Menu
Денсаулықтың даму тарихы
Денсаулықты сақтау жөніндегі көптеген мәліметтер бізге Шығыстың, Мысырдың, Қытайдың, Гректің, Тибеттің, Израилдың, Ливанның ежелгі қолжазбалары (папирустар) арқылы жетті. Бұл қолжазбаларда Ежелгі Шығыстың хан сарайындағы емшілер сол ханның денсаулығы болған күндеріне ғана ақы алғандығы туралы қызық фактілер сақталған. Сол ежелгі кездерде-ақ емдік шөптер қолданылып, тұратын жерді, ішетін суды қорғаудың гигиеналық ережелері, өлген адамдарды дұрыс жерлеудің ережелері құрылған.

Ежелгі кездің Гиппократ, Аристотель, Ибн Сина (Авиценна), Корнелий Цельс, Әл-Фараби сияқты ғалым-философтары денсаулық сақтаудың тәсілдерін зерттеген. Ибн Сина дұрыс тамақтанудың пайдасы туралы:
« Тағам – денсаулықтың дұрыс болуының кепілі.
Тәбетсіз ішкен нәрсенің қорытылуы да қиын болар » - деп жазған.

Гиппократ ( б.э.д. 460-377 жж.) әлемге «медицина атасы» ретінде белгілі. Ол ең алғашқылардың бірі болып организмнің құрылысы мен функциясын (қызметін) зерттей бастады, аурулардың туындау себептерін ашып, ауруларды емдеу туралы жазды. Гиппократ жаттығу жасау, дене шынықтыру қажеттігі туралы көп айтты. Әрбір адам өзінің жұмыс қабілетін, денсаулығын, толыққанды және қызықты өмірін сақтап қалғысы келетін болса, онда бұл дағдылар күнделікті үйреншікті ісіне айналуы тиіс деп есептеді.

Аристотель – (б.э.д. 384-322 жж.) ежелгі кездің ұлы дарындылардың бірі. Ол «денсаулық» және «ауру» ұғымдарына анықтама беруге талпыныс жасады.

Әл-Фараби медицинаны тек ауруларды емдеу туралы ғана емес, денсаулықты сақтау туралы да ғылым деп есептеді. Ол денсаулықты нығайту тәсілдерін зерттеп, көптеген аурулардың емі туралы жазды.

Авиценна ( 980-1037 жж.) Бұхара қаласында дүниеге келді және сонда оқыды. Кейіннен Иранда билеушінің дәрігері болып жұмыс істеді. Оның «Емделу кітабы» және «Дәрігерлік ғылым негіздері» атты еңбектері көптеген тілдерге аударылған және күні бүгінге дейін басылып шығарылуда.

Рим дәрігері Авл Корнелий Цельс «Медицана туралы» деген үлкен еңбек жариялады, ол көптеген тілдерге аударылып, бірнеше рет басылып шыққан. «Еңбектенбеу кәріліктің келуін тездетеді, еңбек болса, біздің жастығымызды ұзартады. Суық су айықтырады, ауруды алдын -алуға көмектеседі, денені нығайтып, рух сергектігін сақтайды... Жаттығу ретінде доп ойнау, жүгіру, серуендеуге де болады... » деп жазды К.Цельс.

Итальяндық дәрігер әрі жазушы А.Де Вилланов (б.э.д. 1311-1235 жж.) соңына «Салерндік денсаулық кодексін» қалдырған, онда ол IX-X ғасырлардағы салерндік мектептің салауатты өмір сүруінің басты ережелерін негіздеп берді.

ХVI-XVIII ғасырларда Луи Пастер, Роберт Кох қауіпті-сібір жарасы, тырысқақ (холера), туберкулез ауруларын тудырғыш микробтар ашты. Олар жұқпалы ауруларға қарсы күресудің әдістерін ойлап тапты және қолданды.

XVI ғасырда Қазақстанда Жәнібек ханның тапсырмасы бойынша «Шипагерлік баян» атты кітап жазылды. Оның авторы халық емшісі Тілеуқабыл Өтейбойдақұлы болды. Кітапта көптеген ауруларды емдеу тәсілдері, организмді сауықтыру, шынығу, дене тазалығын сақтау және басқа көптеген денсаулықты сақтауға арналған нұсқаулар жазылған.

Денсаулық жайлы ілімнің дамуына қазақстандық ғалымдар да үлкен үлес қосты. Көрнекті ғалым Халел Досмұхамедов гигиена, денсаулықты сақтау туралы балаларға арнап кітаптар жазды. Қазақстанда Х.Қ.Сәтпаев, Л.З.Тель, А.А.Ақанов, Т.К.Мұстафина, Ш.Ж.Жанәділов, А.Әділханов, Н.Иманғалиев сияқты ғалымдар салауаттануды дамытуды жалғастыруда. Олар салауатты өмір салтын ұстануға, организмді шынықтыруға, дене жаттығуларына, гигиена ережелерін сақтауға және түрлі аурулардың алдын - алуға үлкен мән береді.

12.07.2010 11:32 Қазақ тілі Артем 8425 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход