Әл-Фараби заманында бүкіл Орта Азия мен Түркістан Араб халифатының ықпалында болған. Соған байланысты қала халқы сауда-саттық мәселесінде ислам қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Соның ішінде рухани, ғылыми тіл араб тілі болған. Сондықтан осы қалада сауат ашып, осы қалада білімге, ғылымға деген құмарлығы оянған әл-Фарабидің осы үш тілді жетік білуі заңдылық еді. Ол кейін білім-ғылым іздеп, көп жерді аралайды. Ақыры сол кезде әлемнің ғылым дүниесінің орталығы болған Бағдадқа келіп, сонда тұрақтап қалады. Сол кездің ғалымдарымен кездесіп, солармен сырлас болды. Грек, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренеді.
Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырады. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Сол еңбектерді ғылым салаларына қарай бөлетін болсақ, олар мынадай: астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия-риторика, философия болып келеді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай Қазақстан ғалымдары да ұлы ұстаздың бай мұрасын жинап, зерттеп тануға өз үлестерін қоса бастады. Қазір Қазақстан Ғылым Академиясының кітапханасында әл-Фарабидің елу шақты еңбегі бар. Қазақстанның Ирандағы алғашқы Төтенше және Өкілетті елшісі болған ғалым Мырзатай Жолдасбеков тауып әкеліп, Алматыдағы әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің кітапханасына тапсырған әл-Фарабидің қолжазбалары өз алдына бір пара қазына.
Өмірінің соңына қарай әл-Фараби Мысыр, Шам, Хамб қалаларында болып, ақырында Шам шаһарына келіп, сонда тұрақтайды. Осында қайтыс болады.
Әл-Фараби ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Олардың ішінен, ең алдымен, Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) есімін атауға болады. Кейінгі кездегі шығыс ғалымдары оларды бөліп жармай “Қос Фараби” деп те атайды.