Menu
ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЙҰЛЫ
XIX ғасырдың 67-жылының шамасы. Үлкен өзен бойындағы Мұқыр форпосында тұратын И.Ф.Бородин деген қазақ-орыстың үйі. Қонақжай Бородин үйіне біраз кісі жинапты. Көпшіліктің көбірек бас шұлғып, қошемет көрсететіні – европаша жарасымды киінген орыс адамы. Сірә бұл “мәртебелі мырзаның” бірі болса керек. Бірақ оның назары өзіне құрмет көрсеткендерге емес, қайта мұның керісінше оң жақ жеңін шынтағына дейін түріп алып қолындағы салақұлаш қоңыр домбыраны “адамша сөйлеткен”, жұпыны ғана, жарасымды киінген күйшіде. Күйшінің орындаушылық құдіретіне, шеберлігіне танданбасқа болмайды. Оның салалы саусақтары домбыраның сағағына келгенде астыңғы ішекпен үстіңгі ішекті қоса басып, төрт-бес пернені түгел қамтиды. Ал оң қолы домбыра ішегін бірде іле қағып, бірде сыпыра қағып кеткенде көз ілеспейді.

Сыйлы қонақ күйшіден көз алар емес. Ол кейде күй ырғағымен теңселіп кеткенін өзі де байқамай қалады, енді бірде күйшінің тілмен айтып жеткізе алмас өнеріне таңданып, “мұндай да керемет болады екен-ау” дегендей басын шайқайды. Ал үй иесі Бородин болса жасынан қазақ арасында өскен соң қазақтың тілін ғана біліп қоймай, домбырасын да үйренген. Өзі де домбыраны бірсыдырғы жақсы тартушы еді. Ал қазір, күйші құдіретін қызықтап, қазақ дәстүрімен “Уай пәле! Ой мың жаса!” – деп қошеметтеп қояды. Күйші кезекті бір шығарманы аяқтап бітті де, жан қалтасынан бет орамалын алып терін сүртті. Ал үй ішіндігілер жан-жақтан шуласып, оған ұзақ қол соқты.

Бородиннің үйіндегі сыйлы қонақ – атақты кобзарь Тарас Григорьевич Шевченконың досы, орыстың белгілі журналисі және саяхатшы Н.Савичев еді де, күйші – қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы болатын.

Кедей шаруа отбасында туған Құрманғазы жасынан домбыраға әуес болады. Ол ұзақ күйшіден ілім алып, орындаушылық шеберлігін шыңдайды. Есейген шағында домбырашылық, күйшілік өнерін кәсіби дәрежеге жеткізіп, атақты күйші ретінде есімі бүкіл қазақ даласына тарайды.

Құрманғазының бүкіл өмірі әділетсіздікке қарсы күреспен өтеді. Оның кедейді, әлсізді жақтағаны, қара қылды қақ жарған турашылдығы би-болыстарға ұнамай, сан рет түрмеге де қамалады.

Қазақтың аспаптық мұзыкасының атасы саналатын Құрманғазы сан рет қуғын-сүргінге түссе де, әлеуметтік әділетсіздікке, би-болыстардың, шынжыр балық шұбар төс феодалдардың зорлық-зомбылығына қарсы күрес жүргізіп, тамаша күйлерін шығарды. Күрескер халық композиторларының азат өмірді аңсаған асыл арманы, әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа мойын бұрмайтыны тасқа таңба басқандай ап-айқын сезіліп тұрады. Құрманғазы күйлерінің “Түрмеден қашқан”, “Кісен ашқан”, “Көбік шашқан”, “Аман бол, шешем, аман бол” деп аталуының өзі оның күреске толы өмірін айтпай-ақ танытқандай.

Бірде Құрманғазының замандастары:

– Мына бір тамаша күйіңізді неліктен “Кішкентай” деп атадыңыз? Бұл “Кішкентай” деуге келмейтін, күйлеріңіздің ішіндегі шоқтығы биік дүние ғой, - дегенде, Құрманғазы күрсіне отырып: – Несін жасырайын, бұл күйді мен Исатай мен Махамбетке арнаған едім. Ал Исатай мен Махамбет кім, мен кім. Олар халқының қамын ойлаған биік шың, асқар тау, ал мен кішкентай ғана төбешік емеспін бе. Сондықтан да мен сияқты кішкентай ғана адамның Исатай, Махамбет сияқты алыптарға арнаған күйі болған соң оның атын “Кішкентай” қойдым, – деп жауап беріпті.

– Бұл күнде күй нөсерінің дауылпазындай асқақ естілетін Құрманғазы есімін, оның кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасын халық асқан құрмет тұтады. Қазақтың Мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінің, Қазақ Мемлекеттік консерваториясының Құрманғазы есімімен аталуы да сондықтан.

12.07.2010 15:16 Қазақ тілі Артем 5395 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход