Menu
Тіл дыбыстары
2.1. Сөйлеу мүшелері
Адамның сөйлеу мүшелері – артикуляция мүшелері, артикулятты аппарат. Олар, өзінің негізгі функциясынан бөлек тіл дыбыстарын жасауға қатысатын адамның дене мүшелері болып табылады. Сөйлеу мүшелері: а) дыбыс жасауға қажетті ауа ағынын тудыратын және өткізетін тыныс алу мүшелері (өкпе мен кеңірдек тарамдары); ә) дыбыс жасауға тікелей қатысатын сөйлеу мүшелері болып екі топқа бөлінеді (1, 2 – суреттер).

1 – сурет. Адамның сөйлеу аппараты
I – мұрын қуысы; II – ауыз қуысы; III – дауыс түтігі; IV – тамақ (кеңірдектің кеңейген жоғарғы тұсы); V - өңеш (тамақ жүретін жол).
1 – тістер; 2 – еріндер; 3 – қатты таңдай; 4 – жұмсақ таңдай; 5 – тілшік (увула); 6 – жұтқыншақ; 7 – тіл (a – тіл алды, б– тіл ортасы, в – тіл арты, г– тіл түбі).

2 – сурет. Тамақ
a – бойлық қиық: 1 – жұтқыншақ; 2 – жалған дауыс шымылдығы; 3 – қалқан шеміршек; 4 – нағыз дауыс шымылдығы; 5 – дауыс саңлауы; 6 – кеңірдек шеміршегі.
б – көлденең кесік: 7 – желбезек шеміршек., 8 - сақина шеміршек.
Сөйлеу мүшелерінің әрқайсысының белгілі бір қызметі болады. Бірақ олардың әрқайсысының қызметі өз алдына жеке – дара болмай, бірінің қызметі екіншісіне бағынышты және өз ара тығыз байланыста болады.
Сөйлеу мүшелерінің жиынтығы сөйлеу аппараты деп аталады.

2.2. Тіл дыбыстары, олардың жасалуы
Дыбыстың жасалуы. Ритмикалық дірілдің нәтижесінде тон мен мұрын қуысын толтырып тұратын дауыс шымылдығы мен ауаның дірілі жатады. Ритмикалық дірілдің нәтижесінде салдыр пайда болады. Бұған еріннің, тілдің, кішкене тілдің дірілі және сөйлеу мүшелерінің біріне – бірінің жуықтасып немесе түйісіп тұруынан жасалған дыбыстар жатады.
Дыбыстардың жасалуы үшін резонанс (француз тілінің resonance – «жаңғырық» деген сөзінен алынған) айрықша қызмет атқарады. Резонанс жан-жағы тұйықталып бітелген ауа бар жерде (үрлеп ойнау аспаптарындағы қуыс, шекті аспаптардың декадасы, ауыз қуысы, мұрын қуысы) пайда болады.
Тіл дыбыстары адамның уақыт пен кеңістікте өмір сүріп, белгілі бір заңдылықтар бойынша дамитын табиғи тілінің (жасанды және жануарлар тілінен бөлек) ойды білдірудегі атқаратын қызмет жиынтығы. Олар, адам мен қоғам арасындағы әлеуметтік қарым – қатынасты (сөйлеу, есту, жазу, оқу) реттейтін ең маңызды байланыс құралы болып табылады. Тіл дыбыстары, өз қызметін белгілі бір ережелер негізінде дыбыстар тіркесінен тұратын сөздер мен сөйлемдер арқылы жүзеге асырады.
Мысалы: Сен едің базарым (Абай).
Осы сөйлемде бірінші сөз (сен) үш дыбыстан (с – е – н), екінші сөз (едің) төрт дыбыстан (е – д – і – ң), үшінші сөз (базарым) жеті дыбыстан (б – а – з – а – р – ы – м) құралған.
Тіл дыбыстары сөйлеу мүшелері арқылы жасалады. Тіл дыбыстарын және олардың артикуляциялық жақтарын түсіну үшін сөйлеу мүшелері мен олардың әрқайсысының қызметін жете білу қажет.
Тіл дыбыстарын шығарудағы, жасаудағы дыбыстаушы мүшелердің қызметін артикуляция дейді. Белгілі халықтың сөйлеу мүшелерінің дыбыс шығарудағы атқаратын қызметінің қалыптасқан дағдысын сол тілдің артикуляциялық базасы деп атайды.
Тіл дыбыстары тәуелсіз үш: артикуляциялық (физиологиялық), акустикалық (физикалық) және функционалдық (лингвистикалық) тапқа бөлініп, жасалым, айтылым, естілім және қолданылым тұрғыларында қарастырылады.
Кез келген тіл дыбыстарының нышандарын анықтайтын мынадай шарттар бар:
- бірмәнділік - тіл дыбыстарының бірмәнді анықталатындығын талап етеді;
- тұлғалылық – артикуляциялық орында пайда болу сапасының табиғи тұрақтылығын, әрі баламасыз жеке даралығын байқатады;
- тіркесімділік – тіл дыбыстарының тіркесе алатындығын, әрі тіркесе келе үздікті тізбек құрайтындығын көрсетеді;
- ықпалдылық - туынды мәннің пайда болу ықтималдығын қамтамасыз етеді;
- түрлендірімділік – туынды мәннің пайда болуы сөз тұлғасын түрлендіруге ықпал ететіндігін көрсетеді;
- сапалылық – тіл дыбыстарының лингвистикалық қолданбалылығын көрсетеді.
Тіл дыбыстары дауысты және дауыссыз дыбыстар болып екіге бөлінеді.

12.07.2010 16:49 Казахский язык Артем 4154 38509 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход