Menu
Қазақ баспасөзінің бастауы
XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болып, XX ғасырда қоғамда үлкен рөл атқарған “Түркістан уалаяты” газеті қазақ баспасөзінің бастауы болып табылады. Газет 1870-1882 жылдары шығып тұрған.

Кез келген деректер сияқты, бұл газет белгілі бір уақыт пен кеңістікте, белгілі бір әлеуметтік топтардың не таптардың сұранысына, қажеттігіне сай дүниеге келді. Сондықтан бұл газет сол уақытты, сол өзі пайда болған ортаны бейнелейді. Бүгінгі күні бағалы тарихи дерек көзі болғанымен, кезінде патша өкіметінің саясатын жүргізу қаруы болған.

“Түркістан уалаяты” газеті алғашында айына төрт рет, екі нөмірі қазақша, екі нөмірі өзбекше шығып тұрған. Газеттің бағыты үкімет пен әкімшіліктің Түркістан өлкесіне қатысы бар жарлықтарын тарату, өлкені жан-жақты танып-білу, маңызды ғылыми мақалалар жариялау болды. Бірақ бұл бағдарлама кейін кеңейтіліп, газеттің бейресми бөлімінде жергілікті халықтардың әдебиеті мен мәдениеті, тарихы, экономикалық жағдайы туралы мәліметтер жарияланып тұрған.

Патша өкіметі тарапынан қазақ тілінде шығарылған келесі және соңғы ресми газет “Дала уалаятының газеті” болды. Ол Омбы қаласында, 1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін шығып тұрды.

“Дала уалаятының газеті” ресми бөлімінде патша, әкімшілік басқару істері жарияланып отырды. Ал бейресми бөлімінде көбінесе көпшілікке пайдалы, ғылым-білімге қатынасы бар мақалалар басылып тұрды.

“Дала уалаятының газеті” жергілікті басқа газеттерден гөрі қазақ тұрмысын, оның шаруашылық жағдайларын, мәдени тіршілігін біршама жазып тұрған газет болды. Газет негізінде әкімшілік орындардың ресми органы бола тұрса да, халықты өнер-білімге, мәдениетке шақыруда едәуір рөл атқарды, қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына зор ықпал жасады. Оның бетінде қоғамдық-публицистикалық, ресми іс қағаздары стильдері қалыптасты.

“Дала уалаятының газетінде” басылған шығармаларда қазақ өмірінің барлық күрделі құбылыстары мен оқиғалары толық қамтылмаса да, қазақ халқының тарихында болған ұлы өзгерістер, халық өмірінің жеке-жеке суреттері алғаш баспасөз бетіне түсіп, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің негізін қаласуға көмектесті.

Бұл басылған шығармалардың ішінен қазақтың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ауыз әдебиетінің, шығыс, орыс әдебиетінің нұсқаларын көреміз. (Ж.Нұсқабайұлы, Қ.Аллаберген. “Көне басылымдар. Құнды деректер Аяулы есімдер”, А., 1997, 21-24 б.б.)

12.07.2010 16:04 Қазақ тілі Артем 3791 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход