Menu
Корей халқының отбасылық әдет-ғұрыптары
Соңғы онжылдықта әлемнің басқа жерлерімен қатар Азияны да қамтыған үлкен өзгерістер көптеген корейліктердің өмір салтына әсерін тигізбей қоймады. Қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы жаңарту жаңа жағдайларға сәйкес халықтың әдет-ғұрыптары мен дәстүріне тың өзгерістер алып келді. Алайда, көпшіліктің пікірінше, әсем де биік үйлері, керемет жолдары және дамыған технологиясы бар Корея салауатты өмір салтына ұмтылып, әлі де болса конфуцийлік елдердің бірі ретінде қалып отыр.

Баяғы заманда Кореяда үлкен отбасылар көп болды, яғни отбасында бірнеше ұрпақтың өкілдері бірге тұратын. Олар тыныш өмір мен болашаққа деген нық сенімнің кепілдігі ретінде өмірге көп бала әкелетін. Соңғы жылдары халықтың қалаға жаппай қоныс аударуы жеке пәтерде тұратын жас отбасылардың санын көбейтті. Бұл құбылысты қалаларда көп пәтерлі үйлердің көбеюімен түсіндіруге болады.

Дәстүрлі корей үйінде жоғары билік отағасының қолында. Ал отбасының қалған мүшелері отағасының тілегі мен әмірін мүлтіксіз орындауға тиіс. Үлкенді тыңдау адам бойындағы ізгі қасиеттердің ең бастысы болып саналатын. Отағасы өз отбасын басқарып қана қоймай, оны асырап, мүддесін қорғауға да міндетті. Үлкендерге бағыну арқылы үйде тәртіп орнайды, яғни балалары – ата-анасына, әйелі-еріне, қызметшісі – иесіне бағынышты болады. Бұл көне дәстүрді корейліктер қадір тұтады, адамгершілік қағидаларына сәйкес үлкендерге бағынады. Кореяның кез-келген жерінен оның сенімді азаматтарының, сүйген ұлдары мен адал жарлардың құрметіне орнатылған көптеген ескерткіштерді көруге болады. Ұлының ата-анасына деген қошеметі жеке тұлғаны тәрбиелеу мен қалыптастыру жүйесінің негізі болып саналады. Ұлдың ізеттілігі бұл – дәстүрлі отбасылық психологияның айқын көрінісі, сондықтан да әкесі мен ұлының арасындағы қарым-қатынасқа аса үлкен мән берілген. Дәстүр бойынша, ұлдың ізеттілігі оның сөйлеген сөзінен де байқалып тұруы тиіс. Егер адам дұрыс сөйлей алмаса, оның қоғамда құрметке бөленуі де екіталай. Міне, үйде де, түзде де адамның жүріс-тұрысының осындай қатаң ережелері болған.

Иерархиялық қатынастар үстемдік құрған үйлерде отбасының жас мүшелеріне жасы үлкен туысқандардың көз алдында арақ ішуге және темекі тартуға тыйым салынған. Бұл тыйымды орындамаушылық мәдениетсіздік ретінде саналатын.

Бір отбасы мүшелерінің арасында шынайы бауырлық сезімге негізделген қарым-қатынас орнаған. Олар өздерінің жақын туыстығын терең сезініп, ынтымақтастық пен өзара қол ұшын беру дәстүрлерін қасиет тұтады.

14.10.2010 23:30 Қазақ тілі Артем 7281 4
Отан   15.10.2010 17:10
1) Қазақ және корей халықтарының отбасылық психологиясында қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?
2) Көп балалы отбасыларға көзқарасыңыз қандай? Сіздіңше, өмірге көп бала әкелу тыныш өмірдің кепілдігі бола ала ма?
3) Қазақстанның қазіргі демографиялық жағдайын қалай сипаттар едіңіз?
4) Дәстүрлі қазақ үйінде кім билік жүргізеді?
5) Қазақ отбасындағы ұлдың ізеттілігі туралы не айтар едіңіз?
6)Қазақтың отбасылық қатынастары туралы өз ойыңызды, көзқарасыңызды білдіріңіз.
Отан   15.10.2010 17:09
1) Дәстүрлі корей үйінде жоғары билік отағасының қолында.
2) Отбасының жас мүшелеріне жасы үлкен туыстарының көз алдында арақ ішуге және темекі тартуға тыйым салынған.
3) Қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы жаңарту жаңа жағдайларға сәйкес халықтың әдет-ғұрпы мен дәстүріне тың өзгерістер алып келді.
4) Дәстүр бойынша, ұлдың ізеттілігі оның сөйлеген сөзінен де байқалып тұруы тиіс.
5) Бір отбасы мүшелерінің арасында шынайы бауырлық сезімге негізделген қарым-қатынас орнаған.
Отан   15.10.2010 17:09
Әлемде болып жатқан үлкен өзгерістер Азияны да қамтыды .
1) тарады 2) өзгерді 3) басталды

Соңғы кездері халық жаппай қалаға қоныс аударуда .
1) ауысуда 2) көшуде 3) баруда

Корей отбасында отағасының әмірі міндетті түрде орындалады.
1) ақылы 2) ниеті 3) бұйрығы

Ұлдың ізеттілігі корей отбасында өте маңызды нәрсе болып табылады.
1) қошеметшілік 2) қарапайымдылық 3) саналылық

Үйде де, түзде де жүріс-тұрысқа қатты көңіл бөлінеді.
1) аулада 2) жұмыста 3) үйден тыс жерде

Отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы шынайы бауырлық сезімге негізделеді.
1) нағыз 2) жалған 3) ашық

Отан   15.10.2010 17:09
1) Отбасының қоғамдағы рөлі қандай?
2) Қазақ ұғымындағы отбасына түсініктеме беріңіз.
3) Қазақ халқының қандай отбасылық әдет-ғұрыптарын білесіз?
4)“Отан отбасынан басталады” дегенді қалай түсінесіз?
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
Регистрация Вход