Menu
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы – әдебиеттанушы, көсемсөзші, тәржімашы, түрколог, қазақ тіл білімінің атасы.

Қазақ тарихындағы Ахмет Байтұрсынұлы есімі халықтың рухани өркендеуімен тығыз байланысты.

Әсіресе тіліміздің атасы Ахметтің тіл ғылымындағы теориялық, психологиялық қисындары, әдістемелік ой-пікірлері аса мәнді.

«Тілдің міндеті – ақылдың аңдуын аңдығанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түйгенін түйгенінше айтуға жарау. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, мағына жағының күштілігімен жағады. Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады». Ахмет Байтұрсынұлы баларды алғашқы үш жылда ана тілінде оқытуды жөн көреді. Оның тәрбиелік ықпалын, қадір-қасиетін, сөйлеу мәдениетін де егжей-тегжейлі түсіндіріп, терең ой қозғайды.

«Әліппе – таңбалар жұмбағы» атты еңбегінде араб әрпінің латын таңбасынан неғұрлым ұғымды, жеңіл екенін дәлейді. Араб әрпін Орта Азия халықтары қолданып жүрген тәжірибеде қазақ тіліне ыңғайлап, жетілдірудің әдістемелігін де жасады. Осы жөнінде 1912 жылы «Айқап» журналында әлденеше рет мақалалар жазды.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақша әліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып, өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін (фонетика), (грамматика) қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын.

Өз қолымен жазған «Өмірбаянында» Ахмет Байтұрсынұлы былай дейді: «Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен, екіншіден, қазақ алфавитін (шрифтін емес), орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен, үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен, ақыры ең соңында, төртіншіден, проза (іс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған «Қазақ» газеті арқылы іске асты».

А.Байтұрсынұлының елу жасқа толғанына арнап 1923 жазған мақаласында оны Мұхтар Әуезов «оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы рухани көсемі» дей келіп: « … Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деп жоғары баға берген еді. Тарих таразысына түсіп, сыннан өткен А.Байтұрсынұлы сынды Тұранның ұлы ұлдары санаулы ғана.

14.10.2010 23:19 Қазақ тілі Артем 6389 3
Отан   15.10.2010 16:57
1) А.Байтұрсынұлының «Әліппе-таңбалар жұмбағы» атты еңбегі бар.
2) Сөз көңілге мағына жағының күштілігімен жағады.
3) А.Байтұрсынұлы - «оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы рухани көсемі…»
4) Ұлы ғалым тіліміздің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін қалыптастырып шығарды.
5) Ахметтің әдістемелік ой - пікірлері өте маңызды.
Отан   15.10.2010 16:57
а) Ахмет Байтұрсынұлының есімі қазақ тарихында немен байланысты?
ә) Оның бала оқыту туралы қандай пікірлері бар?
б) Ұлы ғалымның қазақ әліппесін жасаудағы еңбегі туралы не айта аласыз?
в) А.Байтұрсынұлы тағы қандай істермен айналысты?
г) М.Әуезов Ахаң туралы не деді?
Отан   15.10.2010 16:56
1. Ахмет Байтұрсынұлын неге қазақ тіл білімінің атасы дейді?
2. Ахмет Байтұрсынұлының қандай еңбектерін білесіз?
3. Сіз ұлы ғалымды қай қырынан көбірек танисыз?
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход