Отанымыздың білім беру жүйесіндегі ізденістері мен бастамалары әлемдік білім кеңістігіндегі ықпалдастықты арттыру мен сапаны көтеруге бағытталған. Білім беру нормаларын өзара мақұлдау жөніндегі Лиссабон конвенциясын, жоғары білім саласы мен құрылымындағы бірізділікке қатысты Сорбон декларациясын қолдап, белсенді араласуға талпыныс жасаған мемлекеттердің арасында Қазақстан алғашқылардың қатарында тұр. Еліміздің Болон процесіне қосылуы отандық білімнің жаңа талаптары мен республиканың саяси-экономикалық таңдауына толық жауап береді. Бұл – білім сапасы мен бәсекелестік мүмкіндігін көтеру мақсатында істеліп жатқан қадам.
Европа мемлекеттері қолдап, бүгінде Ресей де қосылып ықлас білдіріп отырған Болон декларациясының негізгі қағидалары қандай, кредиттік технология деген не, оның қандай артықшылығы бар?
Біріншіден, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында және халықаралық бәсекелестік жағдайында Европа білімінің беделін көтеру үшін біртұтас білім мен ғылым мәртебесін қабылдау;
екіншіден, білімнің бакалавр, магистратура, докторантураға негізделген үш сатысын бекіту;
үшіншіден, оқу процесін ұйымдастыру мен білім үлгерімінің қорытындысын бағалау бойынша еуропалық кредиттік жүйені енгізу;
төртіншіден, Еуропа елдері мен университеттері арасында профессорлар мен студенттердің алмасуын өрістету;
бесіншіден, оқу үрдісін Еуропалық сапа деңгейіне көтеру;
алтыншыдан, жоғары оқу орындарында халықаралық аттестаттау мен аккредиттеуді жандандыру.
Болон процесінің қағидалары сонымен қатар білім бағдарламасының салыстырмалылығы мәселесін шешетін және академиялық ұтқырлықтың кеңеюіне көмектесетін сынақтың бірліктер жүйесін дайындау мен қолдануға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы студенттердің оқыту процесін ұйымдастырудың осындай бір формасы белгілі мерзімде бір жоғары оқу орнындағы студенттің басқа жоғары оқу орнындағы оқуын заңды түрде бекіту болып табылады.