Menu
Абай жолы
«Абай жолы» - М.Әуезовтің бас кітабы. Ол өзінің осынау ұлы шығармасын жазып үлгіріп кетті. Оның суреткер ретіндегі бақыты да осында еді.

«Абай» романының бірінші кітабы 1942 жылы, екінші кітабы 1947 жылы жарыққа шыққан. Қалың оқырман құлшына қабылдады. 1949 жылы Диологияға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ұлы ақын және оның халқы туралы тарихи романдар топтамын одан әрі жалғастырған «Абай жолы» да екі кітап – диология: бірінші кітабы 1952 жылы, екінші кітабы 1956 жылы басылып шықты. Абай жолы – халық жолы. Абай туралы романдар – Абайдың ел-жұрты, қоғамдық ортасы, әлеуметтік қоршауы, дәуірі һәм заманы туралы романдар.

«Абай жолы» деген кітап - өзара тұтасқан төрт том 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. Бұл – қазақ мәдениетінің тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға.

«Абай жолының» бас кейіпкері – Абай. “Романның бірінші кітабында балғын жас шәкірт Абаймен жарысып ауылға қайтсақ, ақырғы кітабында алпысты алқымдатып қайтыс болған ел ағасы – ақын Абайдың жаназасына қатысамыз. Сонда елу жылдай өмірдің айғағы боламыз. Жарты ғасыр өмір!” (М.Қаратаев).

Абайдың адам, адамзат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің барлық ойы-қыры, қия-қалтарысымен өріле суреттеледі. Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық тіршілігін, оның көп бұралаң тағдырын, ой-арманын, мақсат-мүддесін, күрес-тартысын бәр-бәрін түгел шарлап өтеміз. «Халық» дегенде, бұл ұғымның негізінде ұлттың әдет-ғұрпы емес, ұлттың рухы жататыны сөзсіз.

«Абай жолында» біздің дәуірге дейінгі қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы ғана емес, күллі ұлттық рухы сайрап тұр. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өмірінің бұл төрт кітаптан тыс қалған бір де бір қалтарысы жоқ. «Абай жолының» мазмұн жағынан алғанда жалпы жұрт мойындаған энциклопедиялық сипаты, жанр жағынан алғанда қазақтың тұңғыш эпопеясы екендігі де осында жатыр.

Бірінші кітаптың басында Абай қаладан далаға келе жатады, асығып, алып-ұшып, аулын сағынып келе жатады, ал шығарманың соңында даладан қалаға кетіп бара жатады, қарама-қарсылыққа, қайшылыққа толы өз ауылынан өзі безіп, түңіліп, қашып бара жатқандай.

Алғашқы кітапта адам, азамат ретінде қалыптасқан Абай кейінгі кітаптарда ақын, қайраткер ретінде қилы-қилы әрекеттерге көшеді. Абай – кең құлашты, мол тынысты эпикалық образ.

Эпопеяның басында Абай өзін қоршаған дүниеге кіршіксіз сәби сезіммен, кінәсіз бала көзімен қарайды. Семей қаласынан Шыңғыс баурайындағы ауылына қайтып келе жатып, өзі туған өлкені жанжүректен «жабыса, сағына сүйеді». Бұл кең жазирада мейірбандық пен туысқандықтан басқа, елдік пен ерліктен өзге оғаш мінез бар деп ойламайды, қанішер, қаталдық, жауыз жендеттік болады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейді. Аяулы ғашығы Тоғжанға қосыла алмай, тағы да әке шешімімен өзі сүймеген Ділдаға үйленуі-осылардың бәрі Абайдың о бастағы мөлдір тұнығын сел басқандай лайлай береді. Құнанбай болса, Абайдан өзіне ізбасар дайындамақ. Сол оймен ол баласын әр іске бір салып, өз қарамағындағы рубасыларға жұмсап, сынап та көрді. Тумысынан зерек, қабілетті, өнерлі жігіт оттай жанып, шоқтай маздап, әке сынынан сүрінбей өтеді. Барған ауылдарында Абай туралы ұнамды ұғым, жақсы атақ, кейде тіпті бірқыдыру аңыз қалып отырады. Тоғжанның махаббаты тұңғыш рет Абай Сүйіндік үйіне барғанда – жас қонақ пен әкесінің әңгіме-мәслихатының үстінде тұтанғандай. Бірінші кітапта Абай осылайша азамат ретінде қалыптасса, екінші кітапта былай қарай енді өнер адамы, ақын Абай шын мәніндегі азамат-ақын көрінеді. Ендігі өмір Абай ақындығының қайнар-бұлағына айналады. Абай ақындығының арғы тамыры өзінің туған топырағындағы төл әдебиетте, халық өнерінде, өзін сәби кезінен қиял ғажайып ертегілерімен әлдилеген Зере-әжеде, мұңшыл жырау Барласта, сыншыл жыршы Шөжеде жатса, бергі бұтағы мен жасыл жапырағы орыс әдебиетінде – Михайлов секілді орыс достары арқылы қолы жеткен Пушкинде, Лермонтовта жатыр.

Абай өз заманындағы келеңсіздікті, өз ортасындағы әділетсіздікті, феодализмнің тоңмойындығын сынаушы болса, кейінгі кітаптарда ол шеңберден шығып енді күллі кертартпа Шығыстың келеңсіздігін сынап, әшкерелеуші дәрежесіне көтеріледі.

«Абай жолын» оқыған адам өмірдің өнерге айналған академиясынан өткендей болады.

12.07.2010 16:25 Қазақ тілі Артем 9024 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход