Menu
Фараби - поэзия теоретигi
Зерттеушілердің айтуынша қарағанда, ғұлама жерлес атамыз ғылымның сан тарауларында із қалдыра отырып, филология, коллиграфия, риторика мәселелерімен де айналысқан көрінеді. “Поэзия өнері хақындағы қағидалар”, “Өлең өнері жөніндегі трактаты”, “Ырғақтар классификациясы туралы” еңбектері осы сөзімізге жақсы дәлел бола алады.

Әл-Фарабидің ақындығын әңгіме еткенде, ең алдымен, әдебиетшілігі, өлең теоретигі екендігі алдына түсіп кете береді. Ғалымдардың айтуынша, ұлы атамыз заманында поэзия падишасы атаныпты. “Өмірге деген махаббаттың өзі қайырымдылықтың ұлы қайнар бұлағы болмақ” деп Отырар ойшылы айтқандай, ол Аристотельдің “Поэтикасын” түсіндіру, дамыту тұсында поэзияға, оның өкілдеріне ересен міндеттер жүктейді. Өрен істерге ұмтылдыратын өлеңнің өлмес қайрат, қасиетін ғалым бабамыз шебер жеткізеді.

Әл-Фараби Аристотель “Поэтикасының” жетіспейтін жақтарын да ашық айтып, қадір-халінше ұстаз ойларын өрістете түседі. Егер Аристотель байымдаудың үш түрін ғана атаса, шәкірті оған және екі түрін: риторикалық, поэтикалық пайымдауды әкеліп қосады. Поэтикалық пайымдау үйлестіктен, яғни заттардың, ұғым, құбылыстарды өзара ұқсастығынан барып туатындығын дәлелдейді.

Әл-Фараби ақындарды үш топқа бөліп қарады. Бірінші топқа суырып салма, ағып тұрған табиғи дарындарды жатқызады, бұлардың көңілі түскен тақырыпқа теңеу, метафоралармен әсем мүсіндеп бере алатын қасиетіне тоқталады. Екінші топқа өлең түрлеріне, қағидаларына жетік, поэтикалық құралдардың қисынын кәміл келтіретін ойшыл ақындарды айырады. Үшінші топқа еліктеушілерді тізеді. Алдыңғы екі топтағы қасиеттің бірі бұлардың бойынан ұшырамайды. Не табиғи таланты, не ізденімпаздығы, ойшылдығы жоқ дейді. Арадағы өткен он ғасырға қарамастан кемеңгер бабамыздың поэтика жөніндегі еңбегі бүгінгі поэзияға қойылып отырған талап, тілектермен терең үндесіп кетеді.

Әдебиетші атамыздың екінші трактаты “Китаби-алишир” немесе “поэзия кітабы” деп аталады. Поэзия шындыққа еліктеуден, соның бейнесін сомдаудан туады. Бір зат арқылы екінші затты түсіндіреді, сөздің қуаты, күші адам мінін, мінезін түзеуге дейін апарады дейді ғалым. Әл-Фараби араб поэзиясының ерекшелігіне сүйене келе, өлеңнің өлеңдік ерекшелігіне, шешендік сөзден айырмашылықтарына тоқталады, әуезділігі болмаса өлең өлшемі бұзылғандығын білдіреді, ритмикаға айрықша мән береді. Егер сөзде өлеңнің шама-мөлшері, ырғағы болмаса оны поэтикалық қара сөзге жатқызу керектігін ескертеді. Сөйтіп, ғалым шешендік сөз бен өлеңнің арасына шекара қояды.

Ұлы атамыздың парасат куәсіндей болған поэтика хақында ұлағатты пікірлері күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Әрдайым адамның санасына сәуле сеуіп тұрады. Әбу Нәсір әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – Шығыс халықтарына ортақ, халықтар достығын онан сайын нығайта беретін асыл қазына. Егемендік туын тік ұстаған әл-Фараби ұрпағы сол бай қазынадан әманда сусындай бермек.

14.10.2010 23:12 Қазақ тілі Артем 4571 1
1   15.10.2010 16:46
1) Әл-Фарабидің қандай ғылыми еңбектерін білесіз?
2) Оның әдебиет туралы ойларын білесіз бе?

– (Ғұлама) бабамыз әл-Фарабидің әдебиетші болғанын білесіз бе?

– Әрине. Ол тіпті өз заманында поэзия (патшасы) да атанған екен.

– Ал оның Аристотельдің “Поэтикасына” берген түсініктемесін оқып па едің?

– Жоқ, онда не туралы жазған?

– Ұлы ғалым бұл еңбегінде өлеңнің (жігер), қасиетін жеткізеді. Аристотельдің ойларын одан әрі (дамыта) түседі. Поэтикалық пайымдауды ұсына отырып, оның (сәйкестіктен) туатындығын дәлелдеп береді.

– Фараби ақындар туралы не деген?

– Ол ақындарды үш топқа бөледі. Табиғи (таланттарды), яғни суырыпсалма ақындарды бірінші топқа жатқызады. Ал екінші топқа өлең қағидаларына (білгір), (ойлағыш) ақындарды жатқызады.

– Үшінші топты еліктеушілер құрайтын болар?

– Иә, дәл таптың. Ондай ақындар, өкінішке орай, (данышпан) бабамыздың заманында да болған, қазір де жоқ емес.

1. Әл-Фараби Аристотельдің “Поэтикасына” түсініктеме берген.
2. Әл-Фарабидің ақындарға деген көзқарасы.
3. Әл-Фарабидің “Поэзия кітабы” атты трактаты бар.
4. Әл-Фараби мұрасы – Шығыс халықтарының ортақ мұрасы.
5. Поэзияға деген көзқарасыңыз қандай?
6. Ұлы ойшылдың ақындар, поэзия туралы ойларына қарай қарайсыз?
7. Өзіңіз қай ақындарды сүйіп оқисыз?
8. Қазіргі жас ақындар туралы не айтар едіңіз?

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход