Түркістан
Түркістан, Иасы-Қазақстан Республикасындағы қала, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының орталығы. Сырдарияның оң жақ жағалауында, Қаратау жотасының етегінде орналасқан. Қаланың іргетасы б.з. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Археологтар Түркістан қаласының тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп отыр. Түркістан қаласының айналасындағы тас дәуірі ескерткіштері – Шоқтас, Қосқорған бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді. Б.з.б. 2-мыңжылдықтан бастап Түркістан қаласы төңірегінде Қазақстанның басқа да өңіріндегідей Андронов мәдениетін жасаушылар тұрған. Түркістанның ежелгі аты – Иасы. Археологтар ертедегі Иасының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәлелдеп отыр. VІІ-ХІІ ғасырларда Түркістан төңірегі Шауғар өңірі атанған. Бұл өңір Түрік қағанатына қарады. ІХ ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Бұл өңірге 809-19 жылдар аралығында Хорасан билеушісі әл-Манун, Х ғасырдың соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жорықтар жасаған. ХІІ ғасырдың бірінші ширегінде қидандар шабуылының Шауғар құлағаннан кейін, Иасы өлкенің орталығына айналды. Қожа Ахмет Иассауи осында келіп қоныс тепкен кезде атақ даңққа бөленді. Қожа Ахмет Иассауи қайтыс болған кезде оның қабірі басында мазар тұрғызылды. Ол қасиетті орын деген атқа ие болды. Қаланың Ұлы Жібек жолының бойында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияның аралығында болуы адамдардың мазарға тәуәп етуі, сауданың қызу жүруі елді мекеннің өркендеуіне ықпал етті. ХV-ХVІІ ғасырларда зираттың төңірегінде ақсүйектер күмбездері салынып, олардың ішінде Рабиға сұлтан Бегім (ХV ғ.), Есім хан (ХVІІ ғ.) күмбездері ерекше маңызды болды. Түркістан Есім ханнан бастап Қазақ хандығының орталығы болды. Сол кезден бастап Иасы қаласы Түркістан деп атала бастады. ХVІІІ ғасырда жоңғар шапқыншылықтары қаланы құлдыратып жіберді. 1819-1864 жылдары Түркістан Қоқан хандығының қол астына қарады. 1864 жылы 11 маусымда Түркістанды Ресей әскерлері жаулап алды. 1903 жылы Түркістанда темір жол вокзалы салынды. 1918 жылы 6-9 қаңтар аралығында Түркістанда Сырдария облысы қазақтарының құрылтайы өтті. Құрылтайда Сырдария облысының Алаш автономиясына қосылған жағдайда Түркістан қаласы Алаш астанасы болады деген шешім қабылданды. Түркістан қаласы 1928 жылдан Түркістан ауданының әкімшілік орталығы. Түркістанда орта білім беретін мектептерден басқа арнаулы білім беретін оқу орындары бар. 1991 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті негізі қаланып, қазіргі кезде еліміздегі жетекші білім беру ордасына айналды. Юнеско шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтілді.