңына сәйкес 1990 жылы 24 сәуірде Республика Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлаған соң, Қазақстанда саяси және экономикалық дербестігін түбегейлі нығайтуға бағытталған белсенді қадамдар басталды. Кешікпей-ақ, сол жылдың 25 қазанында мемлекет басшысының бастамасымен елдің жоғарғы заң шығарушы органы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдады. Декларацияның алғашқы баптарының өзінде-ақ Кеңестік Одақтан Қазақстанның еркін шығу хақы (правосы) өзінде сақталып қалатыны, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданатыны тайға таңба басқандай, нық сеніммен жазылған. Декларациядағы осы ұстанымдар 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған “Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңында толығымен сақталынады.

Тәуелсіз Қазақстанның ең жаңа тарихындағы аса маңызды қадам болып табылатын осынау тарихи шаралардан кейін демокра-тиялық ұстанымдарға және адам хақы мен еркіндігін сыйлауға негізделген тегеурінді президенттік билік мемлекеттің саяси жүйесінің тұғыры бола бастады.

Кешікпей-ақ, Қазақстан халықаралық аренаға шыға бастады. 1992 жылы 3 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Елтаңба, ту, елұран сияқты мемлекеттік нышандар белгіленді.
Тәуелсіздіктің әр күні, әр айы тарихи мән-маңызы айрықша жауапты шешімдерге толы болды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу мен дамуын айқындау, президенттік басқару нысанына тән мемлекет құрылысын саралау, заң шығару және сот билігін реформалау, әлеуметтік және экономикалық жүйені жаңғырту, ол үшін нормативтік базаны айқындайтын стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру сияқты тарихи толымды істер ерекше құлшыныспен және тәуекелі мол табандылықпен қолға алынады.

Әсіресе, саяси реформалар, қоғамның саяси кемелденуі, демократиялық құндылықтарды өмірге орнықтыру бағытында ғасырларға бергісіз кезеңдер артта қалды. Әлемдік өлшемдерге жауап беретін Ата заңымыз қабылданды. Кеше мәңгі мұзтаудай көрінетін кеңестік Компартия елеске айналып, көппартиялық жүйе дүниеге келді. Идеологиялық бірізділік пен монополияның не екенін бүгінгі жас ұрпақ бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана біледі. Есесіне олар “сөз бостандығы”, “шығармашылық бостан-дық”, “адам хақы”, “пікір алуандығы” тәрізді құндылықтарды жазбай таниды. Елбасын бүкілхалықтық сайлау арқылы анықтау әлеуметтік санаға біржола сіңді. Шекарадағы перде ысырылып, адамдардың таяу – алыс елдерге сапар шегуі күнделікті үйреншікті тіршілікке айналды.

Тәуелсіздік тұсындағы Қазақстанда ұлтаралық келісім мен ынтымақтың тамаша үлгісі орнықты. Конституцияның баптарын мүлтіксіз сақтау және Президент Н.Ә.Назарбаевтың қажырлы еңбегі арқасында әрбір этностың емін-еркін күн кешуіне, өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін құрметтеуге мүмкіншілік туғызылуда. Жүздеген ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істеуде, газет-журналдар жарық көруде, тарихи отандары-мен байланысы нығаюда. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғана 80-ге жуық ұлт өкілдері білім алуда. Қазақстан халықтарының татулығы мен ынтымағы еліміздің халықаралық абыройын арттырып, оған деген сеніміне қуат беріп отырғаны сөзсіз.
Бүгінгі таңда Қазақстан саяси және әлеуметтік әділеттіліктің, экономикалық еркіндіктің берік іргетасына негізделген Заңның күші үстем мемлекет болуға түбегейлі бет бұрған. Бүкіл қазақстан-дықтар болашаққа қарай ойдағыдай алға басудың сенімді кепілі осы деп біледі.
Қазақ халқына қайғы мен қасіреттің ашылмастай қалың бұлтын үйірген отарлық жүйе мен тоталитарлық тәртіп ХХ ғасыр соңында тарих тозаңына айналып, уақыт қойнауына сүңгіп кете барды. Сәтімен басталған ХХІ ғасыр Тәуелсіз Қазақстанның болашағын одан әрі нұрландыра түсері кәміл.

11.09.2010 19:38 Қазақ тілі Артем 6015 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход