Menu
Шоқанның суретшілік өнері
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырда қазақ бейнелеу өнері өзінің жаңа қырынан көрінді. Кейінгі өнер зерттеушілері мұны көбінесе төңкерістен кейін дамыды деп көрсетеді. Бірақ кеңес өкіметінен бұрын да Қазақ халқында маман суретшілер болған. Соның бірі - әйгілі ғалым-саяхатшы Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлиханов туралы жазылған зерттеу кітаптары аз емес, бірақ соның көбінде оның суретшілік қырын қалыс қалдырады.
Шоқан – адам мінез-құлқын дөп басып бере алатын психолог, жоғары шеберліктегі суретші. Оның көптеген портреттік еңбектері ішкі психологиялық сезімге құрылған озық туындылар. “Би Сартай”, “Сұлтан Мамырхан Үрістемов”, “Ханқожа Уәлиханов” портреттерінде дәрежелері шамалас болса да, әр кейіпкерді өзіндік тұғырда білгірлікпен бейнелей білген. Суретшінің сурет техникасы, ілім заңдылықтарын жете білетіні еңбектерінен білініп тұр. Оның, адам денесінің ара-қатынас өлшемдерін (пропорциясын, канондық өлшемдерін) жете түсінетіні, сурет құрылысын құрудың, композициялық орналастырудың асқан шебері екенін байқау қиын емес. Суретшінің шеберлігі оның техникасына көп байланысты, мысалы сызықтардың үйлесімді түсуі, нәзік те әсем із қалдыруы және жарық пен көлеңкенің жарасымдылығы. Осының бәрін Шоқан тамаша бере білген. Оның әсіресе қысқа мерзімде салған суреттері өзіндік бет-бейнесімен, әсерлілігімен, профессионалдық орындалуымен маман суретшінің өзін қайран қалдырады. Сондай туындыларының бірі “Тезек төре” (портреті) кескіні. Тезек төре – ұлы жүздің сұлтаны. Іленің оң, сол қапталындағы албан, суан руын басқарған, 1850 жылдары.
Мұңда қазақтың белді сұлтаны, үлкен дипломат бейнесі айшықты да ойлы, терең философиялық дәрежеде кескінделген. Шоқан суреттерін мұқият қарар болсаң, ұлы суретшілерге тән әдіс-тәсілін байқайсың. Оның көптеген суреттері Қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдістерін қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшілер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидің графикалық суреттерімен таныс болғанын дәлелдейді. Әсіресе оның долбар суреттері (наброскілері) Леонардо да Винчи эскиз суреттеріне өте ұқсайды.
Шоқанның шоқтығы биік жұмыстарының бірі – осы нобай суреттері. Суретшінің шеберлігі, ұлылығы оның көп картиналар жазуымен есептелінбейді, біреу де болса бірегейлігінде. Кезінде Пикассо тамаша иірімді графикалық сызықпен сызған (нобай сурет) көгершін суретімен аты әлемге әйгіленеді. Оның сол суреті бейбітшілік символы болып дүниенің түкпір-түкпіріне тарады. Пикассоның туындысындай сызықтың толқынды ізімен туындаған тартымды суреттер Шоқанда жетерлік. Соның бірі – “1856 жылы Құлжада қытай жайсаңдарын қабылдауымыз” атты топтама портреттік шығарма. Мұнда суретші жай сызықты нобай суретпен ғана қытай елшілігінің адамдарының түр-түсін, мінез-құлқын, көңіл-күйін дөп басып бейнелей білген. Сонымен қоса картинада қуақы күлкіге құрылған көңіл де байқалады.
Осындай талғамы жоғары туындыларының қатарына “Потанин портреті”, “Қазақтың бейнесі”, “Қырғыздардың ат баптауы”, “Ұйғырлардың киім киісі” т.б. жұмыстарын жатқызуға болады. “Қырғыздардың ат баптауы” нобай суретінде бір дәуірдің ұлттық бояуын, халықтың мінез-құлқын, салт-санасын білгірлікпен, шыншыл жеткізген. Ондағы қимыл-қозғалыс аса бір нанымды сол кезеңнің өмір келбетін көрсетеді.
Жалпы алғанда Шоқан Уәлиханов өте сезімтал, көреген суретші, шеберлігі жағынан сол кезеңдегі орыстың атақты суретшілерінің алдыңғы тобынан орын алады. Оның бізге қалдырып кеткен мұра-суреттері соны айғақтайды.

20.10.2009 20:37 Қазақ тілі Puma 23459 4
Жадыра   14.11.2011 15:09
oni kaidan tabyga boladi
Жадыра   14.11.2011 15:08
Салем
Жадыра   14.11.2011 15:08
Шақанның арғы -тегі жазылған ба
марат   19.11.2010 09:21
Cалем !
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход