Menu
Ақыл кітабы
“Ақыл кітабы” – Қожа Ахмет Иассауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы. Ақын өз кітабын Қыпшақ даласы мен Орта Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадистердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік береді. “Диуани хикмет” – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды.

“Диуани хикметтің” түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі түпнұсқа ХV ғасырдың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе “Диуани хикмет” Қазан (1887-1901), Стамбул (1901), Ташкент (1902-1911) баспаларынан жарық көрген. Қожа Ахмет Иассауи “Ақыл кітабында” Аллаға жақындай түсу үшін әрбір адам өзінің өмір жасында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. Шариғат – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды талап етеді. Екіншісі, тариқат-дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Үшіншісі – “мағрифат” – негізінен, дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Төртіншісі – “хақиқат” – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы. “Диуани хикмет” – әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Иассауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады.

“Диуани хикметте” жырланған адамгершілік, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этикалық-дидактикалық тұжырымдар бертін келе қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты.

14.10.2010 23:11 Қазақ тілі Артем 5690 1
1   15.10.2010 16:43
1. “Ақыл кітабы” қандай шығарма?
2. Ол қай тілде жазылған?
3. “Диуани хикмет” қай қалаларда жарық көрген?
4. Қожа Ахмет Иассауи айтқан төрт басқышты атаңыз.
5. Шариғат деген не?
6. Тариқат деген не?
7. Мағрифат деген не?
8. Хақиқат деген не?
9. Ақынның имандылық туралы ойлары қандай?
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход