Menu
Ел аузындағы екі сөз
Жетек деген көрегенге жолыққан шұбартаулық ақылгөй Байқотан:

– Қияннан асқан бар ма, арқардың ізін басқан бар ма. Ұлытауға шыққан бар ма, ұлардың үнін ұққан бар ма? – соны іздеп келемін депті.

Сонда Жетек:

– Е, сенің іздегенің менің іздегенімнен де қиын екен. Мен адам – адам болса екен, ардан безбесе екен, намыстан қашпаса екен, ерлікке бастаса екен, елдің шырқын бұзбаса екен, ел басшысыз болмаса екен, жер жаңбырсыз болмсаса екен, сөз тыңдаусыз болмаса екен деп, соны іздеп барам. Бұрынғылар айтқан екен, дүниеде үш орны толмас жетім бар: “Ел басшысыз болса, жер жаңбырсыз болса, сөз тыңдаусыз болса жетім” деп. Менің бара жатқаным да сол, – депті.

٭٭٭

Бөлтіріктің қартайған шағында ақыл сұрай келген бір жас жігіт:

– Ақ ата (Бөлтірікті жұрты осылай атаған), бақ кімге қонады? Бала ыстық па, байлық ыстық па? – дейді. Сонда Бөлтірік:

– Қарағым, байлық – қолға ұстаған мұзың емес пе, бақ – ол да ұшқан бір құсың емес пе, бала артта қалған ізің емес пе?! Бәрінен жолдас-жораңмен, ағайын-туысыңмен, ел-жұртыңмен сіз-біз деп өмір сүргенге не жетсін. Осыларға жүрегің жылы болса, қайғың – күл, қуанышың – от! – дейді.

12.07.2010 15:42 Қазақ тілі Артем 2748 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход