Menu
Ислам
Ислам (араб мойынсұну, амандық, татулық), ислам діні – дүние жүзінде кең таралған төрт ірі әлемдік діндердің бірі. Мұсылмандар (И.дінін ұстанушылар) ұғымында бұл дін құдай тарапынан ең алғашқы адамнан ең соңғы адамға дейінгі барлық адамзат баласына және барлық заманға жіберілген ең соңғы өсиет болып саналады. Ислам дінінің негізгі қағидасы – жаратушының жалғыздығына қалтқысыз сену. Ислам дініндегі ең маңызды ғибадаттар:

Алладан басқа құдайдың жоқтығына, Мұхаммедтің оның елшісі екендігіне сену, Құран Кәрімді оқу және түсіну, намаз оқу, дұға ету, Рамазан айында ораза ұстау, зекет беру. Меккеге қажылыққа бару, ізгілік амалдар істеу, ғылыммен шұғылдану, адал жолмен ризық табу. Исламда адамдардың нәсілі, тілі, әлеуметтік мәртебесі, шыққан тегіне артықшылық берілмейді, барлық адамдар тең дәрежелі, үстемдік тек имандылықта, рухани қасиеттерде, тақуада, яғни Алланың өсиеттерін шын ниетпен орындап, тыйым салған әдеттерден аулақ болып, кәміл мұсылман болуда. Мұсылмандар қауымында адамдардың бір-бірімен әлеуметтік және мүліктік (экономикалық) қарым-қатынастары, пәни дүниеде өмір сүру ережелері Ислам құқығында белгіленген. Ислам құқығы “фикһ” немесе “шариат” (қазақ тілінде шариғат болып та айтылады) деп аталады. Шариат мұсылмандық парыздарды, қылмыстық құқықты, экономикалық құқықты, жеке адам құқықтарын, азаматтық қатынастарды, мемлекеттік құқықты, т.б. қамтиды. Исламда әркім өзінің күнәсі мен қылмысына ғана жауап береді. Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбардан кейінгі дәуірлерде мұсылмандар арасындағы саясат, құқық, сенім мәселелеріне байланысты бір-бірінен өзгешелеу көзқарастар ұстанған ағымдар мен мектептер пайда болды (Ислам мазһабтары). Бұл мазһабтар діннің өзегі болып табылатын маңызды мәселелер бойынша емес, екінші дәрежедегі мәселелер бойынша қалыптасқан, яғни, Ислам дінінде негізгі бес шарты – ғибадаттардың парыздылығы сияқты басты мәселелер бойынша дау-дамай жоқ. Ислам дінін қабылдаған көптеген мұсылман мемлекеттерінен атақты ғұламалар өсіп шығып, олар мәдениет пен түрлі ғылым салаларында әлемге әйгілі еңбектер жазып қалдырды. Сонымен қатар өзіндік қайталанбас ерекшеліктерге ие ислам мәдениеті мен ислам өркениеті қалыптасты. Бүгінгі күндері Ислам діні жер шарының барлық құрлықтарына таралған. Әлемнің әр қиырындағы мұсылмандар қауымдастығының өзара байланысы Ислам дүниесі Лигасы, Ислам конференциясы ұйымы, т.б. халықаралық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.

14.10.2010 23:39 Қазақ тілі Артем 3138 5
досжан   19.10.2010 10:52
ислам дініне коз қарасым жақсы ислам дінмен жүру керек
Отан   16.10.2010 13:41
Европадағы ең үлкен мұсылман мекемесі боп табылатын Лондон Ислам орталығын Меккедегі қасиетті әл-Харам мешітінің имамы шейх Абдурахман әс-Судейс ашты.

Жаңа орталық Лондондағы Шығыс мешітке жақын орналасқан. Мұнда Ұлыбританияда өмір сүретін екі миллиондық мұсылман қауымына біраз қызмет түрлері көрсетіледі. Ислам орталығы бір мезгілде 10 мың Намазхан ғибадат жасай алатын зәулім мешіт пен кітапхана үйін, баспа мен баспасөз орталығын, сондай-ақ мұсылмандардың және әртүрлі сала мамандарының білімдерін жетілдіретін оқу орнын қамтиды.

Жаңа Ислам орталығының іске қосылуы болашақ Лондонның бет-бейнесін айқындайтын көп ұлтты және көп конфессиялы жалпы ортаны құруға стратегиялық үлес қосуына жол ашатын болады. Ислам орталығын құруға қарапайым лондондықтардың белсене ат салысуы күтпеген жағдай болды. Олар орталықтың құрылысына қажетті қаржының жартысына жуығын көтерді. Бұл ағылшындардың Исламға деген құрметінің күрт өсіп келе жатқанын айғақтаса керек.

Отан   16.10.2010 13:40
1) Ислам дініне көзқарасыңыз қандай?
2) Ислам мен мұсылман ұғымдарын салыстырыңыз. Екеуі бір нәрсе ме, әлде әр түрлі ұғымдар ма? Түсіндіріңіз.
3) Сіз өзіңізді мұсылманмын деп санайсыз ба? Неге?
4) Ислам дінінің басқа діндерден қандай айырмашылықтары мен ерекшеліктері бар деп ойлайсыз?
5) Қазақ қаламгерлерінің исламға, мұсылмандыққа көзқарастары қандай?
Отан   15.10.2010 17:13
Ислам араб тілінен аударғанда ... дегенді білдіреді.
1) мойынсұну 2) құрметтеу 3) сену

Ислам діні адамдарға жіберілген ең соңғы ... болып саналады.
1) аманат 2) өсиет 3) ұран

Ислам діні ... жалғыздығына сену керек дейді.
1) пайғамбардың 2) діннің 3) жаратушының

Ислам діні адал жолмен ... шақырады.
1) сенуге 2) оқуға 3) ризық табуға

Исамда адамдардың ... артықшылық берілмейді.
1) нәсіліне 2) мінезіне 3) ақылына

... дегеніміз шын мұсылман болу.
1) молда 2) тақуа 3) әулие

Ислам дінінің бес шарты бойынша ешқандай ... жоқ.
1) дау-дамай 2) ереже 3) заң

Отан   15.10.2010 17:13
1) Әлемге әйгілі қандай ірі діндерді білесіз?
2) Қазақстанда қандай діндер кеңінен тараған?
3) Ислам діні туралы не білесіз?
4) Өзіңіз қай дінді ұстанасыз?
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход